Accessibility links

Тәжік полковнигі ИМ қатарынан табылды


Гулмурод Халимов түскен видеодан скрин-шот.
Гулмурод Халимов түскен видеодан скрин-шот.

Біраз уақыт бұрын ұшты-күйлі жоғалып кеткен Тәжікстан арнайы милиция жасағының бастығы Гулмурод Халимов «Ислам мемлекеті» тобына қосылған болып шықты.

Тәжікстан ішкі істер министрлігіне қарасты милиция күштерінің арнайы жасағы (ОМОН) офицерлері мен солдаттары өзін «Ислам мемлекеті» жолын қуушы ретінде мәлімдеген бұрынғы ОМОН командирі, полковник Гулмурод Халимовтың әрекетін айыптайды.

Офицердің мәлімдемесі Тәжікстан ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл Орталық Азия елдерінен алғаш рет жоғары шенді офицердің исламшылдар қатарына өту құбылысының жаңа тарауын ашқандай болды.

Арнайы жасақ офицерлерінің бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне қызметтестері сияқты ол да Гулмурод Халимовтың ИМ-ді қолдайтынын мәлімдеген видеоролигін көріп, Халимовтың әрекеті «дінін сату және еліне опасыздық жасау» деген қорытындыға келгенін айтады.

- Әскери адам ретінде ол ИМ тобының артында кім тұрғанын жақсы білетін. Яғни бұдан ол Сирияға діни ұстанымына сәйкес емес, әлдебір өзге мақсатпен кетуі мүмкін деген қорытынды шығаруға болады, - дейді Халимовтың бұрынғы әріптесі.

23 сәуірден бері еш хабар болмаған милиция полковнигі, Тәжікстан ішкі істер министрлігіне қарасты арнайы жасақ бастығы Гулмурод Халимов «Ислам мемлекеті» тобына қосылғанын хабарлап, Тәжікстанға «жиһадшы» болып оралатынын мәлімдеген видеожолдауын жариялады.

Гулмурод Халимов түскен видеодан скрин-шот.
Гулмурод Халимов түскен видеодан скрин-шот.

​Видеожолдаудың ұзақтығы - 12 минут 20 секунд. Видеожазбада Гулмурод Халимов Тәжікстан «мені бұл жолға ішкі істер министрлігінің намаз бен ислам киіміне қатысты саясаты және Ресей мен АҚШ-та өткен әскери дайындық итермеледі» дейді.

Ол видеожолдауына мерген қаруын асынып, басына қара сәлде орап түскен. Оның айтуынша, 2001 жылдан бастап мұсылмандыққа бет бұрып, намазға жығылған. Ол Тәжікстан мен ислам тарихын білгендіктен «Ислам мемлекеті» тобына саналы түрде кіргенін айтады.

Халимов көбінесе орыс тілінде сөйлеп, жолдауының аяғында ғана «ислам ұлтқа бөлмейді» деген бірнеше сөйлемді тәжік тілінде айтты. Жолдаудың кейбір кадрларынан азан шақырған үн естіледі.

Сапасы жоғары видео кадрларында «Фурот» логотипі көрінеді. Видеожазба мамырдың 27-сі күні жарияланған.

Бұдан алдын Тәжікстан ішкі істер министрлігі толық ақпарат беруден бас тартып, «қазір ОМОН командирінің қайда екенін анықтап жатырмыз» деп мәлімдеген.

Гулмурод Халимовтың туыстары оның Сирияға кеткеніне сенбейді.

Полковниктің 28 жастағы бауыры Назир Халимовтың айтуынша, Гулмуродтың телефоны өшірулі әрі оның өзі де хабарласпаған. Ол «ағамның болашақ жоспарлары көп болатын, ал Сирияға барамын деген мүлде ойы жоқ болатын» дейді.

Гулмурод Халимов.
Гулмурод Халимов.

​Бұдан алдын БАҚ Гулмурод Халимов жанындағы 10 адаммен бірге Сирияға аттанып кетті деп хабарлаған.

Бірақ Халимовтың қайда және қашан жазылғаны белгісіз видеожолдауында бір ай бойы қоғамды дүрліктірген сұрақтарға жауап бермеді. Ол АҚШ-та үш мәрте дайындықтан өтіп, үкімет наградаларымен марапатталған.

Полковниктің інісі Назир Халимов Азаттықтың Тәжік қызметіне видеода сөйлеп отырған адамның Гулмурод Халимов екеніне күмәнданатынын айтты. Оның айтуынша, видеодағы адамның бет жүзі мен дауысы ағасына қатты ұқсайды. Бірақ ағасының ешқашан мұндай сақалы болмаған. Осының өзі күманды.

Назир Халимовтың айтуынша, ағасы АҚШ пен Ресейден жақсы пікірде оралған.

- Ресейде ол 2003 жылы ма екен, әлде 2004 жылы болды. Өзіміз Ресейде жүргендіктен Ресей жайлы ештеңе демеді. Бірақ Америкадан оралғанда, сол ел туралы шабыттанып айтып берген, - дейді Назир Халимов.

1975 жылы Варзоб ауданында туған Гулмурод Халимов Тәжікстандағы азамат соғысы жылдары президенттік гвардияда қызмет еткен. Оқуын бітіргеннен кейін Тәжікстан ішкі істер министрлігі жүйесінде жұмыс істеп, сержант шенінен полковник, ОМОН командирі дәрежесіне дейін өскен. Ол Рашт және Хорог аудандарындағы заңсыз қаруланған жасақтарға қарсы операцияларға қатысқан. Үйленген, сегіз баласы бар.

(Мақаланы Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілері әзірлеген.)

XS
SM
MD
LG