Accessibility links

Мүйізіне бола атылған киік шығыны әлі есептелмеді


Далада қырылған киіктерді инспекторлар жинап жүр. Батыс Қазақстан облысы, 22 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Далада қырылған киіктерді инспекторлар жинап жүр. Батыс Қазақстан облысы, 22 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Маусымның 12-сі күні «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны инспекторлары Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданынан «мүйізі кесілген 60 шақты киіктің өлексесін тапқанын» хабарлаған еді.

Ал маусымның 15-сі Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі «Полиция Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Ұлғайсын ауылының маңынан мемлекеттік нөмірі жоқ «Тойота Лэнд Крузер» маркалы екі көлікті ұстады. Көлікте Қызылорда облысының 23 пен 44 жас аралығындағы төрт тұрғыны болды» деген ақпарат таратты.

Полицияның дерегі бойынша, автокөліктерді тексергенде «МЦ» маркалы 12-калибрлі аңшы мылтығы, 96 патрон, бинокль, мүйіз кесетін ара мен пышақ, бөлшектелген киік еті, тері, еліктің басы мен көліктерге арналған үш мемлекеттік номер тәркіленген. Бірақ киік мүйіздері табылмаған. Сондықтан қазір осы қылмысқа қатысты басқа да тұлғалардың бар-жоғы анықталып, тексеріліп жатыр.
Мүйізі кесіліп алынған киіктің өлексесі. Ақтөбе облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мұрағатындағы сурет.
Мүйізі кесіліп алынған киіктің өлексесі. Ақтөбе облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мұрағатындағы сурет.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, киіктерді жаппай қыру оқиғасы бойынша Қазақстан қылмыстық кодексінің 288-бабымен (заңсыз аңшылық - ред.) қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті тергеу изоляторына қамалған.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, жоспарлы рейдке шыққан «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі (ӨБ)» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны (РМҚК) инспекторлары Әйтеке би ауданы Қырыққұдық ауылынан 12 шақырым жерден алдымен бір киіктің өлексесін табады. Кейін олар батысқа қарай жүріп отырып, өліп жатқан ондаған киік тапқан.

«ЖҮЗ ҚАРАЛЫ КИІКТІ КӨРМЕЙТІН БОЛДЫҚ»

– Оқиға болған жерден 34 өлексе жиналды (Киіктің мүйізін кесіп алып, өлексесін қалдырып кетеді - ред.). Киік текелерінің өлексесі жатқан маңнан жол талғамайтын көліктің іздері мен 21-калибрлі гильзалар таптық. Ветеринарлардың айтуынша, киіктер бір тәулік бұрын атылған. Қазір келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр, – деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев сәрсенбі, 13 маусым күні.
Алмат Иманғалиев, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы. Ақтөбе, 23 қараша 2011 жыл.
Алмат Иманғалиев, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы. Ақтөбе, 23 қараша 2011 жыл.

Қызыл кітапқа енген жануарлардың өлексесі табылған маң – Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Сарат және Қырыққұдық ауылдарының арасы. Бұл жер – бөкендердің Бетпақдала популяциясы мекендейтін аумақ. Жайық пен Үстірт популяциясы киіктері көрші мемлекеттер аумағына барып жайылады, ал Бетпақдала популяциясындағы киіктер ел аумағынан шықпайды.

– Сарат пен Қырыққұдық ауылдарының арасы - 28 шақырым. Қырыққұдықтың басында 11 үй ғана отыр. Саратта учаскелік инспектор жоқ. Жасы зейнеткерлікке жетіп, отставкаға кетті. Бірақ ауылымыз бұрын-соңды тыныш болатын, – дейді екі ауылға ортақ басшы Тынышқали Сәрсенхалықов.

Ақтөбе облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы Бекболат Жапаровтың айтуынша, бұл оқиға - биыл тіркеліп отырған үшінші дерек.
Жайылып жүрген киіктер. Қазақстан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Жайылып жүрген киіктер. Қазақстан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

- Алдыңғы екі оқиға да осы Бетпақдала популяциясында болған. Оның бірінде әзірше анықталмаған браконьерлер 6 бас киікті атып, мүйізін кесіп алса, екіншісінде 10 бас киік өлтірілген. Полиция бір ай өтсе де алдыңғы 2 деректі әлі ашпапты. Бұл жолы полиция айтқандай 34 емес, 63 киік қырылған, - дейді Бекболат Жапаров.

Биыл сәуір айында киікті санаған «Охотзоопромның» мамандары Бетпақдала популяциясында шамамен 110 мың бас киік бар деген еді. Бірақ киіктердің өлексесі табылған ауылдың әкімі Тынышқали Сәрсенхалықов «Соңғы жылдары жүз қаралы киікті мүлдем көрмейтін болдық. Ішінара он шақты бастан кездестіретініміз рас» деді.

«ТӨРТ МҮЙІЗ – ЖИЫРМА ТӨРТ МЫҢ ТЕҢГЕ»

«Кәнігі браконьерлер бөкендерді негізінен мүйізіне бола атады. Қытай мен Тибет медицинасы үшін таптырмас шикізат, киіз мүйізінің бір килограмы (төрт тал мүйіз) – қара базарда 24 мың теңге» дейді мамандар.

«Киіктің ескі мүйізін сатып аламын» деген хабарландыруларды Ақтөбенің көшелерінен көптеп кездестіруге болады. Оның бір себебі – Қазақстандағы киік мекендейтін үш жердің екеуі осы облыстың аумағында.
Көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасына жапсырылған хабарландыру. Фотоны түсірген Жаңагүл Жүрсін. Ақтөбе,13 маусым 2012 жыл.
Көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасына жапсырылған хабарландыру. Фотоны түсірген Жаңагүл Жүрсін. Ақтөбе,13 маусым 2012 жыл.

Көп қабатты тұрғын үй қабырғасы мен автобус аялдамасына жапсырылған хабарландырулардың бірінде «Бір тал мүйіздің құны - 6 мың теңге» деп жазылған. Яғни, бір киіктің мүйізі 12 мың теңгеден қабылданады.

Азаттық тілшісі қоңырау шалған хабарландыру иелерінің бірі «Біз тек ескі мүйіздерді қабылдаймыз. Жаңа мүйіздерді полицияға апарып тапсырыңыз» деді. Кейін жасырын нөмірден қайыра қоңырау шалған өзге бір хабарландыру иесі:

– Бұл телефонмен айтылатын әңгіме емес. Мүйіздерді алып келіңіз. Сосын сөйлесеміз, – деп, мекен-жайын айтпастан тұтқаны қоя салды.

Қазір киік текелерінің өлексесі табылған жерді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мамандары тобы мен полицейлер тексеріп жатыр.

Шығын көлемін әзірше ешкім айта алмай отыр. Ақтөбе облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Әнуарбек Бермағамбетовтің сөзіне қарағанда, заңды жолдармен саудаға түссе, бір киік текесінің құны 200 айлық есептік көрсеткішке (323 мың 600 теңге) тең болады.
Бұл телефонмен айтылатын әңгіме емес. Мүйіздерді алып келіңіз.

Бұдан бір айдай бұрын осы Бетпақдала киігінің Қостанай тобының бір бөлігі беймәлім аурудан қырылған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қостанай облысында 19 мамырда 623 киік, 24 мамырда 290 киік өлген.

Бірақ бұған дейін Қостанай орман және аң шаруашылығы аумақтық басқармасының бастығы Марат Бегімбетов 19 мамырда 543 киіктің өлі күйінде табылғанын айтса, ауыл шаруашылығы министрлігі 24 мамырда 400-ден астам киіктің қырылғанын хабарлаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, «Қостанай облысында киіктердің жаппай қырылуына пастереллез ауруының қоздырғышы себеп болған».
XS
SM
MD
LG