Accessibility links

Еліне асыққан өзбек мигранттары қазақ шекарасында бөгелді


Ресей шекарасынан Қазақстан аумағына өте алмай тұрған өзбек азаматтары. 12 мамыр 2020 жыл.
Ресей шекарасынан Қазақстан аумағына өте алмай тұрған өзбек азаматтары. 12 мамыр 2020 жыл.

Ресейден еліне қайтпақ болған жүздеген өзбек мигранты Қазақстан шекарасынан өте алмай тұр. Қазақстан коронавирус карантиніне байланысты көрші елдермен шекарадан өтуге шектеу салған. Өзбек азаматтары Нұр-Сұлтан мен Ташкенттен көмек сұрайды.

КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ШЕКАРАДАҒЫ КЕПТЕЛІС

Қазақстан Ресейден Отанына бара жатқан жүздеген өзбек мигрантын мамырдың 11-інен бері шекарадан өткізбей тұр. Азаттықтың Өзбек қызметінің (Озодлик радиосы) хабарлауынша, олар қазақ жері арқылы өтуіне мүмкіндік беруді сұрап, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне өтініш білдірген. Алайда Қазақстан билігі көрші елдердегі коронавирусқа байланысты ахуал жақсармайынша шекараны ашудан бас тартып отыр.

Қазақстан шекарасының Ресейдің Орынбор облысымен шектесетін тұсындағы "Маштаково" өткізу бекетінде қазір өзбекстандық жүздеген еңбек мигранты жиналып тұр. Озодлик тілшісімен әңгімеде олар Қазақстан мамырдың 11-інде шекараны ашатын шығар деген үмітпен елге қайту үшін жолға шыққанын айтты. Сол күні Қазақстанда коронавирусқа байланысты екі айға жуық уақыт бұрын жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталған, бірақ билік індет біржола сейілмеуіне байланысты қалалар мен аймақтарда карантин шектеулері күшінде қалатынын мәлімдеген.

Фаррух есімді өзбек мигранты кейбіреулер қазақ-орыс шекарасында он тәуліктен бері өте алмай тұрғанын айтады.

– Қазір біз Орынбор облысындағы "Маштаково" өткізу бекетіндеміз. Көліктер бұл жерге он күн бұрын келген. Кеден 11-іне ашылады деген. Бірақ ол күні Қазақстан шекарасын ашпай қойды. Қазір мұнда 400-500 шамасында адам жиналып қалды. Тағы екі автобус тола адам бар. Барлығы да Өзбекстан азаматтары. Осында қырғыз нөмірі бар жүзге жуық автокөлік те тұрған, бірақ олардың бәрі өтіп кетті. Қырғызстандықтарды Орынборға жинап, бір колоннамен еліне қайтарды, - дейді Фаррух.

Өзбекстандық мигранттардың мәселесіне байланысты Қазақстанның шекара қызметінен ақпарат алу мүмкін болмады.

ӨЗБЕК МИГРАНТТАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ БИЛІГІНЕ ӨТІНІШІ

Мамырдың 7-іне Қазақстан билігі Ресейдің Орынбор облысындағы Соль-Илецк қаласында жиналған 500-ден астам қырғыз азаматына Қазақстан аумағы арқылы бір жолға транзит дәлізін ашуға келісімін берген. Қазақстан жағының қойған шарты бойынша, қырғыз азаматтарын еліне арнайы автобустарға отырғызып қайтарған, оларға дәрігерлер ілесіп жүрген.

Озодлик радиосы Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараның өзге де тұстарында еліне қайта алмай бөгелген өзбек азаматтары жиналып қалғаны жайлы ақпарат алғанын хабарлады.

Фаррухтың сөзінше, Өзбекстан азаматтары еліне қайтуға мүмкіндік туғызып, шекарадан өтуіне рұқсат беруін сұрап Қазақстан билігіне өтініш айтқан.

– Бугурсландағы өткізу бекеті жабылғандықтан 15-20 көлік бөгеліп тұр. Автокөліктер негізінен "Маштаково", "Сагарчин" мен "Озинки" бекеттері арқылы өтеді. Қазақ шекарашылары алдында маған шекара мамырдың 11-іне ашылуы мүмкін, бірақ әлі анық емес деген. Қазір де солай деп отыр. Бұл жерде 100-150-ге жуық мәшине жиналып қалды, көліктің тұруына ешқандай жағдай жасалмаған. Адам көп жиналғасын мұнда ОМОН (полицияның арнайы жасағы) келді, олар адамдардың көліктен шығуына тыйым салды. Дүкенге тамақ алуға тек екі адамнан ғана бара алады. Адамдар көліктерінің ішінде жатыр, өткізу бекетінде карантин режимі енгізілген. Қазақстан билігіне жалғыз ғана өтінішіміз бар – Өзбекстанға жету үшін үш тәулікке транзит дәлізін ашып берсе, - дейді өзбек мигранты.

Бірнеше күн сарыла күтіп, Қазақстан шекарасынан өте алмаған Өзбекстан азаматтарының көбі Орынбор қаласы маңындағы елдімекендерден уақытша баспана жалдауға мәжбүр болған деп хабарлайды Озодлик. Редакцияға Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Владимир, Воронеж қалаларынан және өзге де аймақтарынан хабарласқан өзбекстандықтар Қазақстан шекарасының ашылуын күтіп жатқанын айтқан.

Сәуірдің 30-ы күні Озодлик Ресейдің түрлі аймағындағы өзбек мигранттары еліне қайтуға автоколоннаға топтасып, жолға шыққаны туралы хабарлаған. Мигранттардың көбі коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде жұмыссыз қалған соң Отанына оралуды ұйғарғанын айтқан.

Қазақстан аумағындағы карантин талаптары бойынша, ел аумағына шетелден автокөлік және пойызбен келген барлық азаматтарды екі тәулікке карантинге оқшаулап, ағзасында COVID-19 бар-жоғын тексереді.

Мамырдың 8-і күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының директоры Дамир Көпжасаров жергілікті басылымдарға сұхбатында өзге елдермен шекара әлі ашылмайтынын айтқан.

"Егер қазір біз жағдай тұрақталды деп, өзге елдерден жолаушы тасымалдауға енгізілген шектеулерді алып тастасақ, онда еліміздегі [коронавирусқа байланысты] ахуалды ушықтырып алуымыз мүмкін" деді ол.

Ресей қазір COVID-19 жұқтырғандар көрсеткіші жағынан әлемде АҚШ пен Испаниядан кейін үшінші орында тұр – елде 232 мыңнан астам адамға вирус жұғып, 2100-ден аса адам індеттен қайтыс болды. 44 мыңға жуық адам жазылды. Вирус жұқтырғандар арасында Ресейге жұмыс істеуге барған шетелдік еңбек мигранттары да бар.

Мамырдың 13-і күнгі мәліметке сай, Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар 5417 адамға жетті, 2223 адам жазылып, 32 адам көз жұмды. Өзбекстанда коронавирус 2568 адамға жұғып, 10 адамның ажалына себеп болды. 2055 адам дерттен айыққан.

Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы бойынша дайындалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG