Accessibility links

Молдоваға «тартысты күндер» таяп келеді


Конгаз ауылының тұрғыны Петр (қызыл киім) қой бағып келеді. Молдова, Гагаузия, 17 сәуір 2014 жыл.
Конгаз ауылының тұрғыны Петр (қызыл киім) қой бағып келеді. Молдова, Гагаузия, 17 сәуір 2014 жыл.

Молдованың Еуропамен жақындасу саясатынан нәтиже шыға бастады. Дегенмен шағын ел ЕО-ға ұмтылған сайын ресейшіл күштер оны Ресей қолтығына сүйреп әуре.

Еуропа Одағы (ЕО) мен Ресей арасындағы бәсекені Молдова қоғамының кез-келген бөлігінен байқауға болады. Бұл елде ұлттық бірлік әлі қалыптасып бітпеген. Молдова Еуропамен интеграцияға осындай жағдайда бел буып отыр. Әдеттегідей бұған Мәскеу қарсы. Көршілес Украинадағы саяси дағдарыс Молдованың да көңілін күпті етіп қойды.

ОРЫСТІЛДІ БАСПАСӨЗДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ

Кишиневтегі «Қатысу демократиясы қауымдастығы» (Association for Participatory Democracy) директоры Игорь Ботан «Ресейдің Қырымды аннексиялауына жол берілді, енді мұның Донбаста, Херсон мен Николаевта, Одесса мен Приднестровьеде қайталануы әбден мүмкін. Жағдай тым күрделі» дейді.

Молдова тәуелсіздігін 1991 жылдың тамыз айында, Украинадан кейін іле-шала жариялаған. Ботанның айтуынша, бұл елдің болашағы тағы да Украинамен байланысты болып тұр.

Молдова басшылығы он шақты жыл бойы Еуропамен интеграцияны дамыту мақсатында тыңғылықты жұмыс істеп келеді. Бұл жұмыстың нәтижесі де бар. Сәуірдің соңынан бастап молдовалықтар ЕО елдеріне визасыз қатынай бастайды, ал маусым айында Кишинев ЕО-мен серіктестік келісімі және еркін сауда пактісіне (Association Agreement and Deep and Comprehensive Free Trade pact) қол қоймақ.

Осы тарихи күн жақындаған сайын Ресейден және ресейшіл күштер тарапынан қысым да артып келеді. Молдова премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер және еуропалық интеграция министрі Наталья Герман «Шамамен былтырғы жаздан бастап Молдова Республикасында орыстілді ақпарат құралдары әдеттен тыс қатты белсенділік танытып, интеграцияның балама модельдерін насихаттай бастады. Біз «Ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бағыт - Еуропамен интеграция» десек, олар Ресей Федерациясы көршілес елдерге арнап әзірлеген Кеден Одағы және Еуразиялық интеграция бағыттарын жақтап жатыр» дейді .

Дегенмен Молдова үкіметінің өкілі Еуропамен интеграцияны тек халықтың 50 пайызы қолдайтынын мойындайды және «ЕО-мен жақындасудың артықшылықтарын ауылдардағы тұрғындарға дұрыс түсіндіре алмағандарын» айтады.
Паркте шахмат ойнап отырған ер адамдар. Молдова, Кишинев, 18 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Паркте шахмат ойнап отырған ер адамдар. Молдова, Кишинев, 18 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)


«СССР-ДІҢ ҚАЙТА ОРАЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ»

Үкіметтің дауысы жетпеген осындай өңірлердің бірі – елдің оңтүстігіндегі жартылай автономиялық Гагаузия аймағы. Ол Украинаның Одесса облысы мен Молдованың бөлініп кеткен аймағы Приднестровьенің аралығында жатыр.

Мұндағы халықтың барлығы дерлік Ресей бастаған Кеден Одағына кіруді жақтайды. Биылғы ақпанда ресми Кишиневтің қарсылығына қарамастан Гагаузияда Ресеймен байланысты нығайту мәселесін дауысқа салған референдум өтті. Дауыс бергендердің 97 пайызы еуроинтеграцияға қарсылық білдірді.

Гагаузия астанасы Комрат қаласынан 30 километр жерде жатқан Конгаз қалашығы тұрғындарын әңгімеге тартсаңыз, «референдумға қатысып, Кеден Одағына кіруді жақтап дауыс бергендерін» айтады.

Степан есімді орта жастағы жігіт «Өзім туып-өскен одақ үшін дауыс бердім. Совет Одағы болған және оның қайта оралғанын қалаймын» дейді.

Пасха құрметіне безендірілген парк. Молдова, Кишинев, 15 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Пасха құрметіне безендірілген парк. Молдова, Кишинев, 15 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Оның қасында мал бағып жүрген Петр есімді жігіт референдумға қатыса алмаған, себебі ол кезде Ресейде жұмыс істеп жүргенін айтты. Есесіне оның жақын-жуықтары тегіс дауыс берген. Ол «Бәрі Кеден Одағын қолдап дауыс берді, себебі Ресейде тұрмыс жақсы. Олардың өмір салты бізге жақын... Біз онда ақша табу үшін барып жүрміз, солай емес пе? Онда бәрі бар. Бізге газ беріп отырған да Еуропа емес, Ресей» дейді.

Конгаз тұрғындарының көбінің Ресейде жұмыс істеп жатқан туыстары бар. Гагауздар түркітілдес халық болғанымен, христиан дінінің православ ағымын ұстанады әрі көбіне орысша сөйлейді. Олар «еуропалық интеграцияны желеу етіп, Молдованы Румыния қосып алғысы келіп жүрген» румындарға секемдене қарайды.

Орта жастағы Стефанета есімді әйел жолда Пасха күлшесін сатып тұрды. Ол «Молдованың еуропашыл саясатының артында АҚШ» тұр деп ойлайды. Стефанета «АҚШ араласқан жердің бәрінде қан төгіліп, хаос орнайды» дейді.

Оның алты баласының төртеуі Ресей азаматтығын алған және Курск облысында тұрады. Гагаузияның солтүстік-шығыс тарапында Молдованың ресейшіл аймағы Приднестровье жатыр.

ПРИДНЕСТРОВЬЕ ІРГЕСІНДЕГІ ТІРШІЛІК

Кишиневтен солтүстік-шығысқа қарай 70 километр жердегі табиғаты көркем Дороцкая ауылы тұрғындары керісінше, Ресеймен жақындасуды қаламайды.

Бұл – Днестр өзенінің сол жағалауындағы Кишиневтің бақылауында қалған азғантай ауылдардың бірі. Мұнда тұратын шаруалардың ауылшаруашылық жерінің 90 пайызы Приднестровьеде жатыр.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қызыл армия Днестрдің осы тұсынан өту үшін ауыр ұрыстар жүргізген еді. 1992 жылы осы аймақта соғыс өрті қайта тұтанды. Ол соғыстың құрбандарына арналған ескерткіштің түбінде гүлдер жатты.

Іргеде жатқан Приднестровье оқтын-оқтын Ресей үкіметіне арызданып, өздерін құрамына қосып алуды өтініп отырады. Аймақтың де-факто жұмыс істеп жатқан парламенті осындай соңғы өтінішін Мәскеуге сәуірдің 16-сы күні түсірді.
Дороцкая ауылындағы 1992 жылғы соғысқа арналған ескерткіш.
Дороцкая ауылындағы 1992 жылғы соғысқа арналған ескерткіш.
Ал жақында Кишиневке қарасты Дороцкая ауылында Приднестровьенің құрамына өту мәселесіне арнап референдум ұйымдастыруды талап еткен шағын шеру өтті.

Демонстранттардың айтуынша, Ресейден көмек алып отыратын Приднестровье аймағында тұрмыс әлдеқайда жақсы әрі баға да арзан. "Молдова ЕО-ға қосылса, молдовандардың көбі жұмыссыз қалады" дейді олар.

Бірақ Дороцкаяда бұл пікірді жақтайтындар аз. Мұнда тұратын үш мыңға жуық адамның көбі - румын (молдован) тілінде сөйлейтін молдовандар. Олардың айтуынша, «Приднестровьеге қосылу жөнінде референдум өткізу мәселесін сырттан келген арандатушылар көтеріп жүр».

1992 жылғы соғыста Молдованың тәуелсіздігі үшін күрескен Анатолий есімді орыстілді жігіттің айтуынша, «ауыл халқының басым бөлігі Еуропамен жақындасу идеясын жақтайды, олардың Приднестровьеге қосылу туралы референдумға қатысуға құлқы жоқ».

«Елдің басым бөлігі [ЕО-мен серіктестік шартын] қолдайды. Молдовадағы ахуалды білесіз. Жағдай нашар. Бірақ жұрттың бәрі жағдай жақсарады деп үміттенеді» дейді ол.
Дороцкая ауылында тұратын оқушының Приднестровье аймағының Молдоваға қосылғанын армандап салған суреті. Суретте оқушы аймақты Молдоваға жіппен тігіп қойған. 17 сәуір 2014 жыл.
Дороцкая ауылында тұратын оқушының Приднестровье аймағының Молдоваға қосылғанын армандап салған суреті. Суретте оқушы аймақты Молдоваға жіппен тігіп қойған. 17 сәуір 2014 жыл.
Дороцкая ауылында 2007 жылы мектеп ғимараты жөнделді. Оның жарты ақшасын USAID бөлген. Бірақ мұндағы мектеп мәселесі де шиеленісіп тұр. Мәселен, күн сайын 160-қа жуық румын тілді оқушы Приднестровье әкімшілік шекарасынан шығып, көршілес ауылға баруға мәжбүр. Өйткені, Приднестровье билігі мұндағы мектепте румын тілінде және Кишинев бекіткен бағдарламамен оқуға рұқсат етпей отыр.

Мектеп директоры Элеонора Черкавщидің айтуынша, «Дороцкая ауылында референдум өткізу бастамасының артында Ресей тұр және Мәскеу осындай «қармаққа түсіру» әдістерін жиі пайдаланады». Ол «Референдум туралы айту сәнге айналды. Бұл қармаққа кейбіреулер түсіп те қалып жатыр. Себебі әр адам әртүрлі. Оның үстіне бұл адамдар көп уақыт бойы Совет Одағының, шын мәнісінде Ресейдің қоластында өмір сүрген ғой. Бұл аумақта ешқашан сана бостандығы болмаған. Оларда ешқашан ақпарат та болмаған. Қазір Ресей телеарналарын қосып қарасаңыз, тіпті Совет заманында болмаған нәрселерді көресіз» дейді.

Оның сөзіне қарағанда, Приднестровье басшылығы республиканың барлық тұрғындарын үкімет қаржыландыратын спутниктік телехабар тарату қызметіне қосылуға мәжбүрлейді. «Олар сөйтіп басымызды қатырады, әрі біз сол қылықтары үшін ақша төлеуге мәжбүрміз» деп күледі Элеонора.

БОЛАШАҚ СЫНАҚТАР

Биыл Молдованы шешуші сынақтар күтіп тұр. Көп сарапшылардың айтуынша, мамырдың 9-ы - "Жеңіс күні" рәсімдері барысында Мәскеу Совет Одағы жетістіктерін насихаттай отырып, халық арасында ресейшіл идеяларды дәріптеуге күш салмақ.

Маусым айында Молдова Еуропа Одағымен шешуші келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр, бұған коммунистер қарсы шығатыны анық. Бірер аптадан соң парламент әлгі құжаттарды ратификациялауы тиіс, сол тұста олар тағы қарсы шеруге шығуы мүмкін.

Бірақ негізгі сынақ қараша айының соңында болмақ. Молдован халқы сол кезде елдің жаңа парламентін сайлайды. Өзара дүрдараз еуропашыл коалиция жеңіске жете ала ма, жоқ па - ол жағын тап басып айту қиын. Бір белгілісі - олар тек коммунистер мен социалистерге қарсы күреспейді, сонымен қатар өзара бәсекеге түсіп, бір-біріне қарсы шығады.

Сарапшы Игорь Ботан «Ресеймен кімдердің бірігіп отырғанын білеміз. Қазақстан мен Беларусь. Ресей – авторитарлық жүйе орнаған ел. Қазақстан мен Беларусь та авторитарлық елдер. Егер Ресей олармен бірігіп, Еуразия Одағын (Еуразия экономикалық одағы – ред.) құратын болса, біз оларға «Жоқ, аулақ жүргеніміз жөн» деуіміз керек» дейді.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG