Accessibility links

Қазақстан полициясында реформа бола ма?


Алматы көшесіндегі полиция қызметкері. (Көрнекі сурет.)
Алматы көшесіндегі полиция қызметкері. (Көрнекі сурет.)

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді Алматының орталығында пышақтап өлтіру қылмысы қоғамдық қауіпсіздік мәселесін талқылауды бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өз өмірі үшін алаңдаған жұрт полицияның әрекетін сынап, ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті. Сарапшылар пікірінше, ендігі мәселе азаматтардың талабын құптап, ІІМ-де реформа бастауы тиіс билікке тіреледі.

Марқұм Денис Теннің туыстары мен достары шілденің 19-ы күні Алматыдағы Байсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы тұраққа көліктерін қалдырған адамдардан жәрдем сұрап үндеу жариялады деп хабарлады бейсенбіде Tengrinews сайты.

"Денис Тенді өлтірген қылмыскерлерге қатысты толық мәлімет жинауға көмек берулеріңізді сұраймыз. Мұндай атышулы істе расында да кінәлі адамдардың жазаланғаны өте маңызды", - делінген үндеуде.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына танымал спортшы Денис Тенмен қоштасуға келген адамдар. Алматы, 21 шілде 2018 жыл.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына танымал спортшы Денис Тенмен қоштасуға келген адамдар. Алматы, 21 шілде 2018 жыл.

Шілденің 19-ы күні осы екі көшенің қиылысында ауыр жарақат алған Денис Тен ауруханаға жеткізілген соң көп ұзамай қайтыс болған. Қылмыс жасалған күннің ертеңінде Алматы полициясы Теннің өліміне күдікті ретінде екі адамды ұстағаны туралы хабарлаған. Алматы прокуроры "күдіктілердің бірі айыбын мойындады" деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Денис Теннің қазасы қоғамды тіксінтті

Танымал спортшының Алматының орталығында тападай тал түсте кісі қолынан мерт болуы Қазақстан қоғамында резонанс туғызған. Қазақстан полициясының жұмысын Facebook әлеуметтік желі қолданушыларынан бастап Алматының қоғамдық кеңесі мүшелеріне дейін барша жұрт (көбінесе сын айтып) талқылады. Олар Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы ішкі істер департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың отставкаға кетулерін талап етті.


Тағы бір қазақстандық азамат – ақтөбелік КВН (көңілді тапқырлар клубы) командасының бұрынғы мүшесі Данияр Әлімбаевты пышақтап өлтіру қауіпсіздік мәселесіне қатысты қоғамдық пікірталасты одан сайын қыздырып, жұрттың Қазақстан полициясы жұмысының тиімділігіне қатысты күмәнін қоюлата түсті. Денистің қазасынан соң үш күннен кейін мерт болған Даниярды Ақтау қаласында пышақтап кеткен. Денис Тен тәрізді, оның да санына сұғылған пышақ күре тамырын зақымдаған. Әлімбаевты ажалдан құтқарып үлгермеген – қан көп жоғалтқан жігіт ауруханада жап тапсырған.

ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖӘНЕ ПОЛИЦИЯ ӘРЕКЕТІ

Денис Теннің қазасынан соң іле-шала Facebook әлеуметтік желісінде "ҚР ІІМ реформалауды талап етеміз" деген жабық топ құрылып, бір аптаға жетпей оған 15 мыңнан аса адам тіркеліп үлгерді. Жұрт Ішкі істер министрлігіндегі ықтимал өзгерістерді талқылап, билікпен диалог орнатуды, ІІМ-не қарасты оқу орындарын қайта құруды, парламент жанынан қоғамдық комиссия құруды, реформа барысын қадағалауды қоғам сеніміне ие сарапшыларға жүктеуді ұсынған (ұсыныстардың толық тізімін мына жерден көруге болады).

Алматы қоғамдық кеңесі жиындарының бірінде "қарапайым адамдар қылмыскерлерден қорғана алар еді, әрі ұрлық та азаяды" деген уәжбен травматикалық қару ұстауға рұқсат беру ұсынысы айтылды. Бұл ұсыныс әлеуметтік желілерде "Қоғамымыз трамватикалық қару ұстап жүруге, оны өз-өзін қорғау мақсатында ғана пайдалануға әзір ме?" деген пікірталасқа ұласты.

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Пікірлердің көпшілігі "қоғам әлі дайын емес" дегенге саяды. Ал Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың отставкаға кетуін талап етуге қатысты дау мүлде туған жоқ – қоғамдық кеңес мүшелері ұсынысты бірауыздан қолдаған. Әлбетте, бұл – тек ұсыныс сипатындағы шешім, екеуінің тағдыры бұдан әлдеқайда жоғары деңгейде шешілетін болады.

Қоғамның жіті назарына тап болған Алматы полициясы кейінгі аптада Денис Теннің өліміне жанама байланысы бар бірқатар шаралар өткізді. Мысалы, автокөлік базарларына рейд жүргізіп, ұрланған қосалқы бөлшектер саудасымен айналысатын алыпсатарларды іздеді (ресми болжамға сәйкес, Денис Тен автокөлігінің айнасын шешіп алуға тырысқан ұрылардың қолынан мерт болған). Ал қалалық ІІД сайтында құқық қорғау органдарының тиімді жұмысы туралы ақпарат жиі жариялана бастады. Мысалы, полицейлер Шығыс Қазақстан облысынан келіп, көлік ұрлаумен айналысқан топты, ал сосын Алматы қаласы мен Алматы облысы территориясында осындай қылмыспен айналысқан тағы бір көлік ұрлаушыны ұстағаны туралы хабарлады.

"Полиция рейді" қалалық ІІД сайтында "қаладағы криминогенді ахуалды сауықтыруға, Алматыда заңсыз жүрген тұлғаларды анықтауға, заңсыз миграцияның жолын кесуге" бағытталды деп көрсетілген "Мигрант" шарасына жалғасты. Денис Теннің өліміне күдіктілер Қызылорда мен Жамбыл облыстарының тумалары екені хабарланды. Шілденің 24-і мен 30-ы аралығына жоспарланған шараның алғашқы күнінде ғана полицейлер көші-қон заңын бұзған 133 шетелдік пен 22 Қазақстан азаматын әкімшілік жауапқа тартқан.

РЕФОРМА, СЕНІМ ЖӘНЕ КОРРУПЦИЯ ТУРАЛЫ

Құқық қорғау құрылымдарының белсенділігіне қарамастан, қоғам наразылығы бәсеңдемей тұр. Ал ІІМ-де реформа жүргізу қажеттілігі тақырыбы қоғамда әлі талқыланып жатыр. Саясаттанушы әрі Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Айдос Сарым қауіпсіздік мәселесі – депутаттан бастап шопанға дейінгі барша қазақстандықтарды біріктіретін үлкен проблема деп санайды. Бірақ, оның сөзінше, егер билік қоғам талабын елемей, шенеуніктерді отставкаға жібермесе және тиісті мәлімдемелер жасалмайтын болса, қоғамда қазіргі жағдайға биліктің көңілі толады деген пікір орнайды.

Айдос Сарым.
Айдос Сарым.

- Егер мына оқиға неліктен болды деген сұраққа келсек, бұл әбден қордаланып, Денис Теннің өлімі баршаға жайып салған ұзаққа созылған процесс екені айқын. Шын мәнінде, қазір полицияның уысында криминалды базарлармен қоса орасан бюджеттік мүмкіндіктер бар. Президент Назарбаев қысымның әсерімен шешім қабылдағанды ұнатпайтын кісі. Авторитарлы гибрид жүйелерде шешім қабылдау барынша күрделі процесс екені түсінікті, бірақ алдағы тоқсанның ішінде бұл [ІІМ-ді реформалау] болып қалуы ықтимал. Сондықтан енді билік өзіне әлеуметтік тұрғыдан қоғам жақын ба, әлде криминал, жемқорлық жайлаған ІІМ жүйесі жақын ба деп ойланып, таңдау жасауы тиіс, - дейді Айдос Сарым.

Тағы бір сарапшы, саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, кейінгі жылдары күш құрылымдары ұсынып, бірақ азаматтардың еркіндігі мен құқығын шектеген заң жобалары тиімсіз болып шыққан.

- Полиция әлгі бастамаларында (мысалы, қазақстандықтардан уақытша тіркеуге тұруды талап ету тәрізді) қауіпсіздік мүддесіне сілтейді. Бірақ өкілеттігі әбден күшейгенімен, полицейлердің жұмысынан тұшымды нәтиже көрінбейді. Ал қоғам мұндай әр бастамадан кейін қылмыс, ұрлық, кісі өлтіру, адам зорлау барынша азаяды деп үміттенеді ғой. Бірақ әлгі бастамалардың нәтижесін көрсететін кез жеткенде олардың қай-қайсысы да мүлде сәтсіз болып шыққанын көреміз. Қоғам әлдебір өзгерістерді дәл сондықтан талап етіп отыр, - дейді ол.

Астанадағы мерекелік шара кезінде көшеде тұрған полиция қызметкері. 6 шілде 2018 жыл.
Астанадағы мерекелік шара кезінде көшеде тұрған полиция қызметкері. 6 шілде 2018 жыл.

Талғат Қалиев үлкен өзгерістер жасалуы тиіс, өйткені бірінші кезекте полиция құрылымын немесе функциясын емес, олардың өз миссиясын түсіну деңгейін өзгерту маңызды деп санайды.

- Ол [полицияның жұмысы] заң бұзушылықтың алдын алуға, ашылған қылмыстар санын көбейтуге емес, қылмыс санын азайтуға бағытталуы тиіс, - дейді саясаттанушы. – Қазір әлдебір сараптамалық жұмыстарды тіпті техникалық тұрғыдан жүргізуге, ықтимал қатерлерді болжап, оларды алдын ала тойтаруға болады. Ең бастысы, халықтың сенімін қайтару үшін полиция барын салып жұмыс істеуі тиіс. Халық қылмысты ашуға, санын азайтуға көмектесуі, күмәнді немесе күдікті фактілер туралы полицияға хабарлап отыруы тиіс. Бірақ бұл үшін халықтың полицияға сенуі, полицияның шынымен өз ісімен айналысатынын, оның өз пайдасын емес, асқақ мақсаттарды мұрат тұтатынын білуі тиіс.

Ал Айдос Сарым қоғам мен биліктің ортасында ІІМ-нің табысты реформасына ұласатын диалог орнату үшін ең ұтымды сәт туып отыр деп санайды. Оның сөзінше, қазір жұрт өздігінен ұйымдасып жатыр, кез-келген комиссияға кіріп, кіммен болсын айтысып-тартысуға әзір. Ең бастысы – билік бұл мүмкіндіктен айырылып қалмай азаматтардың жәрдемін қабыл алуы тиіс.

- Егер осы нәрселерді дұрыстап ұйымдастырса, бұл жан-жақтан қолдау табар еді де, билік бұдан қаншама профит пен бонус алар еді. Мұндай реформаның қажеттілігін жоққа шығару үшін мүлде нақұрыс болу керек немесе коррупция жайлаған мына жүйемен әбден жымдасып алу керек, - дейді Талғат Қалиев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG