Жаңаөзен оқиғасы туралы әндерімен танылған бард әнші Жанат Есентаев Азаттық радиосының Алматы бюросына сұқбат беріп, жаңа әндерін орындады.
Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында туып-өскен Жанат Есентаев қазір осы облыстың Ақсай қаласында тұрады. Жасы 41-ден асқан әнші өлеңді 15-16 жасынан жаза бастағанын, «осыған дейін мыңнан артық өлең жазғанын», «қазір соны кітап қылып шығарғысы келетінін» айтты.
«ДАЛАНЫҢ ӘНШІСІМІН»
Жанат Есентаевтың айтуынша, оның саяси тақырыпта ән айта бастағанына да он шақты жыл болған.
– Алғаш 1995 жылы билікті сынап ән айттым. Содан бері саясатта келе жатырмын. Алғашында «Қазақстанның демократиялық таңдауында» болдым. Сосын «Әділетті Қазақстан» қозғалысында болдым. Қазір Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясындамын. Бірақ өзімді партиядамын деп есептемеймін. Ақын болған соң мен халықпен біргемін. Бір партияның бағытымен жүремін деп айта алмаймын. Шындығын жоғалтпаған адамдармен әрқашан біргемін, – дейді әнші.
Қазақ арасында бард әншілік өнері енді қалыптасып жатқанын айтқан Есентаев «бардтарды бұрынғының жыраулары Ақтамберді, Бұхар жырау, Махамбеттермен теңеймін» дейді. Ол өзін «даланың әншісімін» деп атайды.
– Себебі сахнаға шығып жүрген жоқпын. Ел аралап, далада болсын, үйде болсын, халық жиналған жерде өзімнің әнімді айтып жүре беремін. Бұл өнер маған еш табыс әкеліп жатқан жоқ. Кейде аздап қолдап жататындар болады. Демеушілер деген сияқты. Бірақ сахна әншілеріндей нағыз табыс тапқан емеспін. Шақырған жерге барамын. Маған «осындай ақша төлеймін, кел» деп айтатын ешкім жоқ.– дейді бар әнші.
Жанат Есентаев КазГУ-ды «қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша бітіргенін, бірақ ол салада жұмыс істемегенін, қазір негізгі кәсібі жоқ екенін айтты.
«ӨМІР – КҮРЕС, САЯСАТ»
Әнші әндерін 2005 жылы кассетаға жазып таратқан екен. Одан соң 24 әні дискіге (5 мың дана) жазылыпты.
– Енді жаңа бір әндер дайындап жатырмын. Қазіргі уақытта саясаттан басқа тақырыпта ән айтуым мүмкін емес. Себебі өмір – күрес, саясат. Жаңаөзен қасіреті бар, басқа да жағдайларды көріп жатырсыз. Шындығын жоғалтпаған ақындар Махамбет сияқты қашан да күреседі. Сондықтан жаңа өлеңдерімді халыққа бір жеткізсем деген ойым бар. Жинақ қылып, диск шығармақшымын. Енді таңдаған жанрым – осы. Мүмкіндігінше, өнеріммен халықтың санасын, ар-ұятын, рухын оятқым келеді, – дейді Жанат Есентаев.
Ол өзі орындаған әндердің интернетте көп таралып жатқанын, бірақ оны басқа біреулер салғанын, өзі қарамайтынын айтады.
– Әндерім Азаттық, YouTube, Kivi.kz, Nur.kz-те бар. Өткенде біреулер қараған екен, мыңнан артық сілтеме тапқан. Бейне жазбаларды мен түсірмеймін. Интернетке де көп кіре бермеймін, – дейді әнші.
Жанат Есентаев. «Біз жүреміз тек алға»
«...НЕ ҮШІН ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР?!»
Жанат Есентаев 2011 жылы 16 желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасынан кейін бір апта өткенде, желтоқсанның 23-інде сол қаладағы мұнайшыларға барып, ән салған еді. Әнші сол оқиға кезінде үнсіз қалған әріптестеріне ренжігенін айтты.
– Ең болмағанда Жаңаөзенде оқ атылуын айыптап, «билік неге оқ атады» деп баспасөзде пікір білдірген бірде-бір әншіні көрмедім. Қандай адам болсын, ол – тұрып жатқан елінің азаматы. Ол елдегі жағдайларға немқұрайлы қарамауы керек. Егер тілі, жері, ұлты сатылып жатса, олар онда бұл мемлекетте не үшін өмір сүріп жатыр?! – дейді бард әнші.
Әншінің ойынша, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына да, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына да жауапты адамдар – бір.
– Мүмкін, билік «тәуелсіздіктің жиырма жылдығында оқ атып, біреу шырқымызды бұзғысы келгеніне халықты сендіреміз» деп ойлап отырған болар. Тарих 1986 жылы билікке келгендердің кім екенін 25 жылдан кейін оқиғаны қайталап, көрсетіп тұр. 1986 жылдың қасіретіне жауапты адамдар әлі билікте, – дейді Жанат Есентаев.
Жанат Есентаев. «Айтарым саған, Нұрсұлтан»