Accessibility links

Райхан Әлімбекова аурухана қызметкерлерінің салғырттығы жөнінде


- Менің сіңілім Көпешова Күнсұлу шілденің 8-інен 9-ына қараған түнгі сағат екіде толғағы қысып, дәрігерлік жедел жәрдем қызметіне телефон шалып шақырса, біз тұрып жатқан Алматының іргесіндегі Алғабас елді мекеніне жедел жәрдем келмейді. Содан сіңілімді такси жалдап Алматының Қалқаманындағы №1 аурухананың перзентханасына апарса, ондағылар «сен біздің ауданға қарайтын елді мекенде тұрмайсың» деп таңғы сағат 4-ке дейін қарамай қойған.

Сөйтіп отырғанда баланың туу мезгілі де жетіп, алайда, сәби екі аяқтың ортасында тұншығып өлген. Біз таңғы сағат 6-ға таман барсақ олар әлі күнге дейін сіңіліме не укол салмаған, не қарамаған, әйтеуір өзі туды, бала анасының ішінде өліп қалған, біз ештеңе білмейміз деп теріс қарап, барлық кінәні сіңілімнің өзіне аударып салып отыр. Ал бауырымның өзі де халі нашар, әл үстінде жатыр, оған дұрыс қарап жатқан ешкім жоқ.

Егер бала іште жатқанда өліп қалатын болса, онда ол тумайды ғой? Біздің мемлекетімізде тіпті шала туған баланың өзіне көмек беріп, қолдан жандандыратын аппараттар бар, бірақ мыналар сондайдың біреуін қолданбаған. Ұйқы керек болған оларға, жұмысын істегісі келмей ұйықтап жатқан олар менің сіңілімді апарған кезде.

Болашақта балаға босанатын біздегі жас аналардың қай-қайсы болса да осындай жағдайға кезігері анық. Қазір жас келіншектер босануға барса біздегі перзентханаларда оларды өздігінен босандырмайды, міндетті түрде операция жасап, ішті жарып алады баланы. Өйткені ондағыларға керегі - ақша! Тек ақша көрсетсең олардың ұйқысы да ашылады, орнынан тұрып көмек те көрсетеді. Ал егер ақша бермесең олар, көмек-жәрдем сұрағаныңа қарамай, тіпті сенімен сөйлеспей мелшиген қалпы тұра береді.

Бұл не деген масқара!? Не олар өздеріне ауру адам келген кезде ашық айтулары керек – маған бәленбай бересің, сонда мынаны істеймін, егер бермесең – келме деп.

Қазақстанда бала тумайды, халық саны өспейді деп айтып жатады. Егер дүниеге сәби әкелетін аналар мынадай жағдайға тап болып жатса, қайдан өссін? Осындай сорақылық бізде қашан бітеді?!
XS
SM
MD
LG