АҚШ-тың Флорида штатындағы Лоудердейл қаласында шеруге шыққан мыңдаған адам – оқушылар мен ата-аналары – биліктен қаруға бақылауды күшейтуді талап етті. Ақпанның 14-і күні Флорида штатындағы Поркленд қаласында мектепке жасалған қарулы шабуыл салдарынан 17 адам оқққа ұшып, соншама адам жараланған. Шеруге қайғылы оқиға болған Марджори Стоунман Дуглас мектебінің ондаған оқушысы қатысты.
Мектептегі қантөгіске куә болып, басынан өткерген жасөспірімдер федералдық сот ғимараты алдында қару туралы заңға өзгеріс енгізу қажеттігін айтып сөз сөйледі.
Солардың бірі студент Эмма Гонсалес азаматтардың қару иелену құқығын жақтайтын негізгі лоббистік ұйымның сөзін сөйлейтін саясаткерлерге қарата: "Ұлттық қару-жарақ қауымдастығынан жәрдем алатын әрбір саясаткер ұялуы керек!" – деп мәлімдеген. Ол аталған қауымдастықтан өзінің сайлау кампаниясына қолдау ретінде миллиондаған доллар көмек алғаны үшін АҚШ президенті Дональд Трампты сөккен. Жиында Гонсалестің сөзін қолпаштаған адамдар "Масқара!" деп айғайлаған. Делейни Тарр есімді тағы бір студент: "Мен білетін және жақсы көретін адамдар қару-жарақ туралы осы заңдардың кесірінен мерт болды. Мен енді ешқашан оларды көре алмаймын", - деп мәлімдеген.
Поркленд қаласындағы мектепке жасалған қарулы шабуылға күдікті – 19 жастағы Николас Круз өзгеге қиянат көрсетуге бейім оспадар мінез-құлқына қарамастан шабуыл мылтығын заңды жолмен сатып алған. 16 ақпанда АҚШ Федералдық тергеу бюросы қаңтар айында Николас Круз жаппай атыс жоспарлауы мүмкін деген ескерту хабар алғанын, бірақ агенттері оны қадағалай алмағанын мойындаған. Жергілікті полиция Круздың шабуыл алдындағы мінез-құлқынан хабардар болғаны туралы мәлімдеген. Жігіт ашу-ызаға бой алдырған кезде анасы бірнеше рет полиция шақыртқан.