Accessibility links

Гүлнара Каримованың резиденциясын Мирзияевтің күйеу баласына бермек


Шавкат Мирзияевтің күйеу баласы, президент қауіпсіздігі қызметі төрағасының орынбасары Отабек Омаров (сол жақта).
Шавкат Мирзияевтің күйеу баласы, президент қауіпсіздігі қызметі төрағасының орынбасары Отабек Омаров (сол жақта).

Өзбекстанның триатлон федерациясының жетекшісі, Шавкат Мирзияевтің күйеу баласы Отабек Омаров бұрынғы президенттің қызы Гүлнара Каримовадан кәмпескеленіп алынған резиденцияны иеленуі мүмкін.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримовадан кәмпескеленген резиденция Ташкент облысы Бостандық ауданы "Сижжак" демалыс орнында орналасқан. "Ірі көлемде қаржы жымқырды", "салықтан жалтарды" деп айыпталған Каримоваға үкім шыққан соң бұл нысанды мемлекет өзіне қайтарған.

Ақпарат бойынша, бұл резиденция элиталық нысандар қатарына кіреді. Сарай аумағында қонақ үйлер, үш бассейн, амфитеатр және өзге де нысандар бар.

24 шілдеде Өзбекстандағы нормативтік-құқықтық актілерді талқылауға арналған порталда үкімет қаулысы жарияланды. Онда Гүлнара Каримоваға тиесілі болған резиденция жөнінде де ақпарат бар. Құжат жобасына сәйкес, дене шынықтыру және спорт министрлігі, ұлттық олимпиада комитеті және бас прокуратураның мәжбүрлеп орындату бюросының келісімімен резиденцияны Өзбекстанның триатлон федерациясына беруді ұсынып отыр. Мәселе ғимаратты барлық жабдықтарымен бірге тегін қолдану жайлы болып отыр.

Үкімет қаулысына сәйкес, демалыс аймағында триатлон бойынша ұлттық құрама спортшыларына арналған оқу-жаттығу нысанын салу жоспарланып отыр. Оған 15 миллиард сум (шамамен 1,7 миллион доллар) жұмсалмақ.

Өзбекстандағы триатлон федерациясының төрағасы Отабек Омаров - қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің күйеу баласы. Ол президенттің қызы Шахноза Мирзияеваға үйленген. Шахноза Мирзияеваның өзі 2018 жылдан бері елдің мектепке дейінгі білім беру министрлігінде басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істейді. Ал оның күйеуі Омаров наурыз айынан бері президенттің қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді.

Жақында Отабек Омаров Ташкент орталығындағы көшелердің бірінде түнде көлікпен жарысып, ақпарат құралдарының назарына ілінген. Қымбат Tesla көлігін мінген Омаров сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүрген. Бұл ақпаратты Азаттықтың Өзбек қызметі таратты. Кейінірек Ташкент қалалық ішкі істер басқармасы оған 1 миллион 800 мыңнан астам сум (шамамен 200 доллар) көлемінде айыппұл салған. Ол айыппұлды төлеп жатып, "жергілікті және шетел ақпарат құралдарына қырағылығы үшін алғыс айтқан".

Өзбекстан президентінің күйеу баласының көлік жарысы (Орыс тілінде).

Ночные автогонки зятя президента Узбекистана
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:59 0:00

Шавкат Мирзияев ұзақ жылдар бойы Ислам Каримовтің командасында жұмыс істеген. Ол елдің премьер-министрі болды, Жызақ, Самарқанд облыстарын басқарды. 13 жыл бойы ел үкіметін басқарған Мирзияев Каримов өлген соң уақытша президент болды. 2016 жылы желтоқсан айында өткен кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жетіп, мемлекет басшысына айналды. Осыдан соң Каримов кезінде тағайындалған күштік құрылым жетекшілерінің барлығын қызметтен кетірді. Кейбірі жемқорлық бойынша айыпталып, сотталды. Жақында елдің бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров 10 жылға бас бостандығынан айрылды.

Шавкат Мирзияев отбасы мүшелерімен бірге.
Шавкат Мирзияев отбасы мүшелерімен бірге.

Гүлнара Каримова әкесінің тірі кезінде-ақ "қудалана" бастаған. 2015 жылы батыста оның жемқорлық әрекеттеріне байланысты зерттеу жүріп жатқан шақта Өзбекстанда "салықтан жалтарды", "қаржы жымқырды", "қаржы бопсалады" деген күдікке ілініп, сот оның бас бостандығын шектеді. Әкесі өлген соң 2017 жылы желтоқсан айында Өзбекстан соты оны 10 жылға соттап, кейіннен жазасын жұмсартып, түрме жазасын үйқамаққа ауыстырған.

Алайда 2019 жылы наурыз айында Каримованы қайта түрмеге ауыстырды. Билік өкілдері оны "интернетке кіріп, байланыс құралдарын қолданды, осылайша үйқамақта болу шарттарын бұзды" деп айыптады. Осы айда Каримованың швейцариялық адвокаты Грегуар Манжа Ташкенттегі түрмеде отырған Каримовамен кездесе алмағанын айтқан еді. Оның айтуынша, экс-президент қызының денсаулығы түрмеде нашарлаған, 18 шілдеде оған жедел жәрдем көлігін шақыртқандықтан адвокатымен кездестірмей қойған.

Гүлнара Каримова кезінде Өзбекстандағы ең ықпалды адамдардың бірі ретінде саналған, кейбір сарапшылар оны "президент мұрагері" ретінде де атаған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG