Каракастан 30 қаңтарда ұшып шыққан Nordwind әуе компаниясының ұшағы Мәскеудің Внуково әуежайына қонды. Бұл ақпаратты ұшақтар қозғалысын бақылайтын FlightRadar ресурсы растады. Компанияның Boeing жолаушылар ұшағының қандай мақсатпен және не алып ұшқаны туралы әзірге расталған мәлімет жоқ.
29 қаңтарда Венесэула парламентінің депутаты Хосе Герра орталық банк елден 20 тонна алтынды шығарып жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Бірақ Герра алтынды тура Ресейдің өзіне апаратынын айтпаған.
Bloomberg агенттігінің дереккөзі Венесэула орталық банкі расымен де 20 тонна алтынды жөнелтейін деп жатқанын хабарлаған. Бұл - Венесэула алтын қорының 20 пайызын құрайды және оның құны шамамен 840 миллион долларға тең.
Венесэула қаржы министрі Каракасқа Ресейден бір де бір ұшақ келмегенін мәлімдеді. Ол алтын қорына қатысты сұраққа түсінік беруден бас тартты.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне Венесуэладан Ресейге алтын жеткізу жоспары туралы мәлімет естімегенін айтты. Агенттік сауалына жауап берген Песков "қазір түрлі жалған хабарға мұқият болу керегін" айтты.
28 қаңтарда Nordwind компаниясының ұшағы Каракасқа ұшып барған. Әуе компаниясы "Новая газета" басылымына ұшақ бортында жолаушылар болмағанын растаған. 29 қаңтарда ұшақ Каракастағы Симон Боливар әуежайында суретке түсіп қалған.
Компания өкілдері журналистерге ұшақтың Каракасқа жолаушысыз барғанын мәлімдеген.
Венесуэлада 2014 жылдан бастап саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты президент Николас Мадуроға қарсы ара-тұра акциялар өтіп келеді. Латын Америкасы елдерінің көпшілігі, оның ішінде Бразилия, АҚШ, Канада мен Израиль Мадуроны Венесуэланың заңды басшысы деп танымайды. 23 қаңтарда өткен наразылық шерулерінде Венесуэла парламентінің спикері Хуан Гуайдо өзін уақытша президентпін деп жариялаған. Ол митингіде ант қабылдап, елде жаңа сайлау өткізуге уәде берді.
Гуайдоны Латын Америкасы мен Батыс елдерінің көбі заңды басшы деп таниды. АҚШ Мадуро үкіметін табысынан айыру үшін Венесуэланың мемлекеттік мұнай компаниясына санкция салды. Вашингтон бұған қоса Гуайдоға Венесуэланың АҚШ банктеріндегі активтерін пайдалануға рұқсат берді.
Ресей Венесуэладағы дағдарыста николас Мадуроны қолдайды.
ПІКІРЛЕР