Ақтау қаласында бүгін Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне жеткізілген Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннен жауап алғаннан кейін, тергеу деректері туралы жария етпеу туралы қолхат алып журналисті босатқан.
Сәния Тойкенді таңертең облыс әкімі Алик Айдарбаевтың тұрғындарға есеп беру жиынына бару үшін көршісінің автокөлігіне мініп, үйінен ұзай бергенде полиция тоқтатқан. Оған дейін облыс әкімдігі қызметкері журналистке телефон шалып, әкімнің қатысуымен өтетін жиынға кешігетін болса ішке кіргізбейтіні туралы ескерткен.
Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінде Сәния Тойкен мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company кәсіпорны кәсіподағының мүлкін талан-таражға салған деген күдікпен өткен айда қамауға алынған кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновке қарсы қозғалған №154700011000009 іске қатысты куәгер ретінде жауап берген. Тергеуші Айболат Мырзашев журналистен екі сағатқа жуық уақыт жауап алған. "Маған құқығымды түсіндірген жоқ, адвокаттың көмегіне мұқтажсың ба деп те сұрамады" дейді Тойкен. Ол бұл туралы тергеушіге берген жауабы бар хаттамаға жазып көрсеткен. Хаттаманың көшірмесі журналистке берілген.
Соңғы бір айдың көлемінде Сәния Тойкен бұл іс бойынша осымен екінші рет шақыртып, полиция жеткізілді. Бұған дейін оған полицияға шақырту қағазын қаңтардың 21-і күні, Сәния Тойкен Oil Construction Company (ОСС) компаниясы кәсіподақ ұйымы кеңсесіне жұмысшылардың сот тыйым салған аштық акциясы туралы материал дайындауға барған кезде тапсырған болатын.
Сәния Тойкен полиция басқармасынан Ақтаудағы азаматтық белсенді Нұрияш Әбдірайымовамен бірге шыққан. Бүгін таңертең оған да әкімдіктен хабарласып, "облыс әкімінің есеп беру жиынына келесіз бе?" деп сұраған. Жұма күні Ақтау драма театрына өткен әкім жиынында әлеуметтік мәселелер қозғалмақшы еді.
Нұрияш Әбдірайымова да бүгін әкімнің есеп беру жиынына бара алған жоқ. Таңертең оның үйіне келген полиция қызметкерлері №174700031000024 іс бойынша жауап алу үшін ішкі істер департаментіне алып барған.