Accessibility links

Қазақстаннан ИМ-ге мың адам қосылғаны рас па?


"Сирияға аттанған Қазақстандық жиһадшылармыз" деген адамдар. (YouTube видеосынан алынған скриншот).
"Сирияға аттанған Қазақстандық жиһадшылармыз" деген адамдар. (YouTube видеосынан алынған скриншот).

АҚШ-та «Ислам мемлекеті» (ИМ) тобы өз қатарына Қазақстаннан 1 мыңнан аса жасты тартқан деген дерек пайда болды. Ал қазақстандық саясаттанушылар санды емес, себебін ойлауды сұрайды.

АҚШ-тың контртеррористік орталығы дерегінше, «Ислам мемлекеті» ұйымы өз қатарына Тәжікстан, Қырғызстаннан жүздеген, ал Қазақстаннан 1 мыңнан астам жастарды тартқан.

Әлемнің кейбір елдері баспасөзінде азаматтарының «Ислам мемлекеті» қатарына қосылу үшін Сирия немесе Иракқа аттанып кеткені туралы ақпарат жарияланып жатыр. Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) директоры Александр Бортниковтың мәлімдеуінше, Повольже өлкесінің 200-ден аса тұрғыны Сирия мен Иракта «Ислам мемлекеті» жағында соғысып жүр. Қазақстандық саясаттанушылар Азаттық тілшісіне «Ислам мемлекеті» ұйымы жүргізіп отырған кең ауқымды ақпараттық науқан нәтижесінде рекруттер көбейіп бара жатқанын айтады.

Ерлан Карин, саясаттанушы

Ерлан Карин, саясаттанушы.
Ерлан Карин, саясаттанушы.

– Мұндай мәліметтерге баға бергенде сақ болу керек. Кейде Сирия, мен Иракта «Ислам мемлекеті» ұйымына байланысты қалыптасқан жағдайға қатысты талдауда сарапшылар да, кейбір елдердің арнайы қызметтері де бұл ағынға түрткі болған факторларды талдаудың орнына санға көбірек мән береді. Сондықтан ресми орындардың деректеріне сүйенген жөн.

Мысалы, Қазақстан мен Қырғызстанның антитеррорлық құрылымдары қазір жұмыс тәсілдерін өзгертіп, өзара жиі дерек алмасып тұрады. Қазақстан ҰҚК соңғы ақпарында ол жақта 300-ге жуық адам жүргенін хабарлаған. Ол жаққа Орталық Азия елдері азаматтары ғана емес, Еуропа, АҚШ, Австралия, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен де адамдар барып жатыр. Бұл – бірнеше фактор ықпал етіп отырған ортақ проблема. Мұның ең әуелгі себебі интернетте радикалды, террористік және экстремистік идеологияның еркін таралып жатуымен байланысты.

Былтыр «Ислам мемлекеті» ұйымы ағылшын тілінде «Табих» деген журнал шығарған. Ал биыл әлгі журналдың орыс тіліндегі екі санын шығарып үлгерді. Осыдан екі апта бұрын түрік тілінде жеке журнал шыға бастады. Қазір ұйым тарапынан ақпараттық экспансия мен кең ауқымды ақпараттық ықпал күшейіп келе жатқанын байқап отырмыз әрі рекруттер ағыны ұлғаюы мүмкін деген қауіп бар.

Расул Жұмалы, саясаттанушы

Расул Жұмалы, саясаттанушы.
Расул Жұмалы, саясаттанушы.

– «Ислам мемлекеті» ұйымы қатарындағы 1 мың қазақстандық қосылуы нақты дерек болуы мүмкін. Ол жақта 300-ге жуық адам жүр деген өткен жылдың статистикасын Қазақстанда ҰҚК да растаған. Біздің елде бүкіл салада ресми статистика мен бейресми дерек арасындағы алшақтық әдетте бірнеше есеге жетеді.

Негізі, жұртты бұл сан ғана емес, олардың жауынгерлік тәжірибе жинап, ортамызға оралатын отандастарымыз екені, бұл тенденцияның ұлғайып бара жатқаны шошытады. Алдыңғы жылы «Ислам мемлекеті» ұйымы қатарында біздің елден қосылған адам жоқтың қасы еді. Былтыр 300-ге жетті, ал қазір одан да көп. Қазақстанның ішінде бұл ағынды тоқтатуға қауқарлы, радикалды үгіт-насихатқа қарсы нақты шаралар байқалмайды.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы

Досым Сәтпаев, саясаттанушы.
Досым Сәтпаев, саясаттанушы.

– Қазақстан азаматтарының «Ислам мемлекеті» ұйымы қатарына қосылуына қатысты аталған кез келген санды салыстырмалы деп есептеуге болады. Мұндай сипаттағы ақпаратты алу өте қиын. Қазір ақпараттық соғыс қызып тұр, «Ислам мемлекеті» ұйымы «қатарымыз үздіксіз толығып, қаржылық қолдауымыз да мықты» деген сарында толассыз жарнама жүргізіп отыр.

Сарапшыларымыздың дерегінше, ұйымға әлемнің 70-ке жуық елінің азаматтары қосылған. Орталық Азиядан рекруттар ағылу себептерінің бірі – әлеуметтік-экономикалық жағдай. Өйткені жұрттың көбі ақша тапқысы келетіні жасырын емес. Оның үстіне ол жақта қомақты ақша төлейтінін де ескеру керек. Бірақ ең басты себебі – жастардың көбінің санасы баяғыда уланған. Орталық Азия елдерінде қалыптасқан әрі жөні түзу идеологиямен толыспаған идеологиялық вакуум қазір суррогатпен және экстремистік, террористік сипаттағы жалған діни идеялармен толықты.

XS
SM
MD
LG