Accessibility links

Үкімет делегациясы жеткенше, бір ереуілшінің демі үзіліп кетті


Ереуілшілер есінен танып құлаған Өтеміс Омаровқа көмек көрсетуде. Жаңаөзен, 18 наурыз 2010 жыл. Сурет ақтаулық «Лада» газетінің www.lada.kz сайтынан алынды. Сүрет ауторы - Ольга Ярославская.
Ереуілшілер есінен танып құлаған Өтеміс Омаровқа көмек көрсетуде. Жаңаөзен, 18 наурыз 2010 жыл. Сурет ақтаулық «Лада» газетінің www.lada.kz сайтынан алынды. Сүрет ауторы - Ольга Ярославская.

Наурыздың 18-інде Жаңаөзендегі ереуілдеп жатқан мұнайшылар сарыла күткен лауазымды шенеуніктер келіп, бітімгерлік комиссиясы жұмысын бастады. Мың сан адамдық ереуілдегі жұмысшының бірі Өтеміс Омаров жоғары қан қысымынан жүрегі қысылып қайтыс болған.


ЕРЕУІЛШІЛЕР ҚАТАРЫ БІР АДАМҒА КЕМІП ҚАЛДЫ

Наурыздың 18 күні Жаңаөзендегі мұнайшылар арасына ерекше қобалжу басталды. Өйткені, оларға Ақтаудағы облыстық әкімшіліктен жеткен ақпарға сәйкес көптен күткен лауазымды делегацияның келетіндігі мәлім болған. Сол себепті Жаңаөзен қаласындағы жұмысшыларды таситын автобекетте тұрғандардың қатарына таң атпастан келіп жиналушылар саны арта түсті деп хабарлады ереуілдеушілер Азаттық тілшісіне.

– Келеді деген делегацияны күте-күте тағаттары таусылған жұмысшылардың жүйкелері де жұқара бастаған еді. Бір кезде сағат 16.00 шамасында ортамызда тұрған «Өзенмұнай» кәсіпорынның электригі Өтеміс Омаров деген жігіт кенеттен құлап түсті. Жұмыс күні болсада қасымыздағы медпунктте жедел көмек көрсететін жан табылмады. Артынан жүгіріп келген медбике қыздың дәрігерлік қобдишасында тіпті ауруға керекті дәрі-дәрмек те боллмай шықты. Өтеміс есінен танған күйі, жедел жәрдем келгенше жарты сағаттай көмексіз жатып қалды, – дейді мұнайшы Естай Қарашаев.
Егер біз, «жігіттер, кісі өліп қалды» десек, онсыз да қажып, әрең тұрған жұмысшар «сонда кісі өліміне дейін жеткізгендері ме» деп, іс насырға шапқан болар еді...


Оның айтуынша 58 жасар Өтеміс Омаров қан қысымы көтеріліп, сол арада жан тәсілім еткен. Бірақ онсыз да ширығып тұрған халықтың ызасынан сескенген бірнеше жұмысшы кісі өлімін жұртшылыққа бірден жария етпеген.

Артынан Өтеген Омаров қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды деген ресми ақпар таратылған.

– Егер біз, «жігіттер, кісі өліп қалды» десек, онсыз да қажып, әрең тұрған жұмысшар «сонда кісі өліміне дейін жеткізгендері ме» деп, іс насырға шапқан болар еді, – деп түсіндіреді болған оқиғаны Естай Қарашаев.

Марқұм Өтеміс Омаров Атыраудың тумасы, туыстары мәйіттің сонда жеткізілетінін айтады дейді мұнайшылар.

Ереуілге қатысушылардың мәлімдеуінше, жұмысшылардың денсаулықтары наурыздың 16-сынан бері сыр бере бастаған. Естай Қарашаевтың сөзіне сүйенсек, наурыздың 16-сы күні УОС-5 мекемесінің моторисі Бұршақ Есетов те отырған жерінде басы айналып құлаған. Оны жан сақтау бөліміне жеткізгенде, асқазан жарасы бар екені анықталған.

– Бұршақ ереуіл басталғалы асқазаны ауырса да, шыдап әрең жүріпті. Ақыры айналадағы психологиялық ахуалды көтере алмаған. Оның қаны сирек кездесетін, теріс резусты 1-ші топқа жатады екен. Қазір жігіттер кезек-кезек ауруханаға барып, қан тапсырып келіп жүр, – дейді Естай Қарашаев.

ЕРЕУІЛ ҮНІ АСТАНАҒА ЕКІ АПТАДАН АСҚАНДА ЖЕТТІ

Ал наурыздың 18-і күні кешке қарай «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының баспасөз орталығы Жаңаөзен қаласына Маңғыстау облысының әкімі мен үкіметтік делегацияның наразылық акциясына қатысушылармен кездесуге барғанын хабарлады.

Олардың қатарында Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акцинерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин, мұнай және газ вице-министрі Ләззат Қиынов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов, экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарушы директоры Болат Ақшолақов, Мәжіліс депутаттары Серік Оспанов пен Зейнолла Алшымбаев бар.
жұмысты қалпына келтірген жағдайда, акцияға қатысушыларға тәртіптік жауапкершілік шаралары қолданбайды ...


«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы баспасөз орталығының мәлімдеуінше, «тараптар ортақ ұйғарымға келіп, бітімгерлік комиссиясының қарауына ұсынылатын мәселелердің тізімін бекіткен. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры Кенжебек Ибрашев «жұмысты қалпына келтірген жағдайда, акцияға қатысушыларға тәртіптік жауапкершілік шаралары қолданбайды» деп ереуілшілерді сендірген.

Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының баспасөз орталығы делегация өкілдерінің ереуілшілерді еңбек дауын заң шеңберінде, наурыздың 17-сінде құрылған бітімгерлік комиссияның аясында шешуге шақырып отырғанын айтады.

Бұған дейін наурыздың 17-сінде мәмлеге келе алмаған бітімгершілік комиссиясы құрамына енген жұмысшылардың 12 өкілі өз талаптарының тізімін ресми жасақтаған еді.

Бұл талаптар ретінде: «Өзенмұнайгазға» 1997 жылғы акционерлік қоғам мәртебесін беру, «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы мен өндірістік филиал басшыларын ауыстыру, еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу, жұмысқа конкурстық негізде қабылдау жүйесінің күшін жою, жылдық өндірістік жоспарды азайту, аумақтық коэффициентті заңдастыру, салалық коэфициентті төлеу мәселелері аталған.

Азаттық тілшісіне жұмысшылар хабарлағандай келіссөз процесі наурыздың 18-і күні мезгіл кешкі сағат бестен асқанда басталған. Ол түнімен жалғасып, таңға дейін созылуы мүмкін дейді мұнайшылар.

Бұған қоса ереуілдеушілер делегацияға үлкен үміт артып отырғандарын да жасырмайды.

Жұмысшылар ереуіл басталған екі аптаның ішінде араларында бірде бір рет ішімдік ішу немесе басқа да заңға қайшы әрекеттің болмағанын да баса айтып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшыларының ереуілі наурыздың 4-інен басталған. Ал одан бұрын наурыздың 1 және 2-сі күндері олар өздерінің наразылықтарын білдіріп, жұмысты бір сағатқа тоқтатқан.
XS
SM
MD
LG