Қазақстан президенті мінген ұшақ 14 сәуірде Ислам Каримов атындағы әуежайға Ташкент уақытымен кешкі алтыға таман қонды. Тоқаевты Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов және Ташкент мэрі Жохангир Артыққожаев қарсы алды деп хабарлады жергілікті ақпарат агенттіктері.
Бұған дейін екі ел екінші президенттерінің алғашқы кездесуінде «маңызды» құжаттарға қол қойылатыны хабарланған. Сапарда әдеттегідей сауда, әлеуметтік-гуманитарлық мәселелерге қоса көлік-транзит мәселесі де талқыланбақ. Тоқаев сонымен бірге Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатыспақ. Сапар аясында президенттің БАҚ өкілдеріне арналған брифингі де жоспарланған.
Жергілікті ақпарат агенттіктері президент сапары қарсаңында Ташкенттегі басты көшелерде екі ел туы мен достығы жайлы билбордтар ілінгенін хабарлады.
Қазақстанда биылғы наурызда елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент ретіндегі өкілетін тоқтатып, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы қызметіне кіріскен. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы шетел сапарын Ресейден бастаған. Бірақ сол сапар «мемлекеттік» деген мәртебеге ие болған жоқ. Ресми билік бұл сапарды Тоқаевтың «алғашқы мемлекеттік сапары» ретінде атады.
ПІКІРЛЕР