Accessibility links

"Әке-шешемнің зиратындағы тасты қиратты". Қытай лагерінде қамауда болған қазақ


"Азан даусынан шошыдым". Қытай лагерінде қамауда болған қазақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:19 0:00

Қытай лагерінде қамауда болған қазақ Нұрлан Көктеубайдың Азаттыққа берген сұхбаты.

58 жастағы Нұрлан Көктеубай — Пекиннің Шыңжаңдағы түркі тілдес мұсылмандарға қатысты саясаты қалай өзгергеніне куә болғандардың бірі. Қазақстанға көшіп келіп, Шыңжаңдағы туыстарына жиі барып тұрған оны 2017 жылы күзде Қытай полициясы тергеуге алып, артынша саяси қайта тәрбиелеу лагеріне жіберген. Қытайдың "миллиондаған мұсылманды арнаулы орталықтарда ұстап, мәжбүрлі оқу мен еңбекке салуын" таяуда АҚШ "адамзатқа қарсы қылмысқа" балап, "геноцид" деп атады. Пекин мұны әдеттегідей жоққа шығарды. Нұрлан Көктеубай Азаттыққа берген сұхбатында лагерьде және одан шыққан соң көргенін айтып берді.

ЛАГЕРЬГЕ АЙНАЛҒАН МЕКТЕП, ТЕМІР ЕСІК, ТОРЛАНҒАН ТЕРЕЗЕ

Шыңжаңда Іле-Қазақ облысы Шапшал ауданы Аққой фермасында тұрдық. 2011 жылы Қазақстанға көшіп келген соң [Қытайға] туыстарыма жиі барып тұратынмын.

2017 жылы [Шыңжаңдағы] ауылға барғанымда полиция бүкіл үйді аралап жүріп, мұсылмандардың Құран кітабын өртетті. Қазақи кітаптарды, дінге қатысты нәрсенің бәрін жақты. Әке-шешіміздің басына қойған тастарды шағып қиратты. Мен содан бастап шошыдым.

Шыңжаңдағы лагерьде қамауда болған Нұрлан Көктеубай. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.
Шыңжаңдағы лагерьде қамауда болған Нұрлан Көктеубай. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл.

2017 жылы 3 қыркүйекте ауыл полициясы шақырды. Маған "Сен халықаралық террористік ұйымдарға жұмыс істейсің. Қазақстанға көп шыққансың. Құпия тірлігің бар. Сені саяси үйрену орталығына алып барамын" деді. "Барсам барармын" дедім. Жасыратын ештеңем болмаған соң сұрақ қойып, жібере салар деп ойладым. Ол кезде үйрену орталығын да, онда не істейтінін де білмеймін. Мені ұстаған кезде менде Қазақстан берген ықтиярхатпен жүргенмін. Бірақ әлі Қытай азаматы едім. Бардым да жеті ай сонда жатып қалдым.

Қамауда болған күндерімнің қалай өткенін айтып жеткізу қиын.

Лагерь Шапшал ауданында болды. Мұндай орталықтар ауданның бірнеше жерінде бар. Айналасы қара сыммен қоршалған. Биіктігі сегіз метр дуал. Ауданда №3 орта мектеп болатын. Соны лагерьге айналдырыпты. Кіріп-шығатын жалғыз есік — қақпа ғана бар. Басқа жердің бәрі тормен қоршалған. Кіре сала киіміңді өткізесің. Лагерьдің өз киімі бар. Аяқ киімнің бауы, белдік, түймелі киімдер — ешқайсы болмайды.

Басында "тәрбиелеп өзгерту орталығы" деп айтыпты, кейін "кәсіп, тіл үйрету орталығы" деді. Бірақ ол жерде біз тіл үйренгеніміз жоқ. Ешқандай кәсіпке де баулымады. Кешке дейін қамауда отырамыз. Ондағылар небір зиялы, небір кәсіпкер адамдар еді. Бәрі — мұсылман.

Қытай билігінің Нұрлан Көктеубайды лагерьге жіберу туралы берген анықтамасы. Нұрлан Көктеубай түсірген сурет.
Қытай билігінің Нұрлан Көктеубайды лагерьге жіберу туралы берген анықтамасы. Нұрлан Көктеубай түсірген сурет.

Тар бөлмеде сегіз адам қамалып жаттық. Есігінде екі құлып бар. Сыртынан шынжырлап тастайды. Бөлме терезесін сым тормен орап тастаған. Бір-біріңмен сөйлесе қалсаң, бақырып боқтайды. Артық сөйлегендерді ұрып жатады. Барлық күзетшінің қолында бір-бір таяқ бар.

Бөлменің ана бұрышына да, мына бұрышына да камера қойылған. Жатақхана ішінде ары-бері жүру мүмкіндігінен айырады. Есік төбесіне теледидар іліп қойған. Қытайдың дамығаны, байығаны туралы, [Қытай төрағасы] Си Цзиньпиннің шетелге сапарлары жайлы, төрағаның "Бір белдеу – бір жол" жобасы арқылы Батыс Еуропаны "өзіне қаратқаны" айтылатын видеолар көрсетеді. "Қытай арманы" дегенді насихаттайды. Оны өздері "жунго мэн" деп атайды. Негізгі мазмұны "Қытай бүкіл дүниені өзіне қаратып, доллардың орнына – юаньді, ағылшын тілінің орнына қытай тілін бүкіл дүниеге таратады; бай, бақытты мемлекет боламыз" дегенге келеді. Күні бойы соны тыңдап отырамыз.

Мен сонда отырғанда мектепте жалпы 6 мың адам болды. Оны біз бірден білмедік. Лагерь қызметкерінің бірі "Сендер – қылмыскерсіңдер. Мұнда сен сияқты 6 мың адам жатыр. Бәріңнің идеяңды жою керек. Бұл жерден ешқашан шықпайсыңдар. Отанға опасыздық жасағансыңдар" деп ұрсып жатқанында естіп қалдық.

Лагерь ішінде ұрып-соғу, тергеу көп. Бірақ өз басым соққыға жығылмадым. Жатақтағы жігіттер түн ішінде жоқ болып кететін. Қайда екенін білмейміз. Алып кетеді. Бірақ оралмайды. Оның орнына басқаларды әкеледі. Қамауда отырғандар арасында 17-ден 80 жасқа дейінгі адамдар болды. Біздің ауданда ұйғыр көп. Қамаудағылардың басым бөлігі – солар. Кейін қазақтар да, қырғыздар да келе бастады.

"САУ БАСЫМА БІРНЕШЕ АУРУ ЖАБЫСТЫ"

Таңертең далаға тізіп алып шығады. Сап түзеп тұрып мемлекеттік-патриоттық сарындағы ән айтамыз. Артынша асханаға жүгіріп барамыз. Біз жүретін жолды сыммен қоршап тастаған. Соның бойынан шықпайсың. Әскер мен қызметкерлер қоршаудың сыртымен жүреді.

Тамақты тізіп қояды. Мен қыркүйекте кіргенде тамағы жақсы болды. Бастапқыда еті бар тамақты тойғанша жедік. Кейіннен бірте-бірте тамақ сұйылып кетті. Күрішті қайнатып, буға піскен бір нан ғана беретін болды.

Нұрлан Көктеубай: Лагерь қызметкерінің бірі "Мұнда сен сияқты 6 мың адам жатыр. Бәріңнің идеяңды жою керек. Бұл жерден ешқашан шықпайсыңдар. Отанға опасыздық жасағансыңдар" деп айтты.
Нұрлан Көктеубай: Лагерь қызметкерінің бірі "Мұнда сен сияқты 6 мың адам жатыр. Бәріңнің идеяңды жою керек. Бұл жерден ешқашан шықпайсыңдар. Отанға опасыздық жасағансыңдар" деп айтты.

Лагерьге алып келмес бұрын полиция ауруханаға апарып, денсаулығымды тексертіп, дәрігерге көрсеткен. Ешбір ауруым болмап еді. Іште жүріп үш рет ауруханаға түстім. "Жасаған бір қылмысым жоқ. Бұл не сұмдық? Бала-шағам Қазақстанда қалды" деп ашуланып жүргенімде қан қысымым көтеріліп кетіпті. Одан жүрекке қысым түсті. Аудандық ауруханаға апарып, тамырдан сұйық дәрі салды. Қазір қан қысымым жоғары. Бауырым үлкейіп кеткен. Өтім ауырады. Денсаулығым жақсы болып кіріп, ауру жиып шықтым.

"ҚАЗАҚТЫҢ БӘРІ ТЕРРОРИСТ БОЛЫП КЕТТІ"

Біз болған орталықтың басқаруы – түрме, тәртібі – әскер, үйренуі – мектеп. Үш жақтан құралған тәрбиелеп өзгерту орталығы.

Мені бірнеше рет тергеді. Торланған кішкентай бөлмеге апарып, сыртыңнан құлыптап қояды. Сұрақ қоятын адам сыртында отырады. Ортасында кішкентай тесік бар. Сұрақтарына жауап беріп болған соң сол жерден бір қағазға қол қоясың.

Сондағы тергеуші "Қазақтың бәрі террорист болып кетті. Қазақстанға барып, сол арқылы Ауғанстан, Түркия, Сирияға барады" деді. Мені "Сен соның қайсысына бардың?" деп қысты. "Әй, мен Алматыдан ары өтіп көргем жоқ" деп бой бермеймін. Сенбейді. Ақыры қоймаған соң "Барғандардан кімді білесің?" деп сұрайды.

Қазақстанда қалған бала-шағам көп арызданыпты. "Атажұрт" [еріктілер ұйымына] шағым жазған, Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне шағымданған. Маған лагерь қызметкерлері "Сен кетпейсің, саған паспорт жасалмайды" деген. Үздіксіз арыздар әсер еткен болуы керек, жеті айдан соң, 2018 жылы сәуірде мені лагерьден босатты.

"САҒЫНАТЫН ТҮЙСІК ҚАЛМАҒАН"

Шыға сала азаматтық куәлігімді тартып алды. Біреумен сөйлесу мүмкіндігінен айырды. Он ай бақылауда болдым. Еркін жүре алмай, ешқайда бара алмай қалдым. Әйелім де, туыс-бауырларым да қатты қиналды.

Әр дүйсенбі күні ауылда ту көтереді. Сол кезде жұрт алдында "Мен қылмыс жасадым. Бірақ партия мен үкімет кеңшілік қылып, мені лагерьден шығарды" деп жасамаған қылмысымды мойныма алып, төрт рет осылай қайталайтынмын. Мен өмір бойы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып істеген адаммын. Саясатқа да, заңға да араласпағам. Ешқандай лас әрекетке де барған емеспін. Бірақ жазғандарын оқып бермесең, жазаң ауырлайды.

Шыңжаңдағы лагерьде қамауда болған Нұрлан Көктеубайдың бостандыққа шыққан соң түскен суреті. Отбасы архивіндегі фото.
Шыңжаңдағы лагерьде қамауда болған Нұрлан Көктеубайдың бостандыққа шыққан соң түскен суреті. Отбасы архивіндегі фото.

Әйелім қамауда болмағанымен, ол менен артық қиналды. Оларды 24 сағат бойы полиция аңдыған. Ол да мұғалім еді. Зейнетке шығып кетсе де, мектебі бірнеше рет шақыртып алып, бәрінің көзінше "Күйеуіме бас-көз бола алмадым. Террористермен байланысып кетті" дегенді оқытыпты. Әйеліме мені қаралатқан. Халықтың бәрі менен қашатын болды. Бұрын бірге жүрген жақын жолдастарым да теріс айналды. Ағам мен қарындасыма мені тіркеп, қашып кетпеуімді солардың мойнына артып қойды.

Халық үрей мен қорқынышта өмір сүреді. 100 адам тұрғанда мені полиция әкетіп бара жатса, ешкім үндей алмайды. Адамдарды соншалық басып тастаған. Сөйлеп қалсаң, сені де алып кетеді. Үкіметке "мынау дұрыс емес" деу мүмкін емес. Көшені қолына таяқ ұстағандар кезіп жүреді, күнде полиция көлігі жүріп өтеді. Топтасып қалғандарды таратады.

Коммунистік партияны мақтатады. Тұрмысың кедейірек болса, 25 келі ұн, 5 литр сұйық май әкеп береді де, соны суретке түсіріп таратады. Камераға "Міне, партияның, міне, үкіметтің жақсылығы, тұрмысымызға қарасып жатыр" деп сөйлетіп қояды.

Кейін лагерьлерге байланысты халықаралық шу шығып, Қытай шетелдік журналистерге орталықтардың ішін көрсетті. Темір тор қойылған, сегіз метр дуалды бір түнде бұзып, маңайын гүлдендіріп, баяғы лагерьдің формасын өзгертіп тастады. Ішіндегі адамдардың бақытты болып, билеп жүргенін көрсетеді. Мұның бәрі – өтірік.

Қолымда ықтиярхат болған. Қазақстаннан жазылған арыздар себеп пе, әлде басқа ма, білмеймін, бірақ 22 қаңтарда аудандық полиция маған паспортымды әкеліп беріп, "24 қаңтарда Қазақстанға шығып кетесің" деді. Құжатымды берген адам "сол күні Қазақстан шекарасына өтіп кетпесең, ауданның бас хатшысы қызметінен кетеді" деді.

Мені Жаркенттен күтіп алды. 12 жасар кіші ұлым әкелеп алдымнан шыққанда күнде көріп жүрген адамдай қабылдадым. Сол кезде өзімді таныған жоқпын. Сағынатын түйсік қалмаған екен. Бала-шағаны сағынатын түйсіктен айырылып қалыппын.

Үлкен баламның Алматы облысынан алған үйі мешіт жанында екен. Таңға жуық азан шақырғанда өзімнен-өзім шошып, қорқып кеттім. Балам "Ой, әке, қорықпа, ештеңе етпейді" деп жұбатып жатыр. Дінді жат қылып тастаған. Ауылда адамдарды топтастырмайтын еді ғой. Мұнда жиналып тұрған адамдарды көріп, баламды үйден ертіп әкеліп, "Мына адамдар неге жиналып тұр?" деп таңқалатынмын. Бір жарым-екі ай дегенде өз қалпыма келдім. Рухани күйзеліске ұшыраған екенмін ғой деп ойладым.

"Қазір қамауда отырған қазақ жоқ" деген – өтірік сөз. Лагерь болмаса да, шетінен 15-25 жылға дейін соттап жіберді. Олар неге сотталды? Жұмаға кірген, қайырымдылық ұйымдастырған. Ешқандай қылмысы жоқ небір жас түрмеде жатыр. Өзі 20 жастағы жігіт 20 жылға сотталып кетсе, 40 жаста қамаудан шыққанда өмірі не болады? Ойласаң ішің ашиды. Қазақстанда туысы барлар сонда қамалған жақынын іздеп, арызданып жатыр. Ал атамекенде туғаны жоқ, іздейтін жақыны қалмаған қанша адам жазықсыз сотталып кетті? Біз мұны білмейміз.

Шыңжаңда не болып жатыр?

Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. 2020 жылы маусымның соңында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.

АҚШ пен Батыс мемлекеттері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция енгізген алғашқы ел. Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.

2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да ұлты қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG