Accessibility links

Зейнеткерлер Назарбаевқа ЕҚЫҰ-ның өкілі арқылы петиция тапсырмақ болды


Зейнеткерлер ЕҚЫҰ кеңсесінің алдында. Алматы, 30қыркүйек, 2008жыл
Зейнеткерлер ЕҚЫҰ кеңсесінің алдында. Алматы, 30қыркүйек, 2008жыл

Олар бағаның өсуі мен кедейліктің қысып бара жатқанына наразылық білдіруде. Бұл жолы зейнеткерлер ЕҚЫҰ ның Алматыдағы кеңсесі алдына барды.

Аталған ұйым елшісі арқылы мемлекет басшысының атына әзірлеген кезекті үндеулерін тапсырмаққа әрекет жасады.

Зейнеткерлердің өздері мәлімдеп отырғандай, бұл олардың Қазақстан президентіне жолдап отырған 68-ші үндеуі екен.

Бұған дейінгі 67-і Назарбаевқа жетпеген болуы керек, егер ол үндеулер президент қолына тиген болса, елдегі әлеуметтік жағдай қазіргіден басқаша болар еді деген сенімде олар.


Бірақ та зейнеткерлердің халықаралық дәрежедегі шенеунікпен жүздесу үміті ақталмады. ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы елшісі Александр Кельчевски зейнеткерлер алдына шыққан жоқ.

Тек ұзаққа созылған екіжақты әңгімелесулерден кейін сыртта күтіп тұрған зейнеткерлерге кеңсе қызметкерінің бірі шығып, қарттарды Айт мейрамының басталуымен құттықтай келе, елшінің зейнеткерлермен кездесуге шығуға мүмкіндігі болмай жатқаны үшін кешірім сұрады.

ЕҚЫҰ-ның кеңсесіне өтуге кедергі - шлагбаум. Алматы, 30қыркүйек, 2008жыл.


Бұдан соң зейнеткерлер қолдарына ұстап келген петицияларын журналистерге тарата бастады.

Алматы зейнеткерлерінің Президент Н. Назарбаевқа үндеуінде:

"Назарбаев мырза, кеш болмай тұрғанда ЕҚЫҰ-на төрағалық етуден бас тартыңыз, масқара боламыз. Басқа елдердің азаматтары біз шыдағандай біздің елдің шенеуніктерінің бассыздықтарына шыдай алады деп ойламаймыз. Сол кезде қазіргі жарқын рапорттар, көтерме есептер арқылы жасырып келген біздегі барлық кемшілік пен келеңсіздік бүкіл әлемге жария болады" деп жазылған.

Аталған үндеуде жұмысы жоқтар мен зейнеткерлік жасқа жақындағандардың мәселесін шешу үшін бірінші кезекте Ұлттық қордың жинақтаушы бөлігін (20 миллиард АҚШ доллары) кепілдік ретінде қарастыру, оның ішінде Мемлекеттік зейнетақы қорын құру қажет. Осылай жасағанда азаматтардың бұл тобы бұрын тапқан қаражаттарын зейнеткерлік жасқа жеткенінше немесе жұмысқа орналасқанға дейін МЗҚ –нан ай сайынғы төлем жолымен алып тұрар еді делінген.
- Біз зейнеткерлерімізге лайықты зейнетақы төлеу арқылы өз экономикамызға да көмектесер едік, оларға төленген қаржы ешқайда кетпейді, егер біздің қарттардың мейрамханадан тамақ ішуге немесе жақсы киім алып киюге мүмкіндігі болса, оған жұмсалған ақша өз нарығымызға түсер еді ғой. Біз оларға 100 мың емес, 60 мың теңге көлемінде зейнетақы төлесек те жаман болмас еді, Қазақстанның қазіргі жағдайында зейнеткер бұл ақшаға орташа өмір сүрген болар еді, — деді Петр Своик.
«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова:
«Кез келген мемлекеттің жағдайын зейнеткерлерге деген көзқарасы арқылы білуге болады. Шетелдің зейнеткерлерін қарасаңыз, ұшақпен серуендеп, сән салондарына шашын қидырып дегендей, барлық жағдайы жасалған. Ал біздің ата-әжелеріміз бір құты айран мен бір қорап май сатып ала алмай, дірілдеп өмір сүруде. Егеменді ел болғанымызға қанша жыл болды, неше жылдан бері осы зейнетақы реформасы қанша министр ауысса да қателіктен көз ашпады, біздегі жүйе халыққа қарсы жасалған. Әлемдегі қаржылық дағдарыстан бәріңіз хабардарсыздар, күн суытып, электр қымбаттап, азық-түліктің бағасы аспандап тұрған кезде зейнеткерлер қалай өмір сүреді?
Президентке, премъерге біздің қойып отырған талабымыз — мәселенің жедел шешілуі, еліміздегі зейнетақы жүйесіндегі кеткен қателіктерді тезірек жоймаса, қалпына келтірмесе түптің түбінде үлкен әлеуметтік дағдарысқа ұрындырады. Мемлекетімізде бұған жетерлік қаржы бар. Бүгінгі билікке қояр талабымыз осы. Егер үкімет бұл мәселені шешуге дәрменсіз болса, орындарын босатсын.
Қазанның 1-і - халықаралық Қарттар күні. Бұл біздің қарттарымыз үшін ешқандай да мереке емес, қайғылы күн. Шайлығына жетпейтін 10-12 мың теңгеге күні қараған зейнеткердің жағдайы баршамызды ойландыруы керек. Оның ішінде, әрине, билік басындағыларды. Шалқыған байлықтың үстінде отырған мемлекетте осы мәселені шешуге әбден болады, біздің талабымыз осы».
XS
SM
MD
LG