Accessibility links

Мұғалімдер шөп орып, көше тазалағанын да айтады


Айбосын Адырбеков мектеп мұғалімдерімен бірге жол бойында шөп орып жүр. Ұзынағаш ауылы, Алматы облысы, мамыр, 2015 жыл.
Айбосын Адырбеков мектеп мұғалімдерімен бірге жол бойында шөп орып жүр. Ұзынағаш ауылы, Алматы облысы, мамыр, 2015 жыл.

Орта мектеп мұғалімдері кәсіби міндеттерінен тыс істерді атқаратындарына наразы. Ал мектеп директорлары мен әкімшілік қызметкерлері «қоғамдық жұмыс – борыш» деп біледі.

​Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Айбосын Адырбеков мұғалімдік міндетіне кірмейтін қоғамдық жұмыстар көп екеніне қапалы.

– Педагогтар қолбалаға ұқсап кеткен сияқты. Мереке атаулының барлығында мұғалімдер шара өткізуі тиіс, билеп, массовкаға қатысуы керек. Ондайда апта бойы бес сағаттан репетиция өткізеді. Қазақстан президентін сайлау қарсаңында мұғалімдер көше аралап шақыру билеттерін таратты. Он күн сенбілік жасады. 1 мамыр мен 9 мамырда да репетициялар болды. Мамырдың 11-12-сі күндері Ұзынағаштың көшесінде шөп ордық, – дейді ол.

«ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫС – ӘР АДАМНЫҢ БОРЫШЫ»

Алғашқы жылдары қоғамдық жұмыстардың ешбірінен қалыс қалмағанын айтқан Айбосын Адырбеков кейінгі кездері одан қажи бастаған.

– Мұндай қоғамдық жұмыстар педагогтардың уақытын алады. Сабақ өтілмейді, мұғалімдер шығармашылықпен шұғылданып, өзін дамыта алмайды. Мектебіміздегі 70-80 мұғалімнің арасынан мұндай шараларға қатысқысы келмейтінін ашық айтатын – мен ғана. Әрине, директор ол үшін арқамнан қақпайды. Бірақ ол да аудан әкімдігінен тапсырма берілетін болған соң амалсыз көнеді деп түсінемін, – дейді Айбосын Адырбеков.

Ұзынағашқа 2013 жылы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келген, ол жерден екі бөлмелі пәтерді мемлекеттік бағдарлама бойынша алғандықтан сол мектепте бес жыл жұмыс істеуі тиіс жас маман айлығы 64 мың теңге (340 доллар) ғана екенін айтады.

– Отбасымды асырау үшін қосымша күнкөріс көзін тапқым келеді. Бірақ қоғамдық жұмыстар оған да мұрша бермейді, – дейді Айбосын Адырбеков.

Жол бойында шөп орып жүрген мектеп мұғалімдері. Ұзынағаш ауылы, Алматы облысы, мамыр, 2015 жыл.
Жол бойында шөп орып жүрген мектеп мұғалімдері. Ұзынағаш ауылы, Алматы облысы, мамыр, 2015 жыл.

Азаттық тілшісі Айбосын Адырбеков айтқан шөп ору, көше тазалау сияқты «қоғамдық жұмыстар» мұғалімдердің міндетіне кірер-кірмесін ол жұмыс істейтін мектептің директоры Гүлжан Жыланкөзовадан сұрап көрді. Мектеп директорының айтуынша, «мұғалімдер тазалық үшін шөп орған». Ол «Көше тазалап, шөп оратын арнайы мекеме бар емес пе?» деген сауалға: «Ондай мекеме болмай тұр» деп жауап берді. Мектеп директоры «Мұғалімдерді мұндай жұмыстарға салу үшін сізді әкімшілік мәжбүрлей ме?» деген сұраққа жауап беруден бас тартты.

Ал Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Ермекбаева «мұғалімдер шөп орсын» деген тапсырма берілмегенін айтады.

– Бірақ мұғалімдер басқа қоғамдық жұмыстардан босатылмайды. Ол (қоғамдық жұмыс – ред.) – әрбір адамның борышы, – дейді Гүлнұр Ермекбаева.

Өзі де 18 жыл мұғалім болғанын айтқан шенеунік «ұстаздарды қоғамдық жұмысқа салғаннан білім сапасы төмендейді» деген пікірмен келіспейді. Ол сайлау науқаны қарсаңында мұғалімдерді жұмсауды ерсі көрмейтінін де айтты.

«ОНДАЙ МҰҒАЛІМДІ ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК»

Қоғамдық жұмыстарға қатысуға мәжбүр болған ұзынағаштық мұғалім Айбосын Адырбеков қана емес. Алматы облысы Талғар ауданындағы бір мектептің аты-жөнін айтпауды өтінген мұғалімі де мұндай шараларға жиі баруға мәжбүр екенін растады.

– Сәуірдің 26-сында өткен президент сайлауында жеңген Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтау үшін Талғар ауданындағы 40-қа жуық мектептің әрқайсысынан 10 мұғалімнен шақырылдық. Сәуірдің 27-сінде Талғар қаласындағы алаңда құттықтау форумына қатысуға мәжбүр болдық, – дейді ол.

Талғар аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Ләззат Құрманбаева президент Назарбаевты құттықтау жиынына 40 мектептің мұғалімдері ғана емес, балабақшалардың тәрбиешілері де шақырылғанын айтты. Оның сөзінше, «мұғалімдер мен тәрбиешілер концерттік бағдарламаға қатысып, аудан әкімінің президентті құттықтау сөзін тыңдап қайтқан».

Мектепте 9 мамырға дайындыққа қатысып жатқан мұғалімдер мен оқушылар. Ұзынағаш ауылы, Алматы облысы, 7 мамыр 2015 жыл. Айбосын Адырбековтің суреті.
Мектепте 9 мамырға дайындыққа қатысып жатқан мұғалімдер мен оқушылар. Ұзынағаш ауылы, Алматы облысы, 7 мамыр 2015 жыл. Айбосын Адырбековтің суреті.

– Бюджет қызметкерлері негізінен мектеп мұғалімдері мен дәрігерлер ғана болғандықтан олар қоғамдық жұмысқа үнемі тартылады. Бірақ ешқандай қызметкерді мәжбүрлемейді, мұғалімдер тек бос уақытында ғана шақырылады, – дейді Талғар аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Ләззат Құрманбаева.

Бірақ «мұғалімнің бос уақыты» деген сөздің мәнін түсіндіріп бере алмаған Ләззат Құрманбаева оларды қоғамдық жұмыстарға жұмсауға кім тапсырма беретінін де айтпады.

Азаттық тілшісі Талғар ауданындағы бірнеше мектеп директорымен сөйлескенде олар «аудандық шараларға сирек қатысатынын» мәлімдеді. Жалғамыс ауылы мектебінің директоры Гүлназ Әліғожаеваның сөзінше, «Талғардағы президентті құттықтау форумына жас мұғалімдер ғана барған, ал ауылдық деңгейдегі мәдени шаралардан мұғалімдер қалмайды».

– Мұғалімдер қоғамдық жұмысқа қатысуға міндетті. Жап-жас боп қоғамдық жұмысқа қатысқысы келмейтін мұғалімдерді тәрбиелеу керек. Мысалы, сенбілікті өзіміз үшін, тазалық үшін өткіземіз, – дейді ол.

«ӘКІМДІКТІҢ ТАПСЫРМАСЫНА КӨНЕТІН – МҰҒАЛІМДЕР ҒАНА»

Алматы облыстық білім басқармасы мектеп бөлімінің басшысы Болатбек Дәрібаев әкімдіктің қоғамдық жұмыс атқаруға шақырған тапсырмасын мектеп не аурухана сияқты бюджеттік мекемелер қызметкерлері ғана орындайтынын мойындайды.

– Қоғамдық жұмыстарға әр мектеп ұжымының 20-30 пайызын ғана тартыңдар деген ұсыныс әкімдіктерге айтылған. Бірақ аудан мен қалалық білім бөлімдері бізге емес, аудан мен қала әкімдіктеріне тікелей бағынады, – дейді ол.

«Қоғамдық жұмыс – мұғалімнің міндеті емес» екенін растаған Болатбек Дәрібаев «бірақ олар да жалпыхалықтық жұмысқа араласуы қажет» деп біледі.

Мұғалімдер мен оқытушылардың құқықтарын қорғаумен шұғылданатын «Ар-намыс» республикалық қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғалия Әміртаева. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
Мұғалімдер мен оқытушылардың құқықтарын қорғаумен шұғылданатын «Ар-намыс» республикалық қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғалия Әміртаева. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.

Мұғалімдер мен оқытушылардың құқықтарын қорғаумен шұғылданатын «Ар-намыс» республикалық қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғалия Әміртаеваның сөзінше, «әкімдік жұмсауына көнетін мұғалімдерді кез-келге мәдени шараға қоғамдық жұмыс деген желеумен қатысуға мәжбүр етеді».

– Оқушылардың білім сапасына қатысты сын көп. Бірақ оларға сабақ беретін мұғалімдердің басқа жұмыстармен әуре боп жүретініне назар аудармайды. Мысалы, сайлау кезінде тәуелсіз комиссия құру орнына мұғалімдерді комиссия құрамына кіргізіп, бар міндетті соларға артады. Мұғалімдердің шөп орып, көшеде ағаштың түбін ақтап жүргенін өзім де естіп, біліп отырмын, – дейді Ғалия Әміртаева.

Қазақстанда білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі «Білім туралы» заңның 51-бабында жазылған. Ол бап бойынша, «педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді».

XS
SM
MD
LG