Accessibility links

Ирандағы коронавирус. Науқас депутат, айнымалы статистика


Дәрігер текстеруінен өтуге кезекте тұрған адамдар. Кум қаласы, Иран, 27 ақпан 2020 жыл.
Дәрігер текстеруінен өтуге кезекте тұрған адамдар. Кум қаласы, Иран, 27 ақпан 2020 жыл.

Қазақстан наурыздың 1-інен бастап Иранға әуе қатынасын уақытша тоқтатады. Иранда коронавирус жұқтырған жүздеген адамның арасында депутаттар, түрлі дәрежедегі шенеуніктер мен діни қайраткерлер бар, алды опат болды. Mahan Air әуе компаниясы тыйымға қарамастан дерттен екі мыңнан астам адам мерт болған Қытайға тұрақты рейсін тоқтатпағаны анықталды.

"Кебін оранған медбикелер", "Коронавирус муджахедтері", "Неге Кум қаласына карантин жарияламадыңыздар?", "Сенімсіздік вирусы коронавирустан да қатерлі", "Жағдай шынымен қалыпты ма?" – соңғы аптада Иран баспасөзіндегі тақырыптар реті осындай болып келеді. Коронавирус ақпанның 21-і күні өткен парламент сайлауы туралы тақырыптың өзін екінші орынға сырғытты. Бұл соңғы 41 жылда дауыс беру көрсеткіші ең төмен сайлау (сайлаушылардың 42,57 пайызы қатысқан) болды.

ИРАН ДА КОРОНАВИРУСТЫ ТАРАТУШЫ МА?

Иранда коронавирус тарағаны жайлы мәлімет алғаш рет ақпанның 19-ы күні жария болды. Содан бері елдің 31 провинциясының 24-інде қауіпті дерттің тіркелгені айтылады. Оған шалдыққандардың көбі – Кум қаласының тұрғындары. Тегераннан 150 километр жердегі бұл қалада шамамен бір миллионнан астам тұрғын бар делінеді. Иранның діни оқу орындары шоғырланған орталығы іспетті Кумда тек ирандықтар ғана емес, өзге де шетелден келіп оқитындар көп. Шиит мұсылмандары арасында Кум қасиетті зиярат орны болып есептеледі. Алайда соңғы аптада бұл қала Ирандағы коронавирус ошағы ретінде танымал бола бастады.

Коронавирус тараған Кум қаласында қоғамдық орындарға дәрі сеуіп жүрген адам. 29 ақпан 2020 жыл.
Коронавирус тараған Кум қаласында қоғамдық орындарға дәрі сеуіп жүрген адам. 29 ақпан 2020 жыл.

Ресми мәліметке қарағанда, ақпанның 29-ына дейін бұл дерттен 43 адам қайтыс болған, ауруға шалдыққандар – 593, айыққандар саны жетпістен асты. Дерттен қаза болғандардың орта жасы 60-тан асқандар болса, вирус жұқтырғандардың орта жасы 50-ден жоғары. Ресми статистиканың жиі өзгеруі мәселенің алаңдатарлықтай екенін байқатады. Ақпанның 28-іне дейін аурудан айыққандар санын дертке шалдыққандар санынан асырып көрсетуге тырысқан Иран жұма, ақпанның 28-і күні түстен кейін ғана айыққандар санын жүздіктен ондық көрсеткішке төмендетті.

Ал ВВС сайтының Парсы қызметі Ирандағы денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктердің біріне сілтеме жасап, елде коронавирустан қаза болғандар саны 200-ден асып кеткенін жариялады. Ресми Тегеран ВВС сайтының дерегін жоққа шығарып, бұл медианы "жалған ақпарат таратты" деп айыптады.

АҚШ та Иран коронавирус жұқтырғандар саны мен дерттен қаза болғандардың нақты санын жасырып отыр деп санайды. Иран басшылығы болса, елдегі коронавирус туралы мәліметті "дұшпандар" ұлғайтып көрсетті деп есептейді.

Иран билігі вирустың тарауының алдын-алу үшін карантин жарияламады. Әзірге дертке шалдыққан адамдар ғана оқшауланды. Ауру жұқтырғандардың көбі – Кум провинциясының тұрғындары. Қазір Кумда қажет бола қалған жағдайда дала госпиталі жасақталатыны айтылады. Ауруға шалдыққандар арасында Кум медицина университетінің ректоры мен оның екі орынбасары және тағы 10 медициналық қызметкер бар.

Иранға коронавирустың қашан өткені белгісіз екенін хабарлаған Дүниежүзілік денсаулық ұйымы басшысының төтенше бағдарламалар жетекшісі Майк Райан алда Ирандағы ауруға шалдыққандар саны көбеюі ықтимал екенін айтады. Ол бір апта бұрын ғана екі адамның қауіпті дертке шалдыққаны хабарланған Иранда вирусты жұқтырғандар саны ресми мәліметтен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін дейді. Алайда ол Иранның "емдеу потенциалы да жоғары" екенін де атап өткен. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да Иранды коронавирус тарағанын жасырғаны үшін айыптаған.

Кум қаласындағы ауруханалардың біріндегі медицина қызметкерлері. Иран, 28 ақпан 2020 жыл.
Кум қаласындағы ауруханалардың біріндегі медицина қызметкерлері. Иран, 28 ақпан 2020 жыл.

Иран дерттің тарауы туралы мәлімет әшкере бола бастаған соң, 23 орталықта жұма намазы өткізілмейтінін хабарлады. Мектептер мен университеттерде де сабақ тоқтатылған.

Қазірге дейін Біріккен Араб Әмірлігі, Ауғанстан, Бахрейн, Ирак, Кувейт, Ливан, Оман, Катар, Пәкістан және Шығыс Еуропа елдеріндегі коронавирустың Ираннан барғандардан жұққаны белгілі болды. Әзербайжан мен Грузиядағы коронавирус жұқтырғаны алғаш рет анықталған адамдар да Ираннан барған жолаушылар. Жұма күні Беларусьтегі вирус жұқтырған адамның Иран азаматы екені хабарланды.

ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ ТЕ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚТЫ

Ақпанның 27-і күні Иранның әйелдер және отбасы мәселесі бойынша вице-президенті Масуме Эбтекар ханым мен Иран мәжілісінің Кум қаласынан сайланған депутаты, ұлттық қауіпсіздік және сыртқа саясат комитетінің төрағасы Мужтаба Зуннуридың да коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде тараған видеосында Зуннури өзінің осы дертке шалдыққанын айтады.

Иранның діни қайраткерлері қоныстанған Кумда белгілі тұлғалар арасында да коронавирус жұқтырғандар мен дерттен қайтыс болғандар бар.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ираж Хәрирчи, Тегеран қаласынан сайланған мәжіліс депутаты Махмуд Садеқидың да өткен аптада коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Иран денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ираж Хәрирчи баспасөз мәслихатында тұр. Тегеран, 24 ақпан 2020 жыл.
Иран денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ираж Хәрирчи баспасөз мәслихатында тұр. Тегеран, 24 ақпан 2020 жыл.

Хәрирчидің ауырған күйде жергілікті арнада тікелей эфир бағдарламасына қатысқан видеосы тараған. Хәрирчи сараптама қорытындысы белгілі болған соң, әлеуметтік желіде тараған видеосында өзінің емделіп, жұмысқа қайта оралатыны туралы айтады.

НАУҚАС ДЕПУТАТ САЯСИ ТҰТҚЫНДАРҒА ДЕМАЛЫС СҰРАДЫ

Депутат Махмуд Садеқи әлеуметтік желіде өзінің ендігі өмірінен үміттенбейтінін айтып, жазба қалдырған. Ол ақпанның 25-і күні осы жазбасының екінші бөлігінде жоғарғы сот төрағасына саяси тұтқындар жанұясының өтінішін жеткізген. Депутат "саяси тұтқындар арасында аурудың алдын алу үшін оларға демалыс беріп", вирус тарап жатқан кезінде үйге босатуын сұраған.

Алайда депутат одан кейін жариялаған жазбаларының бірінде мәжіліс дәріханасында маскі мен спирттің таусылғаны жазылған суретін жарияласа, тағы бір жазбасында вице-президентке қарата, дәріханаларда дезинфекция құралдары мен маскілердің жетпей жатқанын айтып, дабыл қағады. Ақпанның 26-сындағы жазбасында ол АҚШ-тың Иранға қатысты санкцияларына меңзеп, президент Дональд Трамп үкіметінің Иранға қарсы "соғыс пен арандатудан еш аянбағанын" айтып, оны қатаң сынайды. Садеқи, бұған қоса, Иран билігін де оны сынағандардың даусын "тұншықтырып, дұшпан санамауға" шақырады. Депутаттың ойынша, мұның салдары "ішкі әлсіздікке" себеп болуы мүмкін.

Коронавирус тараған Кум қаласында дәрі шашып тұрған адам.
Коронавирус тараған Кум қаласында дәрі шашып тұрған адам.

Садеқи айтқан түрмелердегі ахуал туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Алайда алаңдаушылық ұлғая түскен. Денсаулық министрлігінің өкілі Киануш Жаһанпур түрмеде коронавирустың тарауы жайлы мәселені жоққа да шығармаған, растамаған да. Мұның алдында шенеуніктер арасында Тегеран қаласындағы бір аудан әкімі мен медициналық қызметкерлердің коронавирус жұқтырғаны белгілі болған.

Мәжіліс депутаты Әбулфазл Хасанбеги ақпанның 27-і күні бірнеше депутаттың ауырғанына қарамастан жұмысқа келгенін, олардың коронавирусқа шалдығуы мүмкін екенін айтқан. Сезік тудырған депутаттардың орыны дезинфекцияланып, олардан анализ алынған. Бұл депутаттарға байланысты сараптама қорытындысы бес күннен кейін белгілі болатыны айтылады. Әбулфазл Хасанбеги Тегеран қаласы үшін карантин жариялануы керек деп есептейді. Жұма, ақпанның 28-і күні тағы бір депутат Мұхамедәли Вакили 30 депутаттан алынған анализ бойынша төрт адамның вирус жұқтырғаны белгілі болғанын хабарлады.

ТЫЙЫМНАН СОҢ КОРОНАВИРУС АЙМАҒЫНА 55 МӘРТЕ САПАР

Денсаулық министрлігі әуелде Иранда коронавирус тарағаны туралы мәліметті жоққа шығарып, оны "өтірік" деп жариялаған еді. Алайда Кум қаласында екі адам көз жұмған соң барып, министрлік елдегі ахуалды мойындауға мәжбүр болды.

Иранның Mahan Air халықаралық әуе компаниясы Қытайда коронавирус тараған аралықта да тұрақты әуе қатынасын тоқтатпағаны белгілі болып отыр. Азаттық радиосының Иран қызметі бұл әуе компаниясының ақпанның 4-і мен 22-і аралығында Қытайдың Пекин, Шанхай, Гуанчжоу және Шеньжэнь қалаларына 55 мәрте қатынағанын анықтаған. Ал мұның алдында, қаңтардың 31-інен бастап Иранның Қытаймен арада жолаушы тасымалын уақытша тоқтатқаны хабарланған. Mahan Air компаниясы Instagram желісіндегі парақшасында Қытайға соңғы рет ақпанның 3-4 күндері ұшақ қатынасы болғанын жазған. Алайда Иран азаматтық авиация ұйымы бұдан кейін тиісті медициналық шараларды сақтай отырып, Қытайдағы Иран азаматтарын жеткізу үшін бірнеше рұқсат етілген рейстің ұшырылғанын мойындаған. Денсаулық сақтау министрі де ақпанның 14-і күні үкіметтің төтенше жиынынан кейін Қытайға жолаушы ұшағы қатынасы тоқтатылғанын және елде бір де бір коронавирус жұқтырған адам жоқ екенін мәлімдеген.

Иранның Mahan Аir әуе компаниясының ұшағы.
Иранның Mahan Аir әуе компаниясының ұшағы.

Mahan Air ұшағының салынған тыйымға қарамастан Қытайға ұшуы депутаттар мен қоғам өкілдерінің де наразылығын тудырған. Әлеуметтік желіде де көпшілік осы компанияны коронавирусты тасымалдаушы ретінде танитындығын білдіріп, аяусыз сынап жатыр.

Ирандағы алғашқы жекеменшік әуе компаниясы ретінде аталатын Mahan Air 2011 жылдан бері Америка санкциясына ұшыраған. АҚШ Иранның ислам революциясы сақшылар корпусымен байланыстағы бұл компанияны Таяу Шығыста Иранды қолдайтын әскери жасақ пен қару-жарақ тасиды деп есептейді. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео былтыр өзге елдерді Mahan Air компаниясын лицензиядан айыруды сұраған. Бұл компанияның ұшағы Қазақстанға да қатынайтын. Бұған дейін Қазақстан ресми өкілдері коронавирус қатеріне байланысты наурыздың 1-інен бастап Mahan Air компаниясының Тегеран-Алматы бағытындағы рейсі тоқтатылатынын хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG