Accessibility links

"Путин өмір бойы басқаруға қамданып жатыр". Ресейде үкімет ауысты


Ресей президенті Владимир Путин қаңтардың 15-і күні Федералды жиынға жолдауында Конституцияға елдің саяси жүйесіне әсер ететін бірқатар өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасады. Арада бірнеше сағат өткенде, 2012 жылы Путин Кремльдегі билік басына қайта оралғаннан бері премьер-министр болып істеп келген Дмитрий Медведев пен ол басқарған үкімет отставкаға кетті. Путин Ресей үкіметінің басшылығына Федералды салық қызметінің жетекшісі Михаил Мишустинның кандидатурасын ұсынды. Путиннің бастамасы мен Медведев үкіметінің отставкаға кетуінің астарында не жатыр?

Путин Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары деген жаңа лауазым енгізетінін хабарлап, бұл қызметке Дмитрий Медведевті тағайындайтынын айтты.

"Дмитрий Анатольевич үнемі біздің қорғаныс қабылетіміз бен қауіпсіздігімізді арттыру мәселелерімен айналысып келді" деді президент (ТАСС келтірген цитата). Медведев кездесуде келесі министрлер кабинетінің құрамын бекіту бойынша шешімді президент қабылдайтынын айтты.

Медведевтің жаңа қызметі оның кандидатурасы премьер-министр лауазымына қайта ұсынылмайды дегенді білдіре ме, жоқ па, белгісіз.

Михаил Мишустин.
Михаил Мишустин.

53 жастағы Михаил Мишустин он жылдан бері Ресейдің салық қызметін басқарып келді. Еңбек жолында бизнес пен мемлекеттік құрылым арасында бірнеше рет қызмет ауыстырған. Бір кездері үш министрдің тұсында салық вице-министрі, ал жеке кәсіпкер ретінде UFC Capital Partners компаниясының президенті болып істеген. UFC Capital компаниялар тобы активтерді басқару бойынша қызмет көрсетеді. Компания кеңселері Ресей экономикасы үшін маңызды саналатын Люксембург және Кипр сынды елдерде орналасқан. Аталған аумақтар оффшорлар қатарына кіреді.

Ресейдің бұрынғы премьер-министрі, "Халық еркіндігі" партиясының ("Партия народной свободы") жетекшісі Михаил Касьяновтың пікірінше, үкімет отставкасы президент жолдауымен тікелей байланысты, бірақ техникалық сипатта.

Шындығында бұл жолдаудың негізгі мәні – Путин еш жаққа кетпейді дегенді білдіреді.

- 15 қаңтарда Путин жолдауында үкіметті жасақтаудың жаңа форматы туралы айтты. Қазіргі формат қатты өзгермейді, бірақ әр министрдің кандидатурасы Мемлекеттік думада талқыланады. Сондықтан жолдаудан кейін бәрінде позитивті, маңызды әсер қалуы үшін, мен бұл әдісті елдегі "имитациялық қозғалыс" деп атаймын, осы бағытта әрекет ету керек. Путин осы бағытқа бет түзеді. Шындығында бұл жолдаудың негізгі мәні – Путин еш жаққа кетпейді дегенді білдіреді. Ол қазір мұнысын Мемлекеттік дума мен Федерация кеңесінің рөлін күшейту сияқты қадамдарымен жылы жауып қоюға тырысып жатыр. Ресейліктердің миына бәрі жақсы жаққа қарай өзгереді, үкімет құрамы бойынша бұрынғыдан көп талқылау болады дегенді құйып жатыр. Конституцияға мұндай өзгеріс енбеген қазірдің өзінде Путин айтқан Думада жаңа министрлерді тағайындау мәселесін талқылауға еш кедергі жоқ. Мен мұны азаматтардың назарын 15 қаңтарда Путин айтқан "Мен, Путин, ешқайда кетпеймін, бірақ бұл үшін билік вертикалін күшейту керек" деген негізгі ойдан басқа арнаға аударуға талпыныс деп түсінемін.

– Көп адамға Дмитрий Медведев 2008-2012 жылдар аралығындағы өтпелі кезеңде президент орнында уақытша отырып, Путинге адалдығын дәлелдеген, ешқайда кетпейтін, елде үнемі екінші деңгейлі тұлға болып қалатын "қасиетті сиырға" айналғандай көрінді. Қазір оған осындай декоративті лауазым ұсынып отыр. Бұл Медведевтің тым болмаса теледидар деңгейіндегі саясаткер ретінде де өлгенін білдіре ме?

Ресейдің бұрынғы премьер-министрі, саясаткер Михаил Касьянов.
Ресейдің бұрынғы премьер-министрі, саясаткер Михаил Касьянов.

– Шындығында Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары – жарқын әрі бірден көзге түсетін қызмет емес. Бірақ соған қарамастан, Медведев жым-жылас жоғалып кетеді деп ойламаймын. Олай емес. Мысалы, оған мемлекеттік корпорациялардың бірінен немесе сот жүйесінен жақсы бір лауазым таңдап береді. Ол жерге жай ғана отыруға барады. Сондықтан Путин жолдауда адамдарға Ресейде "ғаламдық өзгерістер" болып жатыр деп түсіндірді. Бірақ мен аталған сөз тіркесін тырнақшаға аламын, өйткені бұл тек өзгерістер имитациясы ғана. Қазір барлық саясаткер мен ақпарат құралдарының назары Думадағы талқылау, министрлерді дұрыс не бұрыс тағайындауға ауады. Бұл сандырақ шамамен бір ай жалғасады.

– Ал неліктен бұл дәл 15 қаңтарда болды? Сіз айтқандай, жолдаудан кейін позитивті эмоциялар қалдыру үшін бе?

– Дәл солай. Өйткені азаматтар жаңалықтар лентасын, бір оқиғадан кейін екіншісі болғанын жақсы көреді. Еш маңызы жоқ оқиғалар, министрлерді тағайындау елеулі оқиға емес, бұл халыққа Путиннің "Элита ешқайда кетпейді, бәрі жақсы болады, сендердің құзыреттеріңді кеңейткен болып, қатарларыңа кімдер қосылатынын бақылауда ұстаймын" деген мазмұнда элитаға белгі бергенін білдірмеудің амалы. Мұнда элита деп Кремль әкімшілігін ғана емес, бүкіл Дума, Федерация кеңесі мен Путин тағайындайтын барлық шенеуніктерді айтып отырмын. Оларға "Сендер үнемі билікте боласыңдар, тек өздеріңді жақсы ұстаңдар. Басқа елден азаматтық немесе тұрғылықты мекенжай анықтамасын алмаңдар, өздеріңе қойылған талапты орындаңдар" деген үндеу жасалды, – дейді Михаил Касьянов.

"Петербург саясаты" ("Петербургская политика") қорының президенті Михаил Виноградов үкімет отставкасын алдағы билік транзитіне дайындық деп санайды.

Ресейлік саясаттанушы Михаил Виноградов.
Ресейлік саясаттанушы Михаил Виноградов.

– Жиырма жыл бойы ештеңе өзгермеген елдің қоғамдық-саяси өмірінде бірден осындай оқиғалар боларын күтпедік. Бір күнде бес жылда болмайтын оқиғалар болды. Болашақ транзиттің жаңа құрылымы түзіліп жатқанға ұқсайды. Бұл құрылымның соңғы нұсқасы ма, әлде әлі өзгерістер бола ма, ол жағы белгісіз. Әзірге жобаның нобайы ғана бар. Жаңа құрылымды тезірек түзуге талпыныс барға ұқсайды. Бірақ қазір нақты соңғы шешім қабылданды ма, әлде бәрі бәсекелестерінің жаңа құрылымды жасақтау кезінде сәтсіздікке ұшырағанын күтіп отыр ма, мұны ешкім білмейді. Яғни, Путиннің 2024 жылы президент қызметінен кететін сыңай танытуы үлкен күшке ие болды. Енді басталған элитаны саясиландыру бұрын болмаған үлгіде жүретін сияқты. Иә, жағдайды реттеуге, Дмитрий Медведевтің, тағайындаудан кейін жаңа премьердің болашағы туралы екіұшты пікір қалдыруға болады. Бірақ соңғы 5-6 жылда ішкі саясат мәселесі шетке ысырылып келгенін ескерсек, биліктің бір сәтте ішкі мәселелерге уақытша болса да, назар аударғаны – үлкен тосынсый болды.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен премьер-министр Дмитрий Медведев үкімет мүшелерімен жиын өткізіп отыр. Мәскеу, 15 қаңтар 2020 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен премьер-министр Дмитрий Медведев үкімет мүшелерімен жиын өткізіп отыр. Мәскеу, 15 қаңтар 2020 жыл.

– Михаил Юрьевич, неге мұның бәрі дәл жолдаудан кейін белгілі болды? Жолдау Владимир Путин үшін ресми әрі қызықсыз формат қой?

– Жолдау транзит, суперпрезиденттік республиканы сынау тақырыбын заңдастырды. Бұған дейін мұндай сын араздықты қоздыру саналып келсе, енді мейнстрим мен трендке айналды. Медведевтің отставкасы да мұның тек жобалау деңгейінде қалып қоймағанын, биліктің жалпы құрылымды өзгертуге байланысты ары қарайғы қадамдары барын көрсетті. Бірақ мұның қайсысы нақты белгіленген стратегия аясында жүзеге асып, қайсысы күтпеген жерден жасалған әрекет екені түсініксіз, – дейді Михаил Виноградов.

Саясаттанушы Федор Крашенинников Ресейді соңы немен аяқталатыны белгілі үлкен өзгерістер күтіп тұр деп есептейді.

Мұның бәрі Путиннің өзіне адал қызметшілерімен бірге елді өмір бойы басқаруына мүмкіндік беретін Конституция мен билік құрылымын жасақтауымен аяқталады.

– Транзит басталды. Енді ол өте аса жылдам жүретін болады. Бір күнде әлеуметтік уәделерді қамтыған жолдау, конституциялық реформа, үкімет отставкасы мен Медведевті жаңа қызметке тағайындау сияқты бірнеше маңызды оқиғаға куә болдық. Путин ары қарайғы қадамдарын да дәл осындай қарқынмен жүзеге асырады деп ойлаймын. Мақсат – қоғамды есеңгіретіп тастау, оған не болғанын түсініп, ары қарай не істеу керегін шешіп үлгеруге мүмкіндік бермеу. Қазір Конституцияны аз уақытта ешқандай референдумсыз қайта жазып, билік құрылымын өзгертеді. Мұның бәрі Путиннің өзіне адал қызметшілерімен бірге елді өмір бойы басқаруына мүмкіндік беретін Конституция мен билік құрылымын жасақтауымен аяқталады. 15 қаңтарда міне, осы процесс басталды. Бұл бұрыннан күткен жағдай, алайда біз ойлағаннан тезірек болды. Бірақ мұндай нәтижеге басқаша жолмен қол жеткізе алмайды. Оларға қоғам уға қарсы дәрі ойлап таппай тұрып, әрекет ету керек.

– Неге мұның бәрі дәл 15 қаңтар, Федералды жиынға жолдау жасаған күні болды?

Ресейлік саясаттанушы Федор Крашенинников.
Ресейлік саясаттанушы Федор Крашенинников.

– Біріншіден, бұл Конституцияда бекітілген мәлімдеме. Ол парламент алдында сөйлеуге міндетті. Президент осы міндетін бүкіл механизм жұмысын бастауға пайдаланды. Осыған дейін президентке бұлай жасаудың қажеті болмады. Ал осы жолы оған себеп керек болды, ал ол сол мүмкіндікті пайдаланды, бар болғаны – сол. Жолдау болмаса, қорытынды баспасөз-конференциясын немесе басқа шара ұйымдастырар еді. Бірақ тағы да қайталаймын, парламентте сөйлеу – осының бәрін айтуға жақсы мүмкіндік және президент оны жақсы пайдаланды.

Саясаттанушы Дмитрий Орешкиннің пікірінше, билік транзиті ескі жүйеден ескі жүйеге өтуге дайындалып жатыр.

– Путин билік транзитінің Путиннен Путинге деген нұсқасына дайындалып жатыр деп ойлаймын. Биліктің басым бөлігі премьер-министрдің қолына өтіп, ол министрлерді президентпен кеңеспей, өзі тағайындайды. Бұл жерде Путин ресми түрде президенттің де құзыреті барын айтып отыр. Бірақ біз 2007-2011 жылдары Владимир Путин елді премьер қызметінде отырып-ақ, ешқандай конституциялық жеңілдіктерсіз жақсы басқарғанын білеміз. Ал қазір ол осыны ұйымдастыруға тырысып жатыр.

– Ана капиталын өсіру туралы айтсақ, мұны бюджетті қайта бөлу деп атауға бола ба? Сонда зейнеткерлерден тартып алған ақшаны жас аналарға беріп отыр ма?

Ресейлік саясаттанушы Дмитрий Орешкин.
Ресейлік саясаттанушы Дмитрий Орешкин.

– Мұны кедейлердің мүддесін көздеп сөйлеу деп атайды. Кедейлікпен бюрократия тіліндегі күрес – кез келген саясаткер үшін қателікке ұрындырмайтын қадам. Бірақ кедейлердің мүддесін көздеп сөйлеу 20 жылдан бері қайталанып келе жатқан болса, бұл жалпы ережеден тыс жағдай. Туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты мәселе бары рас. Оны ана капиталын өсіру арқылы жұмсартуға болады, бұл дұрыс. Бірақ мәселе тіршілік ортасы үшін бәсекеде болып отыр. Бір ортаны адамдарға қолайлы, екіншісін қолайсыз ететін, ресми сипатталуы қиын кешенді өлшемдер бар. Табысты өсіруге, солтүстік өңірде тұратындардың жалақысына үстеме қосуға, тұрғылықты мекенжай бойынша шектеулер енгізуге болады, бірақ адам үшін маңызды өлшемдер бойынша бұл орта сізге ұнамаса, билет алып, басқа ортаға көшесіз. Балаңызды сонда дүниеге әкеліп, тәрбиелейсіз. Путин жеңілдіктер жасауға, жастар мен аз қамтылған отбасыларға басымдық беруге тырысып жатыр. Бізде жағдайы төмен, бала тәрбиелеп отырған жас отбасылар көп. Ал бала өсіру қымбат тұрады. Әр адамға шаққанда ең төменгі табыс мөлшеріне жетпейтін қаржымен күн көріп отырған отбасыларға көмектесу туралы айтсақ, бір адамға 11 мың рубльден есептегенде, төрт адамнан тұратын отбасының табысы жәрдемақы алу үшін 40 мың рубль болуы керек. Ал отбасы 60 мың рубль алса, жәрдемақыға ілінбейді. Бұл отбасыға өзі тұратын орта ұнамайды. Ата-ана да, балалар да өскен кезде басқа ортаға көшуді ойлайтын болады. Сондықтан бір қолымен демографияны құтқарып, екінші қолымен халықтың шетелге қоныс аударуын тоқтатуға тура келеді. Өйткені басқа елге көшуге ниеттілер қатары көбейеді. Бұл Владимир Путин басқаратын ортадағы өмір сүру стандартының басқа бәсекеге толы орталармен салыстырғанда төмендеуімен байланысты, – дейді Дмитрий Орешкин.

Бұл тақырыпты саясаткер Дмитрий Гудков та жалғады:

– Эмоцияға берілмей айтыр болсақ, жұрт көптен күдіктеніп келген жағдай болды. 2024 жылы билік ауыспайды. Мұны бәрі түсінді деп ойлаймын. Асығыс қадам деген пікірге келсек, олар рейтингі түсіп кетуінен, транзит өздері құрған жоспарға сай жүрмеуінен қорқатын шығар. Сондықтан да асығып жатқан болса керек.

– Осы жылдамдықты ескерсек, бұл 2024 жылдан бұрын болады ғой?

Бір мерзімге сайланған президент ешқашан артық қимыл жасамайды.

– Мен тура соны айтқалы отырмын. Асығыстық олардың рейтингіміз түседі, жоспарларымызға өзгерістер енеді деп қорқатынын көрсетті. Олар конституциялық өзгерістің барлығын жазға дейін дайындауды жоспарлап отыр, бұл туралы Мемлекеттік Думаға да айтылды. Мұның бәрі бізде теориялық тұрғыда кезектен тыс парламент сайлауы өтуі мүмкін дегенді білдіреді. Келесі парламент қазіргіден өзгеше болса, барлық конституциялық өзгерісті тоқтатуы мүмкін. Не боларын кім білсін… Сондықтан кезектен тыс парламент сайлауы өтетін де шығар.

Ресейлік саясаткер Дмитрий Гудков.
Ресейлік саясаткер Дмитрий Гудков.

Ал Дмитрий Медведевті кезекті жеңісімен құттықтауға болады. Конституциялық өзгерістерді ескерсек, ол тек бір мерзімге сайлана алатын президенттікке жалғыз үміткер боп қалды. Біздің режим аз қауіптің өзіне төзе алмайтынын білеміз. Олар тіпті, қала парламентіне де оппозиция өкілдерін жібермей, осы үшін арнаулы операция ұйымдастырды. Демек Медведевтің мүмкіндігі жоғары. Оның үстіне бір мерзімге сайланған президент ешқашан артық қимыл жасамайды. Сондықтан бәрі осылай болды. Бұл белгісіздікке қарағанда әлдеқайда жақсы.

– Мұндай асығыстыққа не нәрсе әсер етуі мүмкін?

Билік келесі Думаны да бақылауда ұстаймыз деп ойлайды. Бірақ жоспардан тыс мәселелер тууы мүмкін.

– Қазір Путин мен билік Думаны бақылауда ұстайды. Сондықтан Дума қалағаныңның бәрін жасайды. Билік келесі Думаны да бақылауда ұстаймыз деп ойлайды. Бірақ жоспардан тыс мәселелер тууы мүмкін. Оның үстіне наразылықтар болды, рейтингтері түсіп жатыр. Қазір биліктің қолында кез келген реформа жүргізуге мандат бар. Ал наразылық басталып кетсе, бұл реформа жаңа наразылық толқынына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан олар қандай да бір қауіп пен жағымсыз жағдайларды болдырмау үшін бәрін алдын-ала жасады.

Ресей президенті Владимир Путиннің кортежі Мәскеу көшесінде:

  • Сәрсенбі күні президент Владимир Путин Федералды жиынға дәстүрлі жолдауында Ресей Конституциясын түбегейлі өзгертуді, билік құзыретін қазір еш күші жоқ парламент пен мемлекеттік кеңестің пайдасына бөлуді ұсынды.
  • Мемлекеттік Думаға премьер-министр мен үкімет мүшелерін тағайындау құқығы берілді. Президентке екі реттен артық сайлануға тыйым салу, Федерация кеңесіне Конституциялық және Жоғарғы сот судьяларын қызметінен шеттетуге, күш құрылымдары басшыларын тағайындауды бақылауға рұқсат беру ұсынылды.
  • Бұл өзгерістер – Ресей Конституциясы тарихындағы ең радикалды реформа. Олар бүкілхалықтық дауыс беру кезінде бекітіледі. Интерфакс агенттігінің дерек көзі Конституцияға өзгертулер енгізу туралы заң жаздың соңына дейін дайын болатынын айтады.
  • Сәрсенбі, қаңтардың 15-і күні кешкісін Путин Ресей премьер-министрінің қызметіне қазіргі салық қызметі басшысы Михаил Мишустинның кандидатурасын ұсынды.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Роман Могучий, Алена Вершинина және Елена Поляковскаяның материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG