Бүгін Германия канцлері Ангела Меркель Украинаға ресми сапармен барды.
Бұған дейін хабарланғандай, ол Киевте Украина президенті Петр Порошенко және премьер-министр Арсений Яценюкпен келіссөздер өткізеді. Онда Украинаның шығысындағы қарулы қақтығыстарды тоқтату және Киевке жәрдем мәселелері сөз болады.
Бұл экс-президент Виктор Януковичтің елден қашып, оның орнына Петр Порошенко президент болып сайланғалы бері Украинаға Германия канцлерінің алғашқы сапары.
Киевке келерден бұрын Меркель АҚШ президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы жағдайды талқылаған. Ақ үй таратқан мәлімдемеде, Обама мен Меркель Ресейдің «гуманитарлық жүк» тиеген автокеруенді Киевтің келісімінсіз Украинаға енгізуін «Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына қол сұғу» деп айыптағаны айтылған болатын.