Шымкенттегі Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының жан сақтау бөлімінен шығып, хирургия бөліміндегі палатада есін енді жиған Жұпар Есмағамбетова шілденің 4-і күні Азаттық тілшісін жоқтау айтып қарсы алды.
- Ішім күйіп барады. Жарылыс болмағанда өлмейтін еді ғой ол. Азаматымнан айырылып қалдым. Шалымның орнын ешкім, ештеңе де толтыра алмайды. Не өлігіне бара алмадым, не жаназасын шығара алмадым. Басын сүйеп ризашылығын алмадым ғой. Үйде қызым мен балам құран оқытып жатыр. Мен болсам, ауруханада орнымнан тұра алмай жатырмын. Кімге айтып, мұңымды шағамын, - деді де шерлі әйел қол орамалымен бетін жауып, еңіреп жылады.
«СЫРТЫМ – БҮТІН, ІШІМ – ТҮТІН»
Жұпардың күйеуі 55 жастағы Панабек Есмағамбетов маусымның 24-інде Арыстағы оқ-қару қоймасы жарылған кезде үйінен әйелі және баласымен бірге қашқан. Жол-жөнекей снаряд тиіп, қансырап, қайтыс болған. Марқұмның денесін жедел-жәрдем қызметі Ордабасы ауданындағы мәйітханаға жеткізген. Туыстары оның қайтыс болғанын екі күннен кейін білгендерін айтады. Маусымның 26-сында Шымкенттегі «Ақмешіт» мешітінде жаназасы шығарылған Панабек Есмағамбетов қаладағы зираттардың біріне жерленді.
Арыста қару-жарақ қоймасы жарылған күні Панабектің әйелі мен баласына да снаряд жарықшағы тиіп, жаралы еткен. 55 жастағы Жұпар Есмағамбетова облыстық ауруханада, ал баласы 12 жастағы Қайырбай Юсуф облыстық балалар ауруханасында емделіп жатыр.
Жұпар маусымның 24-і күні болған оқиғаны шошына еске алады. Күтпеген жерден жараланып, Шардара аудандық ауруханасының жан сақтау бөліміне түскен баласы екеуі маусымның 28-інде Шымкенттегі Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Баласы облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.
- Мына жерде сыртым бүтін дегені болмаса, ішім түтін. Арыс [қару-жарақ қоймасы] жарылмағанда, күйеуім қайтыс болмайтын еді. Маған көмекке үкіметтен бір де бір адам келмеді. Сырттан көмек беремін дегені маған керек емес, - деді ол ашуланып.
Жұпар Есмағамбетова өздігінен тұрып жүре алмайды. Жарақатын жуып, тазалағанда медбикелер оны мүгедектер арбасымен алып жүреді. Қасында күтушісі де жоқ. Үлкен ұлы мен қызы «әкесінің бейсенбілігін беру үшін» Арыстағы үйіне кеткен.
«ДЕНЕСІН МӘЙІТХАНАДАН ТАПТЫҚ»
Жұпар Есмағамбетова Арыс темір жол станциясында диспетчер болып жұмыс істейді. Марқұм күйеуі Панабек Есмағамбетовтің мамандығы сантехник болған. Үш баласы бар. Қызы – тұрмыста. 25 жастағы үлкен ұлы Ерсін Есмағамбетов фельдшер мамандығы бойынша үш жыл бұрын оқу бітірген. Жұмыс таппаған соң Нұр-Сұлтан қаласына құрылысшы болып жұмыс істеген. Кенже баласы 12 жастағы Қайырбай Юсуф мектеп оқушысы.
- Маусымның 24-і күні таңертең қораны әктейін деп шыққам. Күйеуім жұмыстан келді. Тарс еткен дыбысты естідік. Екінші рет жарылыс болғанда жұртпен бірге күйеуім, балам - үшеуміз қаштық. Жан-жағымыздан снарядтар ұшып жатты. Көк түтін. Мешіттің жанына келгенде үйдің қабырғасына тығылдық. Баламның бір қолынан - мен, бір қолынан күйеуім ұстап алған. Тағы бір рет жарылыс болғанда жолға шығып қаштық. Балам "қолым" деп айқай салды. Шыңғырып жылады. Қарасам, күйеуім жоқ. Баламды қан жауып кетіпті, - дейді ол.
Жұпар Есмағамбетова аяқ-қолы ұйып қалған баласын көтеріп кетіп бара жатқанда өртенген жерді басып, табанын күйдіріп алған. Сол сәтте арқасына снарядтың қалдығы қадалған. Әлсіресе де, баласының қанға боялған киімін көріп, аман алып қалу үшін жанталасып жүре берген. Жарылысты естіген күйеу баласы Шымкенттен Арысқа келіп, қансыраған ана мен баланы тауып Байырқұм ауылына алып барған.
Көлікте отырып бірнеше рет күйеуіне телефон шалған. Байырқұмға жете бергенде телефонды бейтаныс адам көтерген. «Күйеуім қайда? Телефонды беріңізші» дегенде «Келіп алып кетіңіздер» деп жауап берген. Отбасы мен туған-туысы Панабек Есмағамбетовтің өлі-тірісін білмей екі күн іздеген. Суретін әлеуметтік желімен таратқан. Үшінші күні үлкен ұлы денесін мәйітханадан тапқан.
- Балам әкесінің өлі денесін көрді. Басына, бүйрегіне снарядтың қалдығы тиіпті. Жаназасына қатыса алмадым. Маған келген туған-туыс басу айтып жатыр. Қалай үндемеймін. Өзегім өртеніп барады, - дейді Жұпар Есмағанбетова.
«АРЫСҚА ҚАЙТЫП БАРМАЙМЫЗ»
Жұпар Есмағамбетова ұлы екеуінің зәре-құты қашқаны соншалықты - Арысқа қайтып барғылары келмейтінін айтады. Оның сөзінше, облыстық балалар ауруханасында жатқан баласы Қайырбай Юсуфтың жүрегі шайлығып қорқып қалған. Күнде хабарласып, «Мама, Арысқа бармаймын» деп жылайды. Шардарадағы аудандық ауруханада шешесімен бірге жатқан кезде түнімен шошып сандырақтап жылап шыққан.
- Кеше (шілденің 3-інде – ред.) өзін «генералмын» деп таныстырған әскери адам келді. «Айыптымын, міне, басым, алыңыз. Кешіріңіз» деді. Мен оның басын қайтемін. Не десе де, қандай көмек берілсе де, күйеуімнің орнын толтыра алмайды. Үкімет салғырт болмағанда, күйеуім қайтыс болмайтын еді, - деді Жұпар ашынып.
Жұпар Есмағамбетова Арыстағы үйін тастап өз бетімен Шымкент қаласына көшіп келуге жағдайы жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, қаза тапқан күйеуі Арыстағы үйін салып біту үшін үш несие алған. Несиесін төлеп бітпеген. Үлкен ұлы – жұмыссыз.
- Қарапайым жұрт хабарласып, көмектесіп жатыр. Үкіметтен бір адам келіп қайғымызбен бөлісіп, алдымнан өтпеді. Жағдайымызды сұраған жоқ. «Арысқа бармаймын» деп шырылдаған баламды қайда тастап кетемін? Оны «Арысқа барасың» деп қалай көндіремін? Өзімнің де Арысқа қайтып барғым келмейді. Бармаймын да. Бізге баспана берілсе дейміз. Үкімет бір бөлмелі болса да, Шымкенттен үй алып берсе екен, - деді ол.
Азаттық тілшісі жарылыс кезінде қайтыс болған Панабек Есмағамбетовтің отбасына үкіметтен қандай көмек берілетінін сұрап, Түркістан облыстық әкімдігіне хабарласқан. Облыс басшылығы Арыс қаласының әкімдігіне сілтеді. Ал Арыс қаласының әкімдігінен қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.
Маусымның 24-інде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылып, үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам жараланған. Төтенше жағдай комитетінің мәліметінше, Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген. Үкімет Арыстағы жарылыстан қираған үйлерді қалпына келтіруге уәде берген.
Үкіметтің мәліметінше, жарылыс болған күні 39 мың адам қаладан қашып шыққан, үш мыңнан астам адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен.
Қарай отырыңыз: "Жеті баламмен жаяу қаштым" (26 маусым 2019 жыл).
Маусымның 27-сінде Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы 10 жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына қайтып бармайтындарын айтып, жеке бас қауіпсіздігі үшін биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ал Түркістан облысы әкімдігі мен Шымкент әкімдігі «Арыс тұрғындарына беретін үй жоқ» деген.
Маусымның 28-інен бері көршілес елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне орала бастады.
Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Билік жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған деп хабарлаған.
2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.
Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР