"24/7"
Мелдібеков жасаған шағын мүсіндер, инсталляциялар, перформанстар, видео мен аудио арт Еуропа мен Азиядағы көрмелерге жиі қойылады. Оларды шетелдік музейлер сатып алады. Отанында суретшінің көрмесі сирек болады. Алғашқы көрмесі үш жыл бұрын Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде демеушілердің қаржысына өткен. Екіншісі Artmeken жеке галереясында қарашаның басында ұйымдастырылды.
Галереяға кіргенде жыпырлаған сандар жазылған қабырғаға тап келесіз. Бұл – Enter интерактивті инсталляциясы. Оны әр келуші өзі толтырған. Жаңадан келген адам біреудің жазған цифрын өшіріп, өз нөмірін қалдыруы тиіс. Суретші осылайша келушілерді цифрмен ойнауға итермелеген, символдық түрде алдыңғыларға "қысым жасау" әрекетін сипаттаған.
"Бұған қоса, осы арқылы көрмеге қанша адам келгенін білуге болады" дейді Мелдібеков.
Көрмеге қойылған "Таңба" атты жұмысы биыл Сингапурдің Ұлттық музейінде өткен Signature Art Prize байқауында финалға шықты. Байқауға 243 суретші қатысты. Туындыда бұзау терісіне салынатын таңбалар бейнеленген. Жануар өскен сайын таңба да жайыла береді. Ербосын Мелдібеков теріні фабрикадан сатып алып, кергішке керіп қойды.
Көрермендерге "Таңба" түрлі әсер қалдырды. Туындыны концентрациялық лагерьлер, Екінші дүниежүзілік соғыспен байланыстырғандар болды. Көрме кураторы Валерия Ибраева туындының түсі мен формасы жеке бас ерекшелігін жоятын сталиндік-гитлерлік тұжырымға ұқсайтынын айтады.
Үшінші жұмыс – "24/7". Көрменің аты да осылай аталады. Ербосын Мелдібеков танысына қолқа салып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы көркем фильмнің барлығын көріп шығуды сұрайды. Суретшінің танысы фильмді өз сөзімен баяндап береді. Фильмдердің жалпы хронометражы – 10 сағат. Баяндау 24 сағатқа созылады, радиобағдарлама форматында ұсынылған. Дауыс репродуктордан шығып тұрады. Жиырма жыл бұрын әр үйде сондай құрылғы бар болатын.
"ЕР-ТОҚЫМНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ"
Ербосын Мелдібековтың шығармашылығын арт-қоғам жақсы таниды, бірақ Қазақстандағы мәдениет өкілдері ол туралы аз біледі. Суретшінің бір туындысы Алматыдағы Панфилов көшесіне қойылғанда көрермендер жылы қабылдаған. Ол - балаларға арналған ағаш ат. Көлемі жылқы малымен бірдей.
Ағаш аттың арқасына қоладан құйылған бөксенің бедері салынған. Жұмыс "Ер-тоқымның пайда болуы" деп аталады. Әлеуметтік желіде ол туралы ақпарат тез тарады. Біреулер оны кекетті, енді бірі сынады.
Өнер көрмесінің кураторлары Мелдібековтің шығармаларын түсіну үшін көмек керектігін айтады. Панфилов бағындағы ат мүсіннің өзіндік тарихы бар. Ол танымал суретші Рустам Хальфин мен философ Жанат Баймұхаметовті еске алып, құрмет көрсету мақсатында жасалған.
Жиырма жыл бұрын Рустам Хальфин перформанс өткізді. Ол Жанат Баймұхаметовтен гипске жалаңаш отыруды сұрайды. Осылайша "мінсіз" ер-тоқым бедерін алғысы келеді. Суретшінің ойынша, бұл –номад мәдениетіне тән туынды. 18 жылдан соң перформанс кейіпкерлерінен тек Баймұхаметов тірі қалды. Ербосын Мелдібеков оның қатысуымен перформансты қайталады. Біраз уақыттан соң Жанат қайғылы жағдайда қаза тапты.
АРТ-РЕЗИДЕНЦИЯ
Мелдібеков Алматыдан жиырма шақырым қашықтықтағы бұрынғы совхозда тұрады. Ауыл шетінде жер телімі мен шағын үйі бар. Оның қасынан қос қабатты үй салып жатыр. Екінші қабатын шеберхана мен кітапханаға арнамақ.
Суретшінің айтуынша, жұмыстарын шетелде сатып, ақша тауып отыр. Қазақстанда оның еңбектерін ешкім сатып алмайды.
– Жаңа қазақтар қай кезде өнер туындысын алады? Алдымен үй салады, сосын жиһаз алады, содан кейін әйеліне немесе көңілдесіне арнап жиһазға үйлестіріп өнер туындысын алады. Бастысы, гламур дүние болуы керек. Шетелде керісінше, алдымен өнер туындысын алады, үйі мен жиһазын соған үйлестіреді, - дейді суретші.
Ербосын Мелдібеков өнерге жақсы өмір сүру үшін келген.
- Жасыратыны жоқ, Совет одағында мүсіншілер жақсы ақша табатын. Басында жоғарғы оқу орнына түсіп, көлік алып, жақсы өмір сүретін қазақ болғым келді, - дейді ол.
"Қазақстандық арманды" жүзеге асыру үшін Мелдібеков Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мүсін бөліміне оқуға түседі. Диплом алуға аз уақыт қалғанда Совет одағы құлайды.
– Көркем өнер қоры, көркемдік кеңес дегендер жоғалып кетті. Өнерге қатысы бар дүниенің бәрі шағын және орта бизнеске айналды. Барлық жерде ескерткіштер шығара бастады. Мен көптеген байқауларға қатыстым, бірақ үнемі жеңілдім. Заманауи суретші болуға ұмтылған жоқпын, тағдырым солай болды, - дейді ол.
Ербосын Мелдібековтың заманауи өнерді бейнелейтін алғашқы жұмыстарының бірі "Дамыған капитализмге ұмтылу!" туындысы соц-арт ретінде жасалған. Туындыда Вера Мухинаның әйгілі "Жұмысшы мен колхозшы әйел" монументінің кейіпкерлері ұстап тұрғандай орақ пен балға бейнеленген.
Кейін "Көксерек" арт-тобында жұмыс істеді. Бірнеше жыл Ербосын Мелдібеков Алматыдағы мектепте күзетші болды. Сол мектепте шағын шеберханасын ашты. 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасынан соң "Тәуелсіздік күні" видео-артын түсірген соң бәрі өзгерді. Видео-артқа интернетте тараған Жаңаөзен туралы видеоларды пайдаланды.
Ербосынның айтуынша, ақпарат аз болды, соавтор екеуі видеоны өз материалдарымен толықтырды. Өздері кадрлар түсірді, біреу шерушілерді қудалған полиция алдында сальто жасайды, біреу есіктің алдында тұрып, ақ жалау желпиді. Жайылған кірдің арасынан бетіне маска киген екі ер адам шығады.
Ербосынның өзі болған трагедиядан комедия жасағандарын айтады. Осы видеодан соң ол шеберханадағы жұмысынан айырылды. Оппозицияның бір бөлігі оған қарсы шықты.
– Осы видеодан соң оппозициядан түрлі жаман сөз естідім, бірақ сол фильм арқылы көпшілік Жаңаөзен оқиғасы туралы білді. Мен үшінші тараппын, суретші ретінде өз пікірім бар, - дейді ол.
"ТАРИХТЫ ӨШІРЕМІН"
Суретшінің үйіндегі балауыздан жасалған Лениннің бірнеше мүсіні бар. Мелдібеков "Мутация" атты туындысында Лениннің бет формасын сәл өзгертіп, басқа саяси қайраткерлерге –Шыңғысхан немесе Патриса Лулумбуге айналдырады.
"Ленин шыңы", "Коммунизм шыңы" инсталляциялары трансформация тақырыбына арналған. Бұл жұмыстар қол жуғыштан жасалған. Суретші қолжуғыштың түбін тау бедеріне ұқсатқан. Шыңдардың атауы үстемдік құрған идеяологияға сәйкес жиі өзгеріп отырады. Коммунизм шыңы жүз жылда жеті рет атауын өзгертті. Қазір оны "Сомани шыңы" деп атайды.
– Әуел баста қол жууға арналған заттарды қолданамын. Тарих шайылып жатқандай әсер қалдырады, - дейді суретші.
Мелдібеков Орталық Азиядағы саяси әлеуметтік процестерді түсінуге тырысады.
– Орталық Азия басқа уақыт кеңістігінде өмір сүреді, бұл жерде уақыт тез өтеді. Тез арада бәрі өзгеріп кетеді. 90 жылда таң қаларлық өзгерістер болды. Орталық Азияда коммунизмді құрттық деп мақтанатындар көп. Оны ешкім құртқан жоқ. Таңертең ұйқыдан тұрғанда Ленин жоғалып кетті. Енді оны іздеп жатыр. Біреу оны батыр түрінде көреді, біреу Ресеймен байланысты империяны қалайды. Ленин бір жерге тығылып қалған сияқты, - деді суретші.
ПІКІРЛЕР