Accessibility links

Туысқанын сағалап келген екі өзбек босқын 30 тәулікке қамалды


Өзбек босқындары сот басталуын күтіп тұр. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл.
Өзбек босқындары сот басталуын күтіп тұр. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл.

Қаңтардың 27-сі күні Алматының әкімшілік сотында өзбекстандық бір топ еңбек мигранттарына қатысты сот өтті. Олардың арасында бұдан бұрын сотталып, қазір қамауда отырған өзбек босқынының екі бауыры бар.


Алматы қаласының әкімшілік сотында Өзбекстаннан келген 20-ға жуық еңбек мигрантының ісі қаралды. Олардың арасында Сунатулла мен Сухроб Кулдошевтар бар. Ағасы мен інісін қалалық сот 30 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.

Азаттық радиосына өзін таныстырудан бас тартқан прокурор бұл заңды шешім екендігін мәлімдеді. Прокурордың сөзінше, арнайы тексеру барысында ағалы-інілі Кулдошевтардың бірінің жеке куәлігі жоқ, ал екіншісінің паспортында Өзбекстанға депортациялануы тиіс деген мөр басылған екен. «Осы себепті аталған екі азаматқа қатысты сот қамауға алу туралы шешім шығарып отыр», - деп аяқтады сөзін прокурор.
Енді не істерімізді, кімге барып көмек сұрарымызды білмейміз. Осы күнге дейін қашып жүргеніміз аздай енді күйеулерімізді қамап тастады. Енді баламен қайда барамыз.

Ұсталғандардың әйелдері күйеулерінің құжаттарының дұрыс емес екендігін мойындағанымен, бұл істе шикіліктің бар екендігін айтады.

Олардың сөзінше, өткен жылдың көктемінде Өзбекстанда жүрген күйеулерін жергілікті полиция 14 күнге қамауға алған. Өзбекстанның құқыққорғау қызметкерлері сол кезде Қазақстанға қашып, босқын мәртебесін алудың қамымен жүрген Кулдошевтардың ағасы Ойбектің қайда екендігін білмек болған. Түрлі қорлық пен азаптауға шыдап баққан оларды екі аптадан кейін босатқан.

Бостандыққа шыққан Кулдошевтар сол күні-ақ ағасын іздеп Қазақстанға қашып кеткен. Содан бері осында жүрген олар енді тағы түрмеге жабылып отыр. Соттың шешімін әйелдері бір жасар баламен 5 сағат бойы сот ғимаратының сыртында тұрып күтуге мәжбүр болды.

- Біз енді не істерімізді, кімге барып көмек сұрарымызды білмейміз. Осы күнге дейін қашып жүргеніміз аздай енді күйеулерімізді қамап тастады. Енді баламен қайда барамыз. Оларды тамақтандырып, киімін кидіру керек. Жалға алып отырған баспанамызға Қызыл крест берген азын-аулақ қаржыны беріп келеміз. Біздің паспорттарымызды алып алды, енді онсыз мүлдем үйден шыға алмай қалдық. Бірақ, бізді Өзбекстанға қайтарса, жағдайымыз тіптен нашар болмақ, - дейді Сунатулла Кулдошевтың әйелі Дильдора.
Босқын өзбектер Қазақстанның түрмесіне түсуден гөрі Өзбекстанға күштеп қайтарылудан көбірек қорқатынын айтады.

Бейсенбі күні шамамен 16.00 шамасында әуелі босқын өзбек әйелдерді сотқа алып кірді. Мұнда олармен бірге сотты бақылауға Азаттық пен Би-Би-Си радиосының тілшілері болды. Судья тілшілерді мұқият тексеріп барып, олардың қатысуына рұқсат берді. Алайда, сотта жауапқа тартылып отырғандардың не адвокаты, не олардың айтқандарын түсіндіретін аудармашы болмағандықтан судья отырысты кейінге қалдыру туралы шешім шығарды.

Сыртқа шыққаннан кейін өзбек әйелдерге күйеулеріне қатысты соттың өтіп кеткендігі туралы хабарланды. Ең қызығы әйелдеріне қатысты сотта адвокат пен аудармашының болмағаны соттың кейінге қалуына себеп болса, ер- азаматтарға қатысты сотта бұл жайт шешім шығаруға еш кедергі болмаған көрінеді. Қамауға алынған өзбек босқындар автобустың терезесінен әйелдеріне «30 күннен кейін келеміз» деп жатты.

Енді 30 күннен кейін олардың құжаттары анықталып, босқындарды елден шығару мәселесі қаралады.

Бұдан бөлек, өзбек әйелдері күйеулері қамауға алынған қаңтардың 25-і күні өзін көші-қон полициясынанмын деп таныстырған бір қызметкердің бұлардың жеке куәліктерін алып кеткендігін айтты. Әлгі қызметкер құжаттарын сот болған бейсенбі күні қайтарып беретінін айтқан. Алайда, соттан кейін де оларға куәліктері қайтарылған жоқ.

Өзбек әйелдерінің сөзінше, өткен жылдың көктемінде Қазақстанға келгелі бері босқын мәртебесін алу мақсатында БҰҰ мен көші-қон полициясына бірнеше мәрте өтініш жазған. Алайда әркез өтініштері қанағаттандырылмай келген. Босқын өзбектер Қазақстанның түрмесіне түсуден гөрі Өзбекстанға күштеп қайтарылудан көбірек қорқатынын айтады.
XS
SM
MD
LG