«НАРАЗЫЛЫҚ ҰЛҒАЙЫП БАРАДЫ»
Ағылшынтілді Eurasianet.org сайтындағы «Қазақстан: үкіметке қарсы митингілер наразылық көңіл-күйдің артқанынан хабар береді» атты мақалада мамырдың 1-і күні Қазақстанның бірнеше қаласында өткен митингілер жайлы айтылып, полицияның наразылық кезінде «агрессивті тактика қолданғаны, шерушілерді ұстағаны» баяндалған.
Наразылық акциялары Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында өтті. Мақала авторының айтуынша, халық наразылығына «ұлттық деңгейде маңызы бар шешімдердің халық талқылауынсыз қабылданатыны» түрткі болған.
Eurasianet.org Алматыдағы митингіге қатысқан 52 жастағы Дархан Киреевтің сөзінен үзінді келтірген.
«Біз, қазақстандықтар, ашығын айтқанда, режим мен Қазақстанда болып жатқан жағдайдан әбден шаршадық. Біз елде демократия, сөз бостандығы болғанын қалаймыз. Бізде ешқашан демократиялық сайлау болып көрген емес».
Басылым наразылық акциясына анасымен бірге қатысқан 15 жастағы Диляраның «Біз бұл жерге өзгерісті қалағандықтан келдік» деген пікірін де қоса берген.
Біз, қазақстандықтар, ашығын айтқанда, режим мен Қазақстанда болып жатқан жағдайдан әбден шаршадық. Біз елде демократия, сөз бостандығы болғанын қалаймыз.
«Мамырдың 1-і күнгі наразылыққа халықты қазір Еуропада тұрып жатқан режим оппоненті, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов шақырды деген болжам бар. Қазақстан билігі әртүрлі қылмыстық айып таққан Әблязовке іздеу жариялаған. Бірақ шерушілер көшеге Әблязовтің үндеуімен шықты ма әлде ашық пікір білдірудің басқа мүмкіндіктерінен айырған билікке осылай наразылық білдірмек болды ма, ол жағы белгісіз» деп жазады басылым.
Eurasianet.org тілшісіне наразылық акциясына қатысушылардың тек кейбірі ғана Әблязов көзқарасын қолдайтынын айтқан. Кейбірі алаңға өзгерісті қалағандықтан шыққанын айтса, енді бірі сол маңнан өтіп бара жатып, наразылықты кездейсоқ көргенін жеткізген.
«Соңғы тұтқындаулар Назарбаев тұсында бекітіліп, Тоқаев тұсында жалғасқан биліктің қоғамдық наразылыққа төзбеу тенденциясының жалғасы» деп жазады Eurasianet.org.
Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің профессоры, саясаттанушы Эрика Мараттың айтуынша, азаматтардың еркін пікір айту құқығын шектеу мәселесі жаңа президентті шешімі күрделі дилемма алдында қалдырған.
«Егер наразылық акциялары әлеуметтік желіде бұрынғыша қызу талқылана берсе, митингілер жиілеп, эмоциялық реңкі артып, халықтың көп бөлігін қамтуы ықтимал. Үкіметтің [наразылықтың] алдын-алу және мақсатты түрде тұтқындау стратегиясы тиімсіз болып қалуы мүмкін. Сондықтан Тоқаев не Өзбекстандағыдай наразылыққа мүлде тыйым салуға не наразы халықпен өзара қарым-қатынас орнатып, олардың талаптарына жауап беруге мәжбүр болады» дейді профессор.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ
Оңтүстіккореялық International Policy Digest онлайн журналында жарияланған «Қазақстандағы адам құқықтары туралы» деген мақалада елдегі адам құқықтарының жиі бұзылатыны айтылған.
Автор, атап айтқанда тәуелсіз институттар әлсіздігі, жемқорлық, «толық пісіп жетілмеген» заңдар, бейбіт жиын өткізу құқығының бұзылуы, оппозицияға қысым көрсету, белсенділер мен журналистерді қудалау, азаптау мәселелеріне назар аударады.
Журналдың жазуынша, Қазақстан көптен бері әлемдегі жетекші мемлекеттер қатарына қосылуға талпынып келеді. «Бірақ режимнің сөзі мен ісі арасында үлкен айырмашылық бар. Билік адам құқықтары және демократия мәселелерін шешпейінше, Қазақстан «саяси шығанақ» болып қала береді» деп тұжырымдайды басылым.
International Policy Digest журналы Human Rights Watch ұйымының 2015 жылғы баяндамасына сілтеме жасай отырып, «елдегі адам құқығының ахуалы нашар және мәселені түбегейлі өзгертетіндей өзгерістер керек. Бірақ бұл өзгерістер өте баяу жүріп жатыр. Әрі кетсе, жағдай өзгермеді деп айтуға болады. Ал елдегі адам құқықтары бойынша қалыптасқан жағдай бұрынғыдан да ушықты» деп сипаттайды.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ҚЫТАЙ ЫҚПАЛЫ
Америкалық National Interest журналы сәуір айының соңында Бейжіңде өткен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» халықаралық жобасына арналған саммиті туралы жазып, «Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым көрсету күшейгенімен, Қытай бұл саясатының салдарын сезінген жоқ. Тіпті халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын елдер де үнсіз отыр» деп тұжырымдаған.
Бірақ National Interest Орталық Азияда Қытайға байланысты антипатиялық көңіл-күйдің де артып келе жатқанын мойындайды. Басылым мұны Бейжіңнің мұсылмандарға қарсы саясатын сынайтын қоғамдық пікірмен және халық арасындағы «Бір белдеу – бір жол» жобасының инвестициялық моделіне қатысты алаңдаушылықтың артуымен байланыстырады.
Қарай отырыңыз: Қытайдың әлем экономикасын "бағындыруға" тырысуы (Орыс тілінде).
Автордың пікірінше, Қытайдағы мұсылмандар – ұйғырлар, қазақтар, қырғыздардың қудалану мәселесіне барған сайын көбірек елдер назар аудара бастаған. Басында Қазақстан Қытайдағы этникалық қазақтардың жағдайы туралы ақпараттарды таратпауға тырысқан. 2018 жылы саяси тәрбиелеу лагерьлеріндегі (Шыңжаңдағы қамау орталықтары – ред.) жағдайды көзімен көрген куәгерлер көбейген соң, мәселе халық назарына ілінген.
Онлайн басылым «ұлттық араздық қоздыру» бабы бойынша айыпталған «Атажұрт еріктілері» ұйымының белсендісі Серікжан Біләштің тұтқындалуы - Қазақстан билігі мәселенің «нәзіктігін» түсінгенімен, талқылауды барынша басып тастауға тырысатынын көрсетті» деп жазады. National Interest пікірінше, бұл Қазақстанда Қытайға қарсы жаңа наразылық акцияларының басталуына себеп болуы мүмкін.
Басылым этникалық қазақтарды қудалау мәселесі Қытаймен екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібінен түспейтінін айтады. «Өйткені Шыңжаңда тұратын бір жарым миллионға жуық этникалық қазақтың Қазақстанда туыстары бар» деп жазады National Interest.
Басылым Қазақстанда Қытайға қарсы көңіл-күй Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасын таныстырғанға дейін әсіресе, 2010 жылы болғанын еске салады. Содан бері «Бір белдеу – бір жол» жобасына байланысты қытайлардың еңбек миграциясы, қазақстандық ресурстар мен активтерге қытай азаматтарының иелік етуі сияқты мәселелер қоғамдық наразылық туғызып келеді.
2018 жылы Қазақстан халқының «Бір белдеу - бір жол» жобасына қатысты пікірін анықтауға арналған сауалнамаға қатысушылардың төрттен бірі бұл бастамаға қарсы екенін, респонденттердің 27 пайызы негативті қабылдайтынын айтқан. Автор осыған ұқсас көңіл-күй Қырғызстанда да байқалатынын атап өткен.
САЯСИ ЫҚПАЛ ҮШІН КҮРЕС
Америкалық Wall Street Journal журналында Орталық Азиядағы Қытай мен Ресей ықпалының арта бастауы сарапқа салынған.
«Көп батыс бақылаушылары Қытай Орталық Азияда басты орынды иеленіп, Ресейді ығыстырады. Ресей экономикасы стагнация жағдайында тұр. Мәскеуден Бейжіңге дейінгі аймақ елдеріне Қытай нарығының үлкендігі, оның арзан тұтыну тауарлары және аймақты темір жол және автомобиль желісімен қамтуға миллиардтаған қаржы бөлу туралы міндеттемесі тартымды көрінеді» деп жазады журнал.
Мақала авторларының пікірінше, бірақ соған қарамастан Ресейдің Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы тығыз. Мысалы, Қырғызстан халқының он пайызы Ресей аумағында жұмыс істеп, елде қалған туыстарына ақша жібереді.
Бұдан бөлек, Wall Street Journal Ресейдің Қырғызстан әскері және қауіпсіздік қызметімен тығыз қарым-қатынаста екенін атап өтіп, ал Қырғызстандағы Қытай инвестициясы даулы мәселеге айналғанын алға тартады. Басылым осы орайда Қырғызстанда тіркелген жемқорлық фактілеріне сілтеме жасайды. Журнал Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалау мәселесі де Орталық Азиядағы Қытайға қарсы көңіл-күйдің артуына әсер етіп отырғанын жазған.
«Қытайдың Орталық Азиядағы болашағы бұлыңғырлау, ал Ресейдікі - көп адам ойлағаннан да анығырақ» деп жазған автор бұл АҚШ-тың сыртқы саясатына қиындық тудыруы мүмкін деген болжам жасайды.
«Көп америкалық сарапшы Ресей Қытайдың Еуразиядағы ықпалын бәсеңдету үшін АҚШ бастаған коалицияға қосылады деп үміттенеді. Бірақ Ресейдің Орталық Азиядағы позициясы нығайған сайын, Мәскеу Қытайдан қорқып батыспен байланысын қалпына келтіреді деген болжамның орындалу ықтималдылығы азая түседі. Қытайдың Ұлы жібек жолы бойындағы елдерге экономикалық инвестициясы Ресейдің саяси жетекшілігіне әсер етпесе, Бейжің мен Мәскеудің АҚШ-қа қарсы әріптестігі 1950-жылдардағы кеңес-қытай одағынан да мықты болуы мүмкін» деп жазады Wall Street Journal.
ПІКІРЛЕР