ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІН БОСТАНДЫҒЫНЫҢ ЖАЙЫ
АҚШ мемлекеттік департаменті әзірлеген есептің Қазақстанға арналған бөлігінің кіріспесінде Қазақстанда конституцияға сәйкес діни сенім бостандығы барша азаматтарға тиесілі құқық деп көрсетілсе де, іс жүзінде елде "дәстүрлі емес" саналатын діни топтар өкілдерінің құқығы шектеліп отырғаны айтылған.
Жергілікті және халықаралық бақылаушылардың сөзіне сүйенген есеп авторлары биліктің "дәстүрлі емес" деп санайтын діни топтарды, соның ішінде исламның ресми танылған ханафи мәзһабынан басқа түрін ұстанатын мұсылмандар мен протестант христиандардың қызметін шектеу мен қосымша тексеруді жалғастырғанын айтады.
"Билік азаматтарды діни көзқарасына байланысты ұстап, түрмеге қамауды, діни наным-сенімін ашық білдіруін шектеуді, тіркелмеген діни топтардың құлшылық жасауына кедергі жасауды, діни қызмет атқару үшін бейбіт түрде жиналуына шектеу қоюды, діни салт-дәстүрге сай киінуге тыйым салуды, айтқан сөзі үшін "діни араздықты қоздырды" деген айыппен жауапқа тартуды, діни әдебиетті жариялау мен таратуды шектеуді, цензураны, ғимараттарды діни мақсатқа пайдалануға немесе сатып алуға шектеуді жалғастырды" деп жазылған есепте.
Үкіметтің діни салт-жоралғы өтеушілерге шүйлігіп, кей азаматтарды "заңсыз миссионерлік қызметі" үшін қудалағаны, тамыз айында Алматы сотының он мұсылманға "терроризмді насихаттап", "араздықты өршіткені" үшін бес жарым жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге түрме жазасын кескені, елде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымының өкілдерін жауапқа тартқаны айтылған.
"Қаңтарда діни қызметті шектейтін заң жобасын үкіметтің [парламенттен] қайтарып алуын діни қауымдардың көбі қолдады" делінген есепте.
"ДӘСТҮРЛІ" ЖӘНЕ "ДЕСТРУКТИВТІ" ТОПТАР
Есепте Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының діни азшылыққа төзімсіздік көзқарасты қоздыратын, "дәстүрлі емес" топтарға шүйліккен материалдар жариялауды жалғастырғаны айтылған. Маусымда үкіметтің ұйымдастыруымен Қарағанды облысында өткен құқық қорғау органдары мен сарапшылар жұмыс тобының отырысында қатысушылар кейбір христиан азшылық өкілдері мен бахаи тәрізді шағын діни топтарды "дәстүрлі емес", "деструктивті", "теріс ағым" деп атап, олардың ықпалынан жастарды қорғауға шақырған.
"Дін істері комитетінің өкілі әлгі ұйымдар адамды көп тарту үшін діни қызметін әдейі қазақ тілінде жүргізіп отырғанын айтып, кейінгі жылдары мұндай діндерге енген этникалық қазақтар көбейіп бара жатқанына қынжылыс білдірген" делінген есепте.
"Иегова куәгерлері" өкілдері жала жабуға құрылған елуден астам мақала-хабарлар тіркегенін айтады. ҮЕҰ мен ғалымдар кейбір діни топтардың, соның ішінде орамал тартатын немесе өзгедей киім киетін мұсылмандар, сонымен бірге евангелистер, баптистер, "Иегова куәгерлері" сияқты христиан қауымдары қоғамда алалап-кемсітуге ұшырағанын айтады.
Мемлекеттік департамент есебінде АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі мәселелері бойынша елшісі, діни азшылықтар істері жөніндегі арнайы кеңесшісі мен өзге де ресми тұлғалары Қазақстан үкіметін азаматтардың діни наным-сенім бостандығын қорғауға шақырып, екі елдің өкілдері бірнеше рет кездесулер өткізгені жазған.
АҚШ тарабының Қазақстандағы діни бостандықтарға шектеу қоятын "Дін туралы" жаңа заңға, діни іс-әрекет үшін жазалау шараларына байланысты алаңдаушылық білдіргені айтылған.
Есепте 18,9 миллион тұрғыны бар (2019 жылдың ортасындағы мәлімет) Қазақстанда халықтың 70 пайызға жуығы мұсылман екені, олардың басым бөлігі – ханафи мәзһабын ұстанатыны, сонымен бірге шафи мәзһабындағы сүннит мұсылмандар, шииттер, сопылар мен ахмади мұсылмандар бары жазылған.
Қазақстанның ресми деректері бойынша, халықтың 26 пайызына таяуы христиан дінін ұстанады. Оның басым көпшілігі – орыс православ шіркеуі өкілдері. Ал осының үш пайыздайы христиан дінінің өзге ағымдары.
Заңда атап көрсетілмесе де, Қазақстанда "дәстүрлі" діни ұйымға әдетте ханафи мәзһабындағы сүннит мұсылмандар, орыс православ шіркеуі, католик, лютеран, яһуди мен өзге де тарихи діни қауымдарды жатқызады. Ал буддистер, халықаралық "Кришна санасы" қоғамы өкілдері, бахаи мен саентологтардың үлесі халықтың бес пайызына да жетпейді.
ЖАЗАЛАУ
Мемлекеттік департамент есебінде Қазақстанда Қылмыстық кодекстің "терроризмді насихаттау", "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысу", "діни араздық қоздыру" сияқты баптарымен жазаланған "дәстүрлі емес" діни топтар өкілдерінің істері аталған.
Олардың арасында 5 тамызда Алматы соты WhatsApp мессенджеріндегі жазбалары "терроризмді насихаттады" және "араздық қоздырды" деп айыппен бес жылдан сегіз жыл мерзімге дейін түрмеге кесілген он мұсылманның ісі бар. "Олар WhatsApp тобында уахаби немесе салафи көрнекті ғалымдардың сөзін келтірген" деп жазады есеп авторлары. Олардың арасынан сегіз адамды жергілікті "Тірек" құқық қорғау ұйымы ар-ождан тұтқыны тізіміне енгізген.
Есепте WhatsApp мессенджеріндегі хабарлары үшін "араздық қоздыру" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" айыбы тағылған Қарлығаш Адасбекова мен Дария Нышанованың, "терроризмді насихаттады", "Хизб ут-Тахрир ұйымына қатысы бар" деген айып тағылған, кейін іздеу жарияланған Бекжон Шалабаевтың, қаңтарда Балқаш қаласының соты "жасырын жиын өткізіп", тыйым салынған "Таблиғи жамағат" қозғалысына адам тартқан деген айыппен үш жылға бостандығынан айыруға үкім еткен Абылай Боқбасаровтың істері аталған. "Таблиғи жамағат" қозғалысына қатысқан және"діни араздық қоздырған" деген айыппен 4 жыл 8 айға түрмеде отырып шыққан Сәкен Тұлбаевқа мешітке баруға рұқсат етілгенімен, миссионерлік қызметпен айналысуына тыйым салынып, банктегі шоттары бұғатталғаны жазылған.
Шымкентте "терроризмді насихаттау", "діни араздық қоздыру" бабымен сегіз жылға сотталған этникалық өзбек Ділмұрат Махаматов, Германия соты Қазақстанға беруден бас тартқан мұсылман босқын Мұрат Бақыраевтың да аты-жөні мемлекеттік департамент есебіне еніпті.
АҚШ мемлекеттік департаменті дін еркіндігі жөніндегі "Форум 18" халықаралық үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) мәліметіне сүйеніп, 2019 жылы Қазақстанда дін заңын бұзуға байланысты 159 әкімшілік іс қозғалғанын мысалға келтірген. 2018 жылы ондай 165 іс тіркелген.
Есепте "Иегова куәгерлері" өкілдерінің әкімшілік жазаға тартылғанына мысал ретінде ақтөбелік Болат Исабаев пен қостанайлық Сергей Нұрмановтың ісі келтірілген. Сот ол екеуінің әрқайсына "діни салт-жоралғыны өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 88 375 теңге (230 доллар) айыппұл салған. 3 ақпанда Атырауда "Кришна санасы қоғамы" діни ұйымның бірнеше мүшесі жиналған пәтерге "көршілердің шағымы" бойынша барған оншақты полиция қызметкерлері ұйым мүшелерінен жауап алмақ болған. Кейін "Кришна санасы қоғамына қарсы " биліктің рұқсатынсыз "діни жиын" өткізгені үшін іс қозғалған деп жазады есеп авторлары.
Ақпан мен наурыз айларында Таразда баптистердің жексенбілік құлшылық рәсімін түсіріп алған полиция "тіркелмеген діни ұйымды басқарғаны және қатысқаны үшін" ағайынды Яков пен Виктор Фотқа тиісінше 252 500 теңге (660 доллар) және 126 250 теңге (330 доллар) айыппұл салғанын да АҚШ мемлекеттік департаменті есепке алыпты.
Наурыздың соңында Жамбыл облысында сот баптистер шіркеуінің мүшесі Павел Омеличке "заңсыз діни қызметпен айналысып, діни әдебиет таратқаны" үшін 252 500 теңге (660 доллар) айыппұл салған.
Қазақстан білім және ғылым министрлігі оқушылардың мектепке діни үлгідегі киіммен келуіне тыйым салған соң басына орамал тартқан ондаған оқушы сабақтан қалды. Ақтөбелік оқушылардың ата-анасының мүддесін қорғап жүрген адвокат Ағысбек Төлегеновтің сөзінше, 2018 жылы орамал дауына байланысты билікті 18 рет сотқа беріп, бәрінде жеңілген ата-аналар бұл жылы ешқандай арыз бермеген.
Ресми статистика бойынша, 2019 жылдың тоғыз айында Қазақстанда 3770 діни бірлестік немесе олардың бөлімшесі тіркелген.
ПОМПЕО ӨЗБЕКСТАНДЫ МАҚТАП, ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДІ СЫНАДЫ
АҚШ мемлекеттік департаментінің әлем елдеріндегі діни ахуал туралы жыл сайынғы есебін 10 маусымда Вашингтонда таныстырған сөзінде мемлекеттік хатшы Майк Помпео АҚШ-тың әлемдегі дін еркіндігін қорғау ісіне адал болып қалатынын айтты. Ол жақында президент Дональд Трамптың үкіметке дін еркіндігін басымдық беріп қарастыруды жүктейтін жарлыққа қол қойғанын атап өтті.
Помпео былтыр әлемде дін еркіндігіне байланысты оң өзгерістер байқалған елдердің қатарында Өзбекстанды мақтады.
- Біз 2019 жылы полицияның тіркелмеген діни ұйымдар жиынына рейд жасамағанын байқадық, 2018 жылы 114 рет, ал одан бір жыл бұрын 240 рет рейд болған еді. Бұл - үлкен жетістік, шынайы прогресс, - деді Помпео.
Ол өткен жылы Өзбекстанға сапармен барғанда бірқатар дін жетекшілерімен кездескенін айтты. Былтыр АҚШ-тың әлемдегі дін еркіндігі жайлы есебін таныстырған кезде де Помпео Ташкенттің осы саладағы жетістіктерін мақтаған еді. Вашингтон сол жолы кейінгі 13 жылда алғаш рет Өзбекстанды дін еркіндігін қатты шектейтін елдер қатарынан алып тастаған.
Биылғы есепті таныстырған Майк Помпео әлемде дін бостандығы жағдайы күрделі қалып отырған елдерді де атады.
- Көп жерде діндар адамдарға құлшылық етуге мүмкіндік бермейтінін айғақтайтын құжаттар бар. Никарагуада үкімет дін жетекшілерін қудалап, кемсітеді, діни ұйымдарды қорлап, арандатушыларды айдап салады. Нигерияда "Ислам мемлекеті" мен "Боко Харам" (экстремистік топтар – ред.) мұсылмандар мен христиандарға шабуылдауын тоқтатпады. Желтоқсанда "ИМ" он христианның басын алды, - деді Помпео.
АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Ресейдің аннексиялап алған Қырым түбегінде дін бостандығын шектеп отырғаны айтылған. Авторлар Қырымда "діни азшылық өкілдерін, "Иегова куәгерлері", Украина православ шіркеуі, мұсылман Қырым татарларын қорқытып-үркіту жалғасып отыр" дейді.
"Оккупациялық билік мұсылман Қырым татарларын ұстап, түрмеге қамап, әсіресе Украинада рұқсат етілген, ал Ресейде тыйым салынған "Хизб ут-тахрир" ислам саяси партиясына қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінгендерді қатты қудалайды" деп жазылған есепте.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Қытайда мемлекеттің қолдауымен барлық діни конфессияларға қарсы қуғын-сүргін күшейіп жатыр деп мәлімдеді.
- Қытай коммунистік партиясы барлық діни құрылымдардың өкілдерін партия басшылығына бағынуға міндеттеп, діни ілім мен дін істеріне коммунистік догманы таңып жатыр, - деді ол.
Помпео Қытай билігін Шыңжаңда ұйғырларды жаппай ұстап, Тибетте буддистер мен Фалуньгун (Қытайдағы эзотерикалық ұйым – ред.) өкілдерін қудалап жатыр деп айыптады.
- Бізде бар нәрселер – заң үстемдігі, сөз бостандығы, бейбіт наразылыққа шығу еркіндігі мен дін бостандығы Қытайда жоқ, - деп мәлімдеді мемлекеттік хатшы.
АҚШ-тың дін бостандығы бойынша елшісі Сэм Браунбек те Қытайда үкімет дін бостандығын басып-жаншып отырғаны туралы айтты. Әлемдегі дін еркіндігінің жағдайы мұратқа сай деп айтуға келмейді деді ол.
Бұған дейін, сәуірдің соңында АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі бойынша комиссиясы (USCIRF) әлемдегі дін бостандығының ахуалы жайлы жыл сайынғы есебін жариялаған. Құжатта АҚШ мемлекеттік департаментіне Қазақстанды дін бостандығы саласында құқықтардың бұзылуына жол бергені үшін "арнайы бақылауды қажет ететін мемлекеттер" тізіміне қосу тапсырылған.
ПІКІРЛЕР