Астанада "Абу-Даби Плаза" кешені құрылысы маңында шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасында сенбінің кешінде болған төбелестен кейін полиция сегіз адамның үстінен әкімшілік іс қозғаған. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның ақпаратында төбелес болған жерден Астананың Есіл аудандық ішкі істер бөліміне апарылған азаматтардың сегізіне қатысты әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама толтырылып, материалдары әкімшілік соттың қарауына жолданғаны айтылған. "Ұсталған өзге адамдармен алдын алу әңгімесі өткізілгеннен кейін олар босатылды" деп хабарлады ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Әкімшілік жауапқа тартылғандардың нақты кімдер екені полицияның ақпаратында көрсетілмеген.
Астанада үкімет ғимараттары орналасқан жерге жақын маңда жаңадан салынып жатқан "Абу Даби Плаза" кешені аумағында сенбінің кешінде нысан күзетшісі мен шетелдік азамат арасындағы жанжалдан туындаған қақтығысқа 30 шақты адам - Үндістан азаматтары мен жергілікті тұрғындар қатысқаны туралы бұған дейін Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған.
"Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин оқиға орнынан полиция бөліміне 41 қазақстандық азаматтың жеткізілгені туралы мәлімдеді", - деп хабарлады жергілікті басылымдар.
Полицияның мәліметі бойынша, оқиға барысында зардап шеккен шетелдік екі азамат ауруханаға жатқызылған. Бұған дейін ІІМ баспасөз хатшысы Алмас Сәдубаев Азаттыққа жанжалдан "жеңіл жарақат" алған екі адамнан өзге "ешкімнің зардап шекпегенін және қаза таппағанын" айтқан еді. Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев пен жексенбіге қараған түні оқиға орнында болған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қақтығысты "тұрмыстық дәрежедегі жанжал" деп сипаттаған.
Ішкі істер министрлігі "жағдайдың қалыпты және полицияның бақылауында" екенін хабарлап, тұрғындарды "орынсыз әрекеттерге бармауға, қауесетке ермеуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға" шақырған.