Мамырдың 29-ында Вашингтонда сөз сөйлеген мемлекет хатшысы Майк Помпео АҚШ үкіметінің 2017 жылғы діни ахуалды саралап шыққан Халықаралық діни бостандық есебі "діни еркіндікті қорғау ісінде [үкіметтің] миссиясы үшін маңызды" екенін айтты.
- АҚШ қазір де, болашақта да әлем бойынша діни бостандықты қорғау ісіне берілген күйі қалады, - деді Помпео.
Мемлекет хатшысының сөзінше, құжатта 200-ден астам мемлекет пен терроиторияда үкіметтердің, террорлық топтардың және жекелеген адамдардың діни наным-сенім бостандығын қалай бұзып жатқанын көрсетеді.
АҚШ-та 1998 жылы қабылданған Халықаралық бостандық актісіне сәйкес бірқатар мемлекет "ерекше алаң тудыратын ел" (CPC - Country of Particular Concern) ретінде сипатталады. Бұл жолғы есепте CPC тізіміне кірген 16 елдің қатарында пост-советтік кеңістіктен Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан бар. Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Сауд Арабиясы мен Сирия да осы қатарда. Құжатқа сәйкес, бұл елдердің үкіметтері діни бостандықты жүйелі, тоқтаусыз және адам шошырлық түрде бұзу әрекеттерін көрмегенсиді.
Ал "жүйелі, тоқтаусыз және адам шошырлық" сипаттарының бірі табылған 12 ел есептегі екінші топқа түскен. Бұлардың арасында бұрынғы совет республикаларынан Қазақстан мен Әзербайжан бар. Ауғанстан мен Түркия да - осы топта.
АҚШ үкіметінің арнайы комиссиясы әзірлеген 220 беттік есептің алты беті Қазақстанға арналған. Кіріспе бөлім: "Келіспеушілік пен сәйкес келмеушілікті жалпылама қыспаққа алу кезінде, тіпті зайырлы азаматтық қоғам белсенділері терроризм айыбына ұшырап жатқан тұста Қазақстан үкіметі 2017 жылы діни бостандықты өрескел түрде бұзуын жалғастыра берді" деп басталады. Құжатта былтыр діни сенімін бейбіт түрде танытқаны үшін Қазақстанда 20 адамның түрме жазасына кесілгені жазылған.
"2011 жылғы Дін туралы заңы ("Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң" - ред.) күшіне енгенше Қазақстан діни наным-сенім бостандығына қатысты қуғындауы ең аз пост-советтік орталық азиялық ел еді. Бірақ дін туралы заң мүшелер санын көбейту арқылы тіркеу талаптарын қатайтып, тіркелмеген діни іс-шараларға, оның ішінде білім беруге, әдебиет таратуға және қызметкерлер дайындауға тыйым салады" деп жазады құжат авторлары.
АЗШЫЛЫҚТАРДЫҢ АХУАЛЫ
Құжатқа сәйкес, мұндай шектеудің кесірінен елдегі тіркелген діни топтардың саны күрт азайып, 48 "дәстүрлі емес" діни ұйымның 16-сы ғана тіркеуден өткен. 2013 жылға қарай тек мемлекет қолдайтын ҚМДБ-ға (бейресми түрде "мүфтият" деп аталады - ред.) қатысы бар мұсылман ұйымдары тіркеле алатын болып қалған. Шиит және ахмади мұсылмандар ресми мәртебе иелене алмаған. Есепте қазақстандық баптист христиандардың да ұйымдарын тіркете алмағандары, заңға сәйкес исламның ханафи мазхабы мен православие христиандығына ерекше мән берілгені, үкіметтің "секталарға қарсы орталықтарды" қаржыландыру арқылы діни азшылықтарға деген төзімсіздік көзқарасын қоздырып отырғаны баяндалады. Биліктің Қылмыстық кодекстің 174-бабын ("әлеуметтік және діни алауыздық қоздыру") кейбір діни қауымдастық өкілдерін соттау үшін пайдалануын халықаралық ұйымдардың сынағаны да атап өтіледі. 2017 жылы Дін туралы заңға өзгерту мен толықтыру енгізу туралы ұсыныстарға сәйкес балаларға діни білім берудің, жеке үйлерде ғибадат қылудың, азаматтардың діни көзқарастарын ашық талқылаудың шектеуге ұшырайтыны ескертіледі.
Оқи отырыңыз: Айыппұл төлемеген баптистің еркіндігі шектелді
Есепте Қазақстан үкіметінің ерекше кәріне ұшыраған христиан топтар ретінде баптистер, Жетінші күн адвентистері мен Иегова куәгерлері көрсетіледі. "Діни алауыздық тудырғаны үшін" сотталған Ықылас Қабдуақасов пен Асаф Гулиев және "айыппұл төлемегені үшін" еркіндігі шектелген Юрий Беккер мысал ретінде аталған. Қатерлі ісік дертіне шалдықса да, былтыр бес жыл түрме жазасын өтей бастаған Иегова куәгері Теймур Ахмедовтің жағдайы сипатталған Ахмедов биыл сәуірде президент рақымшылығына ілініп, босатылған.
АҚШ үкіметінің Халықаралық діни бостандық есебінде Қазақстандағы кейбір мұсылман азшылықтардың да қиын ахуалы қамтылған. "Қазақстанның христиандарының басындағы жағдай сияқты [мұсылмандарға қатысты да] үкімет прозелитизмнен, шетелдік діни қозғалыстармен және институттармен байланыстан және ресми діни саясатпен келіспеушіліктен күдіктеніп тұрады".
МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЖАЙЫ
Баяндама авторлары 2014 жылғы желтоқсаннан бері тек "Таблиғи жамағат" ұйымының 47 жақтасы түрме жазасына кесіліп, 14-інің бостандығы шектелгенін жазады. Былтыр Қазақстан билігінің талабы бойынша Сауд Арабиясы экстрадициялаған Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, этникалық өзбек, жергілікті салафи тобының жетекшісі Абдухалил Абдужаббаровтың сотталуы да есепке кірген. Ресейлік "Мемориалға" сілтеме жасаған құжат авторлары "шейх Халил" деген атпен танымал уағызшының "мемлекет қолдайтын молдалармен" келіспей қалған соң қудалануы мүмкін екеніне нұсқайды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "сақал мен балаққа" қатысты айтқан ескертпесі де назардан тыс қалмаған. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы "салафи топ өкілдерінің" полициядан қысым көргендері туралы шағымдары да сипатталған. "Діни ән тыңдағаны" үшін "терроризмді насихаттау" бабымен сотталған Шухрат Кибировтің жайы да есепке енген.
"Алаңдарлық бір жайт - 2017 жылы көзге түскен айғақ бойынша Қазақстан үкіметі діни тұтқындардың түрме жазасын ұсақ тәртіп бұзу оқиғаларын пайдалану арқылы соза түсіп, оларды қамауда қалдыра беруі мүмкін. Өзбекстанда бұрыннан бар практика" деп жазылған. Қазақстанда тыйым салынған "Хизб-ут-Тахрир" ұйымының мүшесі ретінде "терроризмді насихаттағаны үшін" сотталып, түрмеден шығуына бір жыл қалғанда жазасы қайта ұзарған Берік Әбдірахманов мысал ретінде келтірілген.
Құжатта жоғарыда аты аталған Абдужаббаров пен және бір тұтқынның рамазан айы кезінде түрмеде ораза ұстауға тырысқаны үшін қосымша жазалауға ұшырағандары туралы мәлімет бар. "Діни айып бойынша жазаға тартылған күдікті исламшыл фундаменталистерді мемлекет одан сайын оқшаулап жатыр" деп жазады есеп авторлары.
Ислам туралы тыйым салынбаған кітап үшін сотталып шығып, сот үкімінің үстінен арыз түсірген Абылайхан Шалымбаевтың хикаясы да құжатқа енген.
АҚШ үкіметінің есебінде Қазақстанның "экстремистік әдебиет" ретінде мұсылман топтар, ахмади мұсылмандар, христиандар, Харе Кришна мен Иегова куәгерлері қолданған 713 кітапқа тыйым салғаны жазылған.
Құжатта Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі жариялаған репортаждарға бірнеше мәрте сілтеме жасалған. Комиссия "Қазақстан ішіндегі оқиғалар туралы цензурасыз ақпарат, оның ішінде діни бостандыққа қатысты хабарлар үнемі таратылуы үшін" АҚШ үкіметін Азаттық радиосын тоқтаусыз қаржыландыруға шақырады.
Комиссия АҚШ үкіметі мен елшілігіне арнаған рекоммендацияларында Қазақстан үкіметін экстремизммен және терроризммен күрес науқаны аясында бейбіт діни топтардың құқықтарын бұзбауға және түрмедегі тұтқындарына адамгершілікпен қарауға шақыруға және елші деңгейінде діни белсенділермен тұрақты байланыс орнатуға үндейді. Халықаралық діни бостандық есебін АҚШ үкіметінің комиссиясы жыл сайын жариялайды. Былтырғы есепті мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ
Мамырдың 23-інде Қазақстан парламентінің мәжілісі пленарлық отырыста "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң жобасын мақұлдаған. Жобаға сәйкес кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни шараларға қатысуы үшін ата-аналарының келісімі керек болады.
Заң жобасында "деструктивті діни ағым", "діни радикализм" сияқты жаңа даулы ұғымдар бар. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің айтуынша, заң жобасының мақсаты – "мемлекет пен конфессиялар арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылау, дін саласын реттеу".
Оқи отырыңыз: "Хиджаб дауы": ондаған оқушы келесі сыныпқа көшпейді
Заң жобасында мемлекеттік қызметкерлердің діни әрекеттеріне байланысты талаптар, діни бірлестіктердің қызметін бақылау, жазалау мекемелеріндегі сотталушылардың діни әрекетін реттеу, шетелде діни білім алуға қатысты мәселелер қамтылған.
Жоба қоғамдық орындарда ниқаб киюге, құлшылық ету орындарынан бөлек жерде неке қиюға тыйым салады. Бұл талаптарды бұзғандарға айыппұл салынады. Бұған қоса, "діни мекемелердің ашықтық мәселелері" де қарастырылған. Яғни діни ұйымдар қаржылық есептерін ақпарат құралдарында жариялауға міндеттеледі.
Заң жобасына қатысты "Форум-18" құқық қорғау ұйымы сайтының редакторы әрі журналисі Феликс Корли үкімет әзірлеген діни бірлестіктер туралы заң жобасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындаудағы кемшіліктерді жоймай, керісінше еселей түседі деген пікір білдірген. Ал Орталық Азиядағы діни ахуал, ұлттық бірегейлік және совет мұрасын зерттеуші, Назарбаев университетінің доценті Хелен Тибо Азаттыққа экстремизмнің алдын алу шаралары ретінде көрсетілетін тыйымдар мен шектеулерден тұшымды нәтиже шықпайды, олар жаңа проблемалар тудыруы мүмкін деген болатын.
ПІКІРЛЕР