Атырауда бүгін белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне қатысты сот процесі жалғасты. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, таңертеңгі сағат 10-да басталған сотқа журналистер бүгін де кіргізілмеді. БАҚ өкілдері сотты бөлек бөлмеде монитордан көріп, тыңдап отыр.
Бүгінгі сотта Боқаев пен Аянның қорғаушылары Гүлнәр Дәулешоваға бес талап-арыз түсірді. Қорғаушы әрі Талғат Аянның әкесі Төлепқали Аянов судьядан сотқа жер дауына қатысты мәселені алғаш болып көтерген Ерболат Досаев, Кәрім Мәсімов және Асқар Мырзахметовты куә ретінде шақыртуды ұсынды. Бірақ судья Дәулешова мұны қанағаттандырмады. Досаев көктемде жер дауы көтерілген кезде ұлттық экономика миинстрі болып тұрған.
Бұдан соң адвокат судьяға Атырау әкімі Нұрлан Ноғаевты, шымкенттік кәсіпкер, "жер мәселесіне қатысты митингілерді қаржыландырды" деген айыппен қамауда отырған Тоқтар Төлешовті және Атырау қаласының прокуроры Құттықовты шақыруды сұрады. Судья Төлешовтің сотқа тартылатынын айтып, ол талап-арызды да қабылдамады.
Адвокаттар судьядан Боқаев пен Аянды қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту немесе кепілмен босатуды сұрады. Судья "Боқаев алғашқы сот процесінде өзі "денсаулығының жақсы екенін айтқан", оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ" деп ол талапты да қабылдамады.
Сот процесінде қатаң бақылау орнатылған. Сот ғимаратының ішкі кіреберісінде күзет күшейтіліп, қатаң тексеру жүргізіліп жатыр.
Сот тыңдауын шетелден "Норвегиялық Хельсинки комитетінің" аймақтық өкілі Мариус Фоссум, Ресейдің Нижний Новгород қаласынан "Азаптаудың алдын алу комитеті" аймақаралық қоғамдық ұйымының өкілі Екатерина Ванслова, алматылық құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев, азаматтық белсенділер Әлима Әбдірова, Игорь Колов келген.
Сот процесі Атырау уақыты бойынша түстен кейін сағат 14:30-да қайта жалғасады.