"РЕФЕРЕНДУМ" НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?
Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйектегі мәлімдемесінде Мәскеу "референдумның қауіпсіз өтуі үшін бәрін істейтінін" айтып, Украинадағы соғыстың басты мақсаты – Донбассты азат ету деді. Киев болса Кремльдің бұл жоспарына жауап ретінде, Украина оккупацияланған жерін азат етуді жалғастыра беретінін, егер "референдум" өтетін болса Мәскеумен қандай да бір келіссөзден бас тартатынын мәлімдеді.
"Украинаның оккупацияланған жерінде псевдореферендум өткізу Кремльдің Киевпен және Батыспен келіссөздер өткізуін қиындатады. Мұның майдандағы қазіргі жағдайды қайтсем сақтап қалам деген тырысу амалы екені сөзсіз, себебі Ресей күшпен, әскери жолмен жаңа аймақтарды басып алу мүмкіндігінен айырылды деп ойлаймын" деді Украина болашақ институтының сарапшысы Игорь Попов Азаттықтың Орыс қызметіне.
Поповтың сөзінше, Мәскеу референдум жариялай отырып эскалацияға барып, басып алған жерлерді Ресей құрамына қосу үшін тезірек шешім қабылдауға дайын екенін көрсетіп отыр.
"Бірақ шекараның қалай анықталатыны белгісіз қалып отыр. Донецк, Луганск, Запорожье мен Херсон облыстарының Украина бақылауындағы жері де ескеріле ме, әлде ескерілмей ме?" дейді ол.
Ал украин әскери сарапшысы Сергей Грабский Украинаның төрт облысындағы "референдумдар" Украина армиясының қарсы шабуылын тоқтата алмайтынын айтады.
"Бұл "референдумдардың" еш мәні жоқ, себебі Ресей әскері бұл аудандарды толық бақыламайды. Әрине, қаласа, сондай іс-шара өткізе алады, бірақ Украина мен оның армиясы үшін ештеңе өзгермейді. Псевдореферендумнан кейін Мәскеу басып алған жерлерді Ресейге тиесілі деп жариялап, Киевтің реакциясына қоқан-лоқы көрсетеді десек, онда біз Мәскеу белгілеген "қызыл сызықтан" баяғыда өтіп кетіп, Қырымдағы әскери нысандарды шабуылдадық. Ресейдің реакциясы қандай болды? Ешқандай. Ал Қырым Ресей үшін Донбасс немесе Херсонға қарағанда маңыздырақ қой" деді ол.
Ал саясаттанушы Олеся Яхно Мәскеудің "референдум" арқылы саяси нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырғанын айтады.
"Мысалы, Украинаның басып алынған жерінің қайтарылуын қиындату. Бірақ Кремль оны жүзеге асыра алмайды. Псевдореферендум өткізбек болып отырған жерлерде 2014-2015 жылдары Ресейге іштарта қарайтын азаматтар бар еді, ал Ресей Украинаға басқыншылық жасағаннан кейін ондай иллюзия жоқ" деді Яхно.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей ішінара мобилизацияда 300 мың адамды әскерге шақырмақ. Путин Батысты ядролық қарумен қорқыттыЯДРОЛЫҚ СОҒЫС БОЛА МА?
Кремль "ішінара мобилизация" жариялай отырып, шабуыл мүмкіндіктерін арттырғысы келеді. Бірақ соғысқа қатысуға ықылас танытпаған азаматтарды мобилизациялау Ресейді көздеген мақсатына жеткізе қояры екіталай, сондықтан Кремльдің жалғыз амалы – ядролық қару қолданамын деп доқ көрсету болып отыр дейді сарапшылар.
Ресейдің әскери доктринасында ел еумағына шабуыл жасалған және мемлекетке қауіп төнген жағдайда ядролық және басқа да жойқын қару қолдануға болатыны жазылған.
"[Украина армиясының] Мәскеу Ресей құрамына қосқалы отырған Херсонға шабуылын ядролық қару қолдануға сылтау қылуға болмас. Бірақ Украинаға қарсы мұндай қаруды қолдану мүмкіндігінің өзі халықаралық аренадағы реакцияны айтарлықтай өзгертіп, Ресей соғыс ашқалы бейтарап болып келген Қытай, Үндістан секілді басқа да елдерге әсер етеді" дейді Игорь Попов.
АҚШ президенті Джо Байден CBS телеарнасына берген сұхбатында Путинге химиялық немесе тактикалық ядролық қару қолданбауын ескертті. Бірақ ол "Ресей ондай қадамға барса, АҚШ қалай жауап береді?" деген сұраққа ештеңе айтқан жоқ. Ал америкалық дипломат Курт Уолкер Ресей Украинаға қарсы ядролық қару қолданса, Батыс оған тікелей әскери жауап қайтарады деп топшылайды.
"Кремльдің ондай қадамына Батыс пен НАТО-ның жауабы қатаң болады. Батыс лидерлерінің тұспалдап айтқан сөзіне сенсек, [Ресейдің] Украинада ядролық қару қолдануы НАТО-ға мүше елдердің радиоактивті заттармен ластануына алып келеді. Бұл Солтүстік-атлантикалық одаққа шабуыл ретінде қабылданады. Яғни, Батыстың Ресейге шабуыл жасауына қолбайлау болмайды" деді Игорь Попов. Ол Ресей ядролық қару қолданған жағдайда Батыс алдымен ядролық қарумен емес, зымыран шабуылымен қарсы шығатын болар деген болжам айтады.
"Батыс саясаткерлерінің мәлімдемелеріне қарасақ, Ресей басшылығына Украинаға қарсы ядролық қару қолданған жағдайда Батыстың бірден жауап қайтаратыны ескертілген" дейді ол.
"ІШІНАРА МОБИЛИЗАЦИЯ" СОҒЫСҚА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Украинаның әскери сарапшысы Сергей Грабский Ресейдің әскери күші сарқылды деуге әлі ерте деп есептейді.
"Ішінара мобилизацияны есепке алмаған күннің өзінде, Ресейдің соғысқа еріктілер жасағын, сотталған адамдарды жіберіп жатқанын, аймақтық батальондар құрылғанын көріп отырмыз. Мұның бәрі жеңіл жаяу әскер саналады. Ресейдің ресурсы сарқылды деген қате пікір айтылып жүр. Өкінішке қарай, олай емес. Украина әскерінің қалай әрекет еткеніне қарасақ, сәуірдің екінші жартысында Ресей әскерінің шабуылын тоқтату үшін осындай жеңіл жаяу әскермен Донбасста уақыт ұттық. Қазір Ресей тарапы шамамен сондай алгоритммен әрекет етіп жатыр" деді Грабский.
Осылайша Ресей армиясы Украина әскерінің қозғалысын тоқтатуға тырысып, сол уақытта қарумен және әскери техникамен қамтылған әскери бөлімдер құрады дейді сарапшы.
Путин "ішінара мобилизация" жариялаған кезде Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскерге 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеген. "Пента" саяси зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Владимир Фесенко Путин Еуропаға сес көрсетіп отыр дейді.
"Ол бұл қадам Батыстың Киевті келіссөздерге көндіруіне әкелуі мүмкін деп ойлайды. Бірақ ақыр соңында Кремль Путинді қолдағанына қарамастан, Украинадағы соғысқа барғысы келмейтін азаматтарды қорқытады" дейді Фесенко.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Алла Пугачева Кремльге қарсы шықты. Ресейліктер мұны қалай қабылдады? "Өзім көргендердің бәрі Украина жеңетініне кәміл сенеді". Киевтегі қазақ журналисімен сұхбатЗерттеу: Мәскеу Тәжікстандағы базасынан Украинадағы соғысқа әскер жібергенУкраина қарымта шабуылды үдетті. Соғыстың бағыты өзгерді ме? Украина 20 елдімекеннен Ресей әскерін тықсырғанын хабарлады