"Төбеден дрон төнсе де". Қазақстандық студенттер соғысқа қарамай Ресейде оқығанды жөн көреді

Қазақстандық ЖОО-ға дейінгі дайындық орталықтары ресейлік оқу орындарына сұраныс өсіп келеді дейді. Ол жақта оқып жүрген студенттер мен ата-аналары қауіп-қатерге қарамастан Ресей университеттерінде қалатынын мәлімдеді. Неліктен?

Орал қаласының тұрғыны Елена Краснова (кейіпкердің өтінішімен аты-жөні өзгертілді) Ресей мен Украинадағы жағдайда жіті бақылап отырады. Себебі ұлы қазір Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы университтің екінші курсында оқып жатыр. Студент ресейлік оқу орнында техникалық білім алып жүр, бұл оның бала күнгі арманы. Оған түсуді Қазақстанда мектепте оқып жүрген кезде-ақ жоспарлап қойған.

– Ұлым соғыс басталмай тұрып, 2021 жылдың қарашасында оқуға түсті. Ақпанда, соғыс басталған уақытта ол жоғары оқу орнының студенті болды. Шынымды айтсам, мен оны [соғыс] аяқталады деп ойладым. Алғашында он шақты күнде, кейін бір айда тоқтайтын шығар дегенмін. Мұншалықты ұзаққа созылады деп ойламаппын, – дейді Елена Краснова.

Ресей Украинаға басып кіргенде Краснова қатты уайымдаған. Ал 2022 жылғы 21 қыркүйекте Ресейде "ішінара" мобилизация басталғанда уайымы қорқынышқа ұласқан. Ол уақытта ұлының университетте оқығанына бірнеше апта ғана болған еді. Әйел баласының қауіпсіздігіне алаңдағанын жасырмады.

– Ол кезде қатты қорықтым. Өйткені өзге елде жүр, бізге жететін ақпараттың рас-өтірігі белгісіз. Қорыққаным сонша, баламды алып қайтқым келді. Ондай ойым болған. Бірақ ұлым мобилизация да, соғыс болып жатқаны да сезілмейді деп, сабама түсірді, – деді Елена Краснова, баласы болып жатқан жағдайды "ата-анасына қарағанда әлдеқайда салқынқанды" қабылдағанын еске алып.

Егер Чехияға оқуға жіберуге мүмкіндігім болса, оқытар едім. Қазір шамамыз тек Ресейде оқытуға жетіп тұр

Әйел ұлын ресейлік оқу орнында бұрыннан оқытқысы келген және онысы "тек қана білім сапасына байланысты" дейді.

– Егер Чехияға оқуға жіберуге мүмкіндігім болса, оқытар едім. Дәл қазір шамамыз тек Ресейде білім алуға жетіп тұр, – деп қосты Елена.

Ол жастарды көшеден ұстап алып, әскери комиссариатқа алып кетіп жатқан кезде, ұлының Қазақстан паспортының арқасында ғана аман қалып жүргеніне сенімді. "Тек жағдай ушығып кетпесе игі", – деп, қорқынышын жасырмады.

"БІЛІМ САПАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ"

Алматыдағы жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының директоры Марина Сәбитова Азаттық тілшісімен әңгімеде коронавирус пандемиясы кезінде студенттердің бәрін қашықтан оқуға жібергенде болмаса, кейінгі жылдары ресейлік жоғары оқу орындарынан Қазақстанға "бірде-бір бала оралмағанын" айтты.

– Геосаяси жағдайға бола бірде-бір студент оралған жоқ. Мәскеуден, Жоғары экономика мектебінен, МФТИ-ден [Мәскеу физика-техникалық институты] келгендер болды, бірақ олар – МИСИ-дің жаңадан ашылған Алматыдағы филиарына оқуға түскендер. Ол бірінші жылы студент қабылдады, – дейді Марина Сәбитова.

Педагог Ресей университеттеріне оқуға түсуші саны азаймағанын, керісінше сұраныс өсіп жатқанын айтты. Айтуынша, мұның себебі, ең алдымен білім сапасына байланысты.

– Әсіресе, медицина. Бізде ешқандай балама жоқ. Асфендияровта [С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті] оқу ақысы жылына 1,6 миллион теңге болғанымен, ешқандай анатомиялық роботтар жоқ... яғни, қазіргі заманғы медициналық білім алуға жағдай жасалмаған. Дәрігер болғысы келетіндер төбесінен дрон төнсе де (Ресейге оқуға) кетеді, – деп мәлімдеді Марина Сабитова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы шенді-шекпенділер мен жақындары университеттерді қалай иеленді?

Ресейден білім алғысы келетіндер ІТ-мамандығын таңдағандар арасында да көп. Бұл жерде, Сәбитова атап өткендей, ол жақтан "табыс деңгейі жоғары дамыған елдерге" кетіп қалу жеңілірек болуы мүмкін.

Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім министрлігі "кейінгі бес жылда Ресейдегі шетелдік студенттер саны бойынша қазақстандықтар көш басында тұр" дейді. Пандемиядан кейінгі кезеңде ғана ондай адамдардың саны 70 мыңнан 59 мыңға азайған. Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, 2021-2022 оқу жылы ресейлік ЖОО-ларда 67 мың қазақстандық студент білім алса, қазір олардың саны 61 мыңнан сәл асады.

"Студент санының азаюына, негізінен, Ресей федерациясының Украинамен шекаралас қалаларындағы студенттердің басым бөлігін қашықтан оқу форматына немесе қазақстандық жоғары оқу орындарына ауыстыру себеп болған", – деп жауап берді министрлік Азаттықтың сұрағына.

ЖОО ТАҢДАУ ЖӘНЕ САЯСИ СЕЛСОҚТЫҚ

Қазақстандықтар неліктен соғысқа және бүкіл әлем мойындаған Болон білім беру жүйесінен шығып қалғанына қарамастан Ресейге оқуға баруды жөн көреді? PaperLab зерттеу орталығының әлеуметтанушысы Камила Ковязина мұның себебін қазақстандықтар "саяси селсоқ" деп түсіндірді.

– Әлеуметтік желілерге қарасақ, бүкіл Қазақстан Ресей мен Украина соғысын талқылап жатқандай көрінеді. Бірақ бұл жаңсақ пікір, талқылайтын тек ірі қалаларда тұратындар. Аймақтардың халқы, әсіресе, шекара маңындағылар, соның ішінде орыс тілінде сөйлейтіндер үшін Ресей білім алудағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл, негізінен, біздегі және ол жақтағы жоғары білімнің сапасы туралы түсінігімізге байланысты. Адамдар ол жақта білім сапасы жоғары деп есептейді. Оның үстіне, Ресейдің жоғары оқу орындары дайындық жұмыстарын белсенді жүргізеді, Қазақстанмен шекарадағы облыстарға барып, оқуға түсудің жолдарын түсіндіреді. Біздің оқу орындарымыз бұлай белсенді жұмыс істемейтінін көрген білім саласының мамандары көп жылдан бері осыны айтып жүр. Тағы бір жайт, ол жаққа кетіп жатқан жастар үшін – ЖОО тек бастама ғана. Олар, негізінен, Ресейде қалып қоюды жоспарлайды. Ал ондайларға Қазақстанда оқудың мәні жоқ.

Биыл "Демоскоп" қоғамдық пікір экспресс-мониторингі бюросы мен Paperlab зерттеу орталығы жүргізген сауалнамалар қазақстандықтардың 50 пайызға жуығы соғысқа мүлде назар аудармайтынын, ал 40 пайызы ара-тұра ғана бақылайтынын көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызға жуығы соғысып жатқан тараптардың ешқайсысына жақтаспайтын бейтарап ұстанымда, ал қазақстандықтардың 62 пайызы Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін деген болжамға сенбейді.

– Жастар әлем мойындамайтын Ресейдің білімін қайтеді деп ойландым. Сөйтсем, олардың көбі ақыры Ресейден әрі асып, ешқайда кетпейді екен. Демек олар оны баспалдақ деп есептемейді, – дейді Ковязина.

"ДИПЛОМ АЛСАМ МӘСКЕУДЕ ҚАЛАТЫН ШЫҒАРМЫН"

2023 жылдың наурызында Марғұлан Бекенов ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының қатарына түсіп, Украина майданынан бір-ақ шықты.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақ студенті "Вагнерге" "өз еркімен" қосылғанын айтады. Анасы ұлымды соғысқа күштеп әкетті дейді

23 жастағы Қазақстан азаматы Марғұлан Бекенов Томск университетінің студенті болатын. Анасы Альмира Бекенова ұлын соғысқа күштеп алып кеткеніне сенімді. Ұлының "мұндай қадамға өз еркімен барғанын" мойындаған бейнежазбасы тараса да, әйел өз пікірінен қайтпады.

"Алғашқыда наурыз айында оның Томскіде емес, Краснодар өлкесінде жүргеніне таңғалдық. Сүйген қызыма бардым дейді. Біз оның қызын танымаймыз. Анықтай келе, оны біреулер күштеп алып кетіп, "Вагнер" тобына қосып жібергенін білдік. Молькино қыстағына барып, ретін тауып онымен кездестім. Ол жақта бүкіл жерде әлгі вагнерліктердің плакаттары ілініп тұр екен. Ұлыммен дұрыстап сөйлесуге мүмкіндік бермеді, жағдайы мүшкіл, бірақ ешқандай шартқа қол қоймағанын растады", – дейді Альмира Бекенова.

Қазір Марғұлан Бекеновтың қайда екені белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Вагнер" "алып кеткен" Марғұлан Бекеновті үй іші әлі іздеп жатыр

Бекеновтің оқиғасынан жарты жыл бұрын Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ресейлік оқу орындарынан Қазақстанға 2500 студент оралды, қазір өз елінде білім алуды жалғастырып жатыр деп мәлімдеді. Министр студенттердің не себепті оралғанын ашып айтпады.

Азаттық министрлікке жазбаша сауал жолдап, қазақстандық студенттердің Ресейден елге оралуының қандай себептері болуы мүмкін деп сұраған. Бірақ министрліктен жауап ала алмадық.

Арманның (студенттің қауіпсіздігі үшін шын есімі өзгертілді) Мәскеу университетінде білім алып жатқанына бірнеше жыл болды. Азаматтық ұстанымын ашық білдіріп, Ресейдің Украинаға басып кіргеніне қарсы пікір айтып жүрген жігіт. Алайда онысы Ресейде жоғары білім алуына кедергі келтірмейді екен. Марғұлан Бекеновтың басындағы оқиға студенттердің көңіл-күйіне қатты әсер етті дейді Арман.

– Қорқыныш болды, бірақ қазір бәсеңдеген. Бәрінен бұрын мен Қазақстан Республикасының азаматының, өз адамымыздың проблемасынан "басын алып қашқан" біздің Сыртқы істер министрлігіне таңғалдым. Сыртқы істер министрлігінің міндеті осындай жағдайларды бақылауда ұстау емес пе? – дейді студент.

Ол соғыстың алғашқы күндерінде Қазақстанға оралғысы келгенін айтады. Ресейдің Украинаға басып кіргеннен кейін бір апта өткенде Арман елге ұшып келіп, Қазақстанда екі ай болған. Сол уақыттарда Ресейге қайтадан барғысы келмепті. "Отбасыма диплом алып келемін деген уәдем ғана тежеді", – дейді студент.

– Соғыс басталғанда үшінші курста оқып жүргем. Сондықтан оқуымды аяқтаймын деп ұйғардым. Өзі де аз қалған. Сөйтіп, оқуды жалғастырып, Мәскеуде диплом жұмысымды қорғайтын болдым, – дейді Арман.

Жас жігіт оқуды тәмамдаған соң Мәскеуде қалып қоюы мүмкін екенін айтты. Бірақ әзірге нақты шешім қабылдамаған.

"АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫ ОЙЫСЫП ЖАТЫР"

Қазақстанда Ресейге оқуға кімдер барып жатқаны жөнінде толық ресми статистика жоқ. Талапкерлердің жынысы мен ұлты да белгісіз. Бірақ сыртқы көші-қон туралы статистикаға қарасаңыз, негізінен, Ресейге кететін орыстар екенін көруге болады дейді әлеуметтанушы Ковязина.

– Көпшілігі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әртүрлі себептермен кете алмай қалғандардың баласы. Қазір олар балалары "тарихи" отанында өмір сүргенін қалайды, – дейді Камила Ковязина. – Шекара маңындағы аймақтарда үгіт-насихат өте күшті болып тұр. Аға буын өкілдері, әсіресе орысша сөйлейтіндер, Ресейді Совет Одағының құқықтық мұрагері санап, әлі күнге дейін өзін сол елмен байланыстырады. Олардың азаматтық ұстанымы солай қарай ойысып жатыр. Ресей спортын, Ресей мәдениетін "біздікі" деп қабылдап, Батыстыкіне қарсы қояды. Қолымда нақты бір дерек жоқ, бірақ былтыр Internews ұйымы Украинадағы соғысты халық қалай қабылдайтынын білу мақсатында зерттеу жүргізген. Сол кезде Қырғызстан мен Қазақстан тұрғындары Өзбекстан тұрғындарымен салыстырғанда көбірек алаңдайтыны анықталған. Оны өте көп ақпараттың ықпалы деп түсіндіруге болады.

Сарапшы Ресейдегі қазақстандық студенттер саны азаяды дегенге ешқандай себеп жоқ дейді. Алдағы уақытта қазақтар аз түсетін болар деген болжам ғана айтты.

– Біздегі кейбір жоғары оқу орындары белсенділік танытып, бәсекеге қабілетті бола бастаған. Мәселен, шетелдік оқу орындарымен бірлесіп, қос диплом бағдарламасын енгізіп жатыр. Көптеген ЖОО-да жас мамандар басшылыққа тағайындалды. Осы жағдайлар тек сапалы білім іздеушілердің бетін бері бұруы мүмкін, – деп сөзін қорытты Камила Ковязина.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Оккупацияланған Қырымға Қазақстан оқушыларын жіберген Россотрудничество туралы не белгілі?"Пропагандалық бюрошюра". Ресейлік жаңа тарих оқулығы балаларды соғысқа дайындайды"Мәскеуге ілтипат". Назарбаевтың "Болашағын" Тоқаев не үшін өзгертті?"Жеңіс диктанты". Соғысушы мемлекетке фашизмге қарсы күресі туралы акция өткізу жараса ма?Орта Азия елдеріне мектеп, оқулықтар мен мұғалім жетіспейді, Түркіменстанда оқушы аз