Азаттық: - Сот шешімі шығатын сәтте қандай көңіл-күйде болдыңыз?
Сайрагүл Сауытбай: - Негізі бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Шекараны заңсыз кесіп өткен кінәм анық. Ол – заң жүзінде қылмыстық әрекет. Сондықтан оң шешім болады деп ойламадым. Өйткені адам қолымен істегенін мойнымен көтеру керек. Осыған қарай жазасы болу керек деп ойладым. Сот шешімі менің пайдама шыққан кезде өзімнің қазақ болғаныма, қазақ елінің бір мүшесі болып қалғаныма [қуанып], өзімді өте бақытты сезіндім.
Азаттық: - Сот қамау туралы шешім шығарады деп ойладыңыз ба?
Сайрагүл Сауытбай: - Қылмыс жасағаным үшін жазаланатын шығармын деп ойладым. Өйткені жергілікті заңды толық түсінбеймін. Қандай шешім шығатынын білмедім. Шындығын айтқанда, барлығын сотқа қалдырдым.
Азаттық: - Жарыссөзде және судья сот шешімін оқып жатқанда өзіңізді салқынданды ұстадыңыз.
Сайрагүл Сауытбай: - Ол жерде көңіл-күйге беріліп, жылап отырсам, сөзімнің еш құны болмас еді. Қылмыс жасадың, демек оны көз жасымызбен шеше алмаймыз. Мен осы қағиданы өзіме принцип ретінде қарадым. Жыламай бәрін түсінікті тілмен айту керекпін дедім. Жыласам, сөзімнің жартысы бар, жартысы жоқ болар еді.
Оқи отырыңыз: Сот Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдырды
Азаттық: - Екі жарым ай Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отырғанда балаларыңызбен неше рет кездестіңіз?
Сайрагүл Сауытбай: - Бір рет көрдім. Екі баламды қатты сағындым. Екі жыл бойы екі баламды көрген жоқпын. Кейін Қытайда тыйым салынғанда тіпті дауыстарын ести алмадым. Сот залынан шыға сала балаларымды құшақтадым. Екі баламды екі сағат көрмесем, шыдай алмайтын едім. Бірақ тағдырға көну керекпін. Балаларыма жету үшін барлық қиындыққа шыдадым. Екі жарым ай абақтыда отырғанда түсінгенім, еркіндік деген ол бақыт екен. Түрмеде тағдыры сынған талай адамды көрдім. Қасақана қылмыс жасағандар, абайсызда қылмыс жасағандар отыр. Бірақ, шын мәнінде, шектеудің не екенін, еркіндіктен айырылудың қандай қиын екенін түсіндім. Ана ретінде айтарым, еркіндікті бағалау керек екен.
Азаттық: - Сіздің сотыңыз Қазақстан қоғамында көп талқыланғанын білдіңіз бе?
Сайрагүл Сауытбай: - Жоқ білмедім. Менде ондай мүмкіндік болған жоқ.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.
ПІКІРЛЕР