Қыркүйектің 14-і күні Түркіменстанның Дашогуз уәлаятындағы (облысы) дүкен алдында нан кезегінде тұрғандар арасында төбелес шыққан. Ұрыс-керіс барысында наразы жұрт нан тапшылығын көріп отырған елдегі жағдайға нанды кезексіз алмақ болған "халық ақсақалдарын" айыптаған.
Дашогуз уәлаятындағы ұн тартатын зауыт жанындағы дүкеннен нан кезегінде тұрған адамдар бір-бірін балағаттап, тіл тигізген. Олар нанды кезексіз сатып алмақ болған "Ил Яшулылары" ("Халық ақсақалдары") деп аталатын қарттарды итеріп, жолын кес-кестеген. Жиналғандар елдегі экономикалық дағдарысқа соларды айыптаған деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлық радиосы.
ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ НАН ТАПШЫЛЫҒЫ
"Әлі күнге дейін нан тапшы. Бүгін Дашогуз уәлаятындағы ұн тартатын зауыт жанындағы дүкен алдында кезекте тұрған адамдар (бір адамға екі наннан ғана беріледі) бір-біріне айғайлап, балағаттаған, кейбіреулер төбелес шығарған", - деп хабарлайды Азатлық тілшісі.
Оның айтуынша, атақ-дәрежесін пайдаланып кезексіз нан алмақ болған қарттардың әрекеті кезекте тұрған өзге жұрттың "ашу-ызасын" тудырған.
- Дашогуз қаласының төрт қариясы Түркіменстанның "Ил Яшулысы" атағын пайдаланып, нанды кезексіз алмақ болғанда адамдар оларға айғайлай бастады. Оларға тап беріп, "елді осындай халге жеткізген сендерсіңдер, соның кесірінен адамдар бір тілім нан таппай отыр. "Халық ақсақалы" емес, "қарын ақсақалысыңдар" деп айғайлады, - дейді Азатлық тілшісі оқиға куәгерлерінің сөзіне сілтеме жасап.
Нан кезегіндегі өзге адамдардан сөз естіген қариялардың аты-жөнін анықтау және олардан болған оқиғаның егжей-тегжейін анықтау мүмкін болмады.
НИЯЗОВТАН МҰРАҒА ҚАЛҒАН "ЯШУЛЫЛАР МАСЛАХАТЫ"
Бақылаушылардың айтуынша, Түркіменстан тәуелсіздігін жариялағаннан бері мемлекет басшылары "яшулылар" (ақсақалдар) институтын мемлекетті басқарудағы маңызды құрал ретінде пайдаланып келген.
Ел үшін маңызды шешімдер мен заңдарды былтырға дейін "Яшулылар Маслахаты" (Ақсақалдар кеңесі) деп аталған ұйым бірауыздан қабылдап, күшіне енгізіп отырды.
"Яшулылар Маслахатына" мемлекеттік шенеуніктермен бірге қарт тұрғындар да кіреді, билік оларды белгілі бір талаптарға сәйкес мұқият іріктеп алады. Мысалы, олардың арасында "олардың ақ сақалы болуы керек" деген сынды бет-әлпетіне қатысты талап та бар.
Бұл тәжірибені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов (Түркіменбашы) ұсынып, енгізген. Ол кезде бұл ұйым "Халық Маслахаты" деп аталатын.
2017 жылғы қазаның 1-інде "Яшулылар Маслахаты" қайтадан "Халық Маслахаты" болып атауын өзгертті. Түркіменстан президентінің қатысуымен өткен соңғы отырыста ақсақалдар кеңесі елдегі тұрғындардың тегін газ, су және электр жарығын пайдалануға қатысты жеңілдіктерін алып тастауды қолдап дауыс берген.
БИЛІК ДАҒДАРЫСТЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ
Дашогуздағы Азатлық тілшісі аймақта нан тапшылығы бар екенін айтады. "Халық қатты қиналып жатыр. Ұн мүлде жоқ. Халық ашығып отыр" дейді ол.
Түркіменстанда бидай жинау науқаны аяқталған соң ұн тапшылығы байқалды. Ел тәуелсіздік алғаннан бері ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр.
Азатлық тілшілері маусым айында Дашогуз уәлаятының Болдумсаз ауданында нан сатып алушылардан төлқұжат талап етіп жатқаны туралы хабарлаған.
Түркіменстанның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары елдегі дағдарыс туралы тіс жармайды, керісінше, азық-түлік мол деген хабар таратады. Мемлекеттік шенеуніктер елдегі экономикалық қиындықты ашық мойындамайды.
Үкіметтің отырыс, кеңестерінде жоғары көрсеткіштер жарияланып, өндірістің барлық саласында экономикалық табысқа қол жетіп отырғаны туралы айтылады.
ПІКІРЛЕР