Accessibility links

Блэр Қазақстаннан алған ақшасын Африкада жұмсайды


Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр. АҚШ, Филадельфия, 13 қыркүйек 2010 жыл.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр. АҚШ, Филадельфия, 13 қыркүйек 2010 жыл.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр мемлекет басшылары мен ірі кәсіпкерлерге кеңес береді. Бірақ бұл әрекетін құқық қорғаушылар авторитарлық режимдерді қолдау деп бағалауы мүмкін.

Bloomberg Markets журналы «Ұлыбританияның 59 жастағы бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр биліктен кеткелі жаңа кәсіп тауып, әлемді кезіп жүретін кеңесші әрі филантроп атана бастады. Ол 20-дан астам елдегі жекеменшік корпорациялар мен кейбір елдердің мемлекеттік бюджетінен ақша алып отыратын ұйымдар тобына жетекшілік етеді» деп жазады.

ШЕЙХ, ГУБЕРНАТОР ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Басылымның жазуына қарағанда, «2007 жылдан бері Блэрдің фирмалары 59 миллион фунт-стерлинг (90 миллион АҚШ доллары) табыс тапқан, ал қайырымдылық шараларына жұмсаған қаражаты 25 миллион 500 мың фунт-стерлинг болған.

Оған тиесілі сегіз компанияның бірі Windrush Ventures Ltd. бір жылдың ішінде 16 миллион фунт-стерлинг пайдаға кенеліп, жаңа рекорд жасады. Ал JPMorgan Chase & Co банкі 2008 жылдан бері Тони Блэрдің компанияларына аз дегенде 10 миллион фунт-стерлинг ақша құйған.

Халықаралық ірі келісім-шарттарды жасайтын тараптар арасында делдал болып жүрген Блэрдің қазіргі жұмысы британдықтардың есінде қалған сыртқы саясаттағы авантюристік стилімен онша қабыса қоймайды.

Ол Біріккен Араб Әмірліктері тағының мұрагері, ханзада Шейх Мұхаммед бин Зайед әл-Нахайян басқаратын Абу-Даби істерін атқару басқармасына ақылы түрде кеңес береді. Қазір бұл басқарма Блэрдің кеңесімен 482 миллиард доллар қоры бар China Investment Corp. корпорациясымен ірі келісім-шартқа отыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тони Блэрдің Ирактағы әскери операцияны іске асырушылардың бірі болғанына наразы жұрт оның маскасын аузы мен қолына "қан жағып" киіп шықты. Лондон, 24 қараша 2009 жыл.
Тони Блэрдің Ирактағы әскери операцияны іске асырушылардың бірі болғанына наразы жұрт оның маскасын аузы мен қолына "қан жағып" киіп шықты. Лондон, 24 қараша 2009 жыл.

Басылым Тони Блэрдің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да ақылы кеңес беретінін жазған. «2011 жылдың көктемінен бері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігі Тони Блэрдің кеңесшілер тобына жылына сегіз миллион фунт-стерлингтен төлеп келеді. Бұл сомаға оның бұрынғы баспасөз хатшысының орынбасары Тим Алланның Portland Communications пиар компаниясының да қаламақысы кіреді.

Bloomberg Markets журналының келтірген мәліметі бойынша, «Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрінің кеңесшілер тобы қызметке кіріскен жылы (2011 жылы) желтоқсан айында Қазақстанның Жаңаөзен қаласында ереуілшілер мен полиция арасында қақтығыс болып, 12 адамның қаза тапты. Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан үкіметін адам өліміне жол бергені үшін сынаған еді.

2012 жылы Блэр Бразилияның Сан-Паулу штатының губернаторы Джеральдо Алкминмен мемлекеттік қызметті модернизациялауға қатысты кеңесшілер тобын құру жөнінде келісімге қол қойды.

Наурыздың ортасындағы мәлімет бойынша, Блэр Кувейт үкіметіне кеңес беру жөніндегі келісім-шарттың мерзімін ұзартқалы жатыр, бірақ бұл қызметі үшін қанша ақша алатыны құпия. Келіссөздерге қатысы бар адамдардың айтуынша, дәл осындай кеңес беру топтары Азия мен Латын Америкасы және басқа да аймақтар елдерінде құрылуы мүмкін.

БЛЭРДІҢ САЯСАТ САХНАСЫНАН КЕТКІСІ ЖОҚ

Блэр басылымға берген сұхбатында «Сіз премьер-министр болып, жасыңыз елуден енді асқан шақта қызметтен кетсеңіз не істер едіңіз - жай ғана гольф ойнап жүрмейсіз ғой. Ондай ойдың өзі мені қатты шошытады» деген.

Оның жаңа кеңсесі 18-ғасырдың соңында АҚШ-тың Британ сотындағы елшілігі орналасқан көне ғимараттың ішінде. Ұлыбритания үкіметін басқарып, халықаралық саясатта ерекше із қалдырған саясаткер енді өзінің әлемдік империясын құруға кірісті.

«Еркін Блэр» кітабының авторы Селдон «Блэрдің әлемдік саяси сахнадан кеткісі жоқ. Ол бастаған шаруаларының бітпегенін сезеді», - дейді.

Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің профессоры, Ұлыбритания лордтар палатасының лейбористер партиясы атынан сайланған мүшесі Мегхнад Десаи бұрынғы премьердің қазіргі әрекеттерін қолдайды. «Бұрынғы премьер-министрдің отырып алып ақыл айтқанынан гөрі, пайдалы іс тындырғаны әлдеқайда жақсы емес пе?» - дейді ол.

Ескі байланыстар мен саясаттағы тәжірибе кәдеге жарайды
«Блэрдің үкімет басқарған кездегі жоғары деңгейдегі байланыстары және келіссөз жүргізу шеберлігі өзі көп тәжірибе жинай қоймаған қаржы саласында кәдеге асып жатыр» деп жазады Bloomberg Markets сарапшысы.
Тони Блэр қайырымдылық шарасында сөйлеп тұр. Косово, 9 маусым 2010 жыл.
Тони Блэр қайырымдылық шарасында сөйлеп тұр. Косово, 9 маусым 2010 жыл.

Қыркүйек айында ол Glencore International және Xstrata кен өндіру компанияларының қосылуына қатысты келіссөздердің басы-қасында болды. Кейбір дереккөздердің айтуынша, «Блэр бұл қызметі үшін 1 миллион доллар гонорар алған». Алайда өзі бұған қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Британ қоғамының кейбір өкілдері оның дағдарыс кезінде осылай пайда тауып жүргенін жаратпайды. Әсіресе банк саласы қиындыққа ұшыраған қазіргі кезеңде делдалдықпен айналысқанын жөн көрмейді.

Ұлыбритания парламентінде лейбористер партиясының өкілі болған Питер Килфойл «Саясатты қалқан етіп, қыруар ақша тауып жүрген адамға ұқсайды. Меніңше, ол өз жүрісінен жаңылып, мақтаншақтық жолына түсті», - дейді. Кезінде Блэрмен Ирак соғысына қатысты сөзге келіп қалғандардың бірі осы кісі еді.

Блэрдің жаңа өмірі оның үкімет басқарған кезеңінен мүлде өзгеше. Бірақ оның лейбористер партиясына жақсылығы өтіп-ақ тұр. 1997 жылдан бері бұл партия Блэрдің жетегімен үш бірдей сайлауда жеңіп шықты. Партияның 113 жылдық тарихында ең ұзақ билік құрған премьер де Тони Блэр. Ол 2003 жылы ғана АҚШ бастаған Иракқа шабуыл операциясын қолдаймын деп беделінен айырылды. Сөйтіп Блэр айналасы жеті аптаның ішінде үкімет басшылығынан кетіп, 1983 жылдан бері отырған Ұлыбритания парламентіндегі қауымдар палатасындағы орнынан да айырылды.

Bloomberg Markets журналына берген екі сұхбатында Блэр саясаттан кеткеннен кейін үлкен жоспарлары болғанын айтып, «Премьерліктен кеткеннен кейін карьера жасаудың үлгісін көрсеткім келді. Әу бастан-ақ жоба-жоспарларым айқын болды: түрлі мекемелер тобын құруды көздедім» деген.

Ол бұл мақсатына жетті де. Оның компаниялары үкіметтерге ақыл-кеңес береді, қаржылық консалтингпен айналысады. Блэрдің қарамағында қазір бірнеше қайырымдылық ұйымдары да бар.

«БИЛІКТЕН КЕТКЕНДЕ ЕКІ ТЕЛЕФОНЫМЫЗ ҒАНА БОЛДЫ»

«Биліктен кеткен кезімде біздің үш қызметкеріміз және екі ұялы телефонымыз ғана болды. Біздің кеңсеміз де, инфрақұрылымымыз да болған жоқ» дейді Тони Блэр. Бүгінде оның компанияларында 180 адам жұмыс істейді.
Бұрынғы премьер-министр ретінде Блэр жылына 70 мың фунт-стерлинг зейнетақы алады. Оған қоса, қоғамдық қызмет атқарғаны үшін 115 мың фунт-стерлинг төленеді.

Bloomberg Markets журналы «Тони Блэрдің Лондондағы кеңсесі қуғындағы үкіметті көз алдыңа елестетеді. Ешкім мазалап жатпаса да мекеменің жеке қауіпсіздік қызметі мен баспасөз орталығы бар» деп жазады. Дегенмен халық оның Ирак соғысына белсене араласуын әлі күнге кешіре алмай келе жатқан сияқты. Жұрт алдына шығып сөйлеуге оқталған сайын соғыста қаза болғандардың жақындары оған қызыл бояу толтырылған шөлмектер лақтырып, наразылық танытады.

Қараша айында ол Лондондағы университетте сөз сөйлеуі тиіс болған. Алайда жүзге жуық адам жиылып, қарсылық шарасын өткізген соң, Блэр қатысатын шара басқа бір жерге көшірілді.

ПРЕМЬЕР БЛЭР МЕН АЗАМАТ БЛЭРДІҢ АЙЫРМАСЫ

Блэр биліктен кеткеннен соң, қанша табыс табатынын анықтау қиындады. Блэрге тиесілі компаниялар бір-біріне үлкен сомада қаржы аударып отырады. Мәселен оның Firerush Ventures компаниясы Windrush Ventures компаниясынан несие ретінде 822 мың фунт-стерлинг қарыз алса, сол жылы қайтадан «басқару мақсаттарына» деп 1 миллион 600 мың фунт-стерлинг алған. Бұл транзакцияларға күдіктене қарайтындар да табылды.
Тони Блэр дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйлеп тұр. Иордания, 23 қазан 2011 жыл.
Тони Блэр дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйлеп тұр. Иордания, 23 қазан 2011 жыл.

«Салықты азайту немесе әлденені жасыруды мақсат тұтқан адам ғана ақша айналымын осылай қиындатып жібереді» дейді Huston & Co компаниясының директоры, бұрынғы салық инспекторы Эдриен Хастон. Ал Блэр мұндай пікірлерге күле қарайды. «Тапқан табысымның 50 пайызын салық ретінде төлеймін. Шетелде ақша тауып, салықты аз төлеу мақсатында көп уақытын шетелде өткізетін британдықтардан айырмашылығым – мен ел аумағында әрекет етемін» дейді ол.

Блэр тек кеңесші ғана емес, өте қымбат бағаланатын спикерлердің санатына жатады. Ол биыл қаңтар айында АҚШ-тың Флорида штатында, Майами жағалауында өткізілген AlphaMetrix 2013 хедж-қорлар саммитінде сөз сөйлегені үшін 300 мың доллар сыйақы алды деген ақпарат бар. Алайда, Блэрдің өкілі оның бұл сомадан әлдеқайда аз ақша алғанын айтады.

Өткен жылы ол АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушпен бірге Еуропадағы екінші ірі хедж-қор Brevan Howard Asset Management ұйымдастырған жабық отырыста сөз сөйлеп, біраз табыс тапқан.

Алайда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі «ескі байланыстарды пайдаланып ақша табудан аулақпын» дейді. Өзінің айтуынша, ол «қазіргі клиенттерінің көбімен биліктен кеткен соң танысқан». «Британияның премьер-министрі болғаның үшін ғана саған қыруар ақша төлейді деген аңыз бар. Шындығында, олай емес» дейді Тони Блэр.

«АВТОРИТАРИЗМДІ ЗАҢДАСТЫРУ ҚАУПІ»

«Блэрдің бәлкім ең мол табыс әкелетін жұмысының бірі - Қазақстан президенті Назарбаевпен байланысы. Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы Ұлыбританияға мемлекеттік сапармен келді.

72 жастағы Назарбаев – бұрынғы совет республикасын 1990 жылдан бері жалғыз басқарып келе жатқан президент. 2011 жылғы сайлауда «95 пайыз дауыс жинады» деп хабарланған соң, АҚШ мемлекеттік департаменті бұл сайлауды «халықаралық стандарттарға сай емес» деп бағалады.

Блэрдің айтуынша, оның және Portland Communications компаниясының 13 кеңесшісі Қазақстанда орталықсыздандыру, сайлау процедуралары және құқықтық тәжірибе мәселелері бойынша кеңес берумен айналысады.

Human Rights Watch ұйымының Қазақстан бойынша сарапшысы Михра Ритманның айтуынша, «Блэр Қазақстанда жұмысы бастаған бетте бұл елдегі адам құқықтарын бұзуды тоқтатуды ашық талап етуі керек еді».
Оқ тиіп жараланған жігіт құлап жатыр. Жаңаөзен қаласы, 16 желтоқсан 2011 жыл.
Оқ тиіп жараланған жігіт құлап жатыр. Жаңаөзен қаласы, 16 желтоқсан 2011 жыл.

«Күн өткен сайын авторитарлық сипат алып бара жатқан қазақ билігінің әрекеттерін Блэрдің заңдастырып беру қаупі артып келеді» дейді Ритман.
Ал Блэрдің өзі «Жағдайға кеңірек ауқымда қараған дұрыс» деп санайды.

«Адам құқықтары мәселесін мүлде жоққа шығармаймын. Бұл мәселелерді көтеріп отырмыз. Әкімшілік қызметкерлерінің жаңа толқыны өсіп келеді, олар – реформаторлар, біз солармен жұмыс істеп жатырмыз» дейді британияның бұрынғы премьері.

БЛЭР СЬЕРРА-ЛЕОНЕНІ ДАМЫТУҒА НИЕТТІ

Бұрынғы премьер-министр «бизнестің арқасында қайырымдылық шараларын қаржыландырып отырғанын» айтады. «Табысыммен қайырымдылық қорларын қаражатпен қамтамасыз етіп отырмын» дейді ол. Блэрдің айтуынша, 2008 жылдан бері ол қайырымдылық шараларына өз қалтасынан бес миллион фунт-стерлинг жұмсаған.

«Мұндағы мәселе - ақша жасау емес, әлемді жақсартуға үлес қосу. Мені қарақан басымның қамы құлшындырып отырған жоқ. Егер өзімнің ғана баюымды ойласам, бұған әлдеқайда жылдам әрі оңай жолмен қол жеткізер едім» дейді Тони Блэр.

Өзін бизнеске берілген адам деп санамайтын Блэр «уақытының көбін қайырымдылық шаралары мен Таяу Шығыстағы өкіл ретіндегі жұмыстарына арнайтынын» айтады.

Басылым «Қазақстандағы сияқты басқа да елдердегі кеңесшілік қызметінен түсетін табысы оның қайырымдылық шаралармен айналысуына мүмкін береді» деп жазады.

«Африкадағы қоғамдық жұмыстарымды мен басқа елдерде тапқан
табысымның есебінен жасаймын» дейді Блэрдің өзі.

«Африкалық бастама» қоры арқылы ол Гвинея, Либерия, Малави, Нигерия, Руанда, Сьерра-Леоне және Оңтүстік Судан елдеріне саяхат жасап тұрады. Қаңтар айында ол Сьерра-Леоне президенті Эрнест Бай Коромамен кездесіп, елдің кен өнеркәсібі мен туризмді дамыту туралы кеңестер берген.
XS
SM
MD
LG