АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанды Шыңжаңдағы мұсылман топтардың қудалануына байланысты Пекинге қысым жасауға шақырды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қытай билігі елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылман этникалық топтарды қудалап, еркінен тыс қамап, күштеп идеологиялық үгіт-насихат жүргізіп жатыр.
Қытай Орталық Азия елдерінің негізгі сауда әріптесі және Қазақстанның мемлекеттік ақпарат құралдары Шыңжаңның ішкі лагерьлері туралы хабар таратудан қашқақтайды.
2 ақпанда Нұр-Сұлтанда Майк Помпео Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесу кезінде осы мәселені қозғады.
Помпеоның айтуынша, ол Тілеубердімен бірге "Шыңжаң аймағында Қытай коммунистік партиясы қамауда ұстап отырған бір миллионнан астам мұсылман ұйғыр және этникалық қазақтың тағдырын" талқылаған.
"Бұл қуғын-сүргінді дереу тоқтату үшін АҚШ барлық елдерді [Пекинге] қысым жасауға шақырады. Біз Қытайдан қашатындарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіп, оларға пана беруді сұраймыз. Адамшылық көрсетіп, дұрыс жасаңыздар" деді ол.
Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл мәселеге байланысты түсініктеме бермей, келіссөз кезінде экономикалық және қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық орнату мәселесіне көбірек назар аударған.
2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттады.
Нұр-Сұлтанға 1 ақпанда түнде ұшып келген Помпео жексенбі күні туыстары Шыңжаңда қамалған азаматтармен де кездесті.
Қазақстан Шыңжаңда қуғын көргенін айтып, елге қашып келген бірнеше этникалық қазаққа осында қалуға рұқсат етті, бірақ олардың ешқайсысына босқын мәртебесін бермей, Қытайдағы қысым туралы ақпаратқа реакция білдірмеді.
2 ақпанда Помпео президент Қасым-Жомарт Тоқаев және елді 27 жылдай үздіксіз басқарып, былтыр наурызда қызметінен кеткен, бірақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы сияқты түрлі атақ пен лауазымын сақтап қалған, үкіметке әлі де ықпалы күшті бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен де кездеседі деп айтылады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде Помпеоның сапары "Орталық Азиядағы бейбітшілік, гүлдену және қауіпсіздікке деген ортақ ұстанымды бекіту" мақсатын көздейді делінген.
Мұның алдында Лондон, Украина мен Беларусьте болған мемлекеттік хатшы бүгін кешке Өзбекстанға ұшып кетеді.
Бұрын Вашингтон Қазақстанды Орталық Азиядағы Ресейге қарама-қарсы күш ретінде қарастыратын. АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары Каспий теңізіндегі кеніштерді игеру үшін бірлескен кәсіпорындар ашып, миллиардтаған доллар инвестиция салды. Қазақстан – аймақтағы мұнай-газ қорына аса бай ел.
2019 жылы наурыз айында елді 30 жылға жуық басқарған Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болған. Маусым айында кезектен тыс сайлаудан кейін Тоқаев Қазақстанның жаңа президенті болып сайланды, бірақ халықаралық бақылаушылар саяси науқан ашық болмағанын, дауыс беру кезінде заңбұзушылық фактілері өте көп болғанын мәлімдеді.
"Нұр Отан" партиясының төрағасы, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы 79 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси саласында ықпалын сақтап қалған.
Сыншылар мен құқық қорғаушылар Назарбаев елде балама пікірді тұншықтырды, көптеген азаматтардың негізгі құқықтарын таптады, демократиялық процестерді бұрмалап, 18,7 млн халқы бар мемлекетте билік өкілетін заңсыз ұзартты деп айыптайды.
Өткен жылы көктемде "аяқ астынан" отставкаға кеткеннен кейін оның аты Қазақстан астанасына берілді.
Былтыр ақпан айында Нұр-Сұлтан маңындағы ықшам ауданда өртенген үйде бес сәби қаза болғаннан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциясы жиілеп, тұрғындар тұрғын үй мәселесін, жәрдемақыны көбейтуді талап етіп келеді.
Кей сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияда АҚШ ықпалы Қытай мен Ресей сияқты аса күшті емес. Бірақ соған қарамастан АҚШ Орталық Азия елдерімен аймақ қауіпсіздігі, терроризм мен экстремизм, есірткіге қарсы күрес және өзге салаларда әріптестік орнатып келеді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео ақпанның 2-сінде Нұр-Сұлтаннан Ташкентке ұшып барып, онда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен, сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен және басқа да лауазымды тұлғалармен кездеспек.
Өзбекстан – Орталық Азиядағы халқы ең көп және біршама газ қоры да бар ел. Бұрын ол Ресейдің осы аймақтағы ықпалына жартылай болса да қарсы тұратын күш ретінде қарастырылатын. Сондай-ақ ол Ауғанстандағы соғыста және радикал исламшылдармен күресте Вашингтонмен одақтас болды.
Көп жыл бойы аймақтан аласталып келген АҚШ мемлекеттік департаменті тек 2015 жылы Ресейдің үстемдігін азайту үшін C5+1 бастамасын қолға алған.
Ташкент сапары барысында Майк Помпео "АҚШ-тың аймаққа қатысты жаңа стратегиясына сәйкес, тығыз байланысқан, гүлденген және анағұрлым қауіпсіз Орталық Азияға қолдау білдірмек". Мұнда ол Орталық Азиядағы бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның сыртқы істер министрлерімен кездеспек.
ПІКІРЛЕР