Бүгін Астанада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі басталады. Бұл туралы журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаев хабарлады.
«2005 жылдың маусымынан бері алғаш рет өткізіліп отырған бұл жиынға Қазақстанның шетелдердегі барлық мекемелерінің және бірқатар орталық атқарушы органдарының басшылары қатысады. Күн тәртібіне сәйкес қазіргі кезеңдегі ҚР сыртқы саясатының басымды міндеттері, өткен кезеңдегі сыртқы саясат ведомствосының қызметі мен жұмысының перспективалық жоспары, сондай-ақ халықаралық қатынастағы көкейтесті мәселелер қарастырылатын болады. Сонымен қатар алқа жұмысының екінші күні Қазақстанның мемлекеттік органдары мен басшыларының қатысуымен шетелдегі қазақстандық дипломатиялық корпустардың өкілдеріне арналған семинарлар өткізіледі», — деді Е. Ашықбаев.