Accessibility links

Өтемақыға келіспеген Жезқазған ауылы тұрғындары сусыз, жарық пен жылусыз қалды


Весовая ауылындағы сүрілген тұрғын үйлер. Қарағанды облысы, наурыз, 2021 жыл.
Весовая ауылындағы сүрілген тұрғын үйлер. Қарағанды облысы, наурыз, 2021 жыл.

Қарағанды облысында "Қазақмыс" компаниясы мыс өндіретін кен орнына жақын маңда тұратын ауыл тұрғындарын күштеп көшіру жалғасып жатыр. Үйін босатудан бас тартқан тұрғындар сусыз, жарық пен жылусыз қалған.

"ҚАШАНҒЫ ШЫДАУҒА БОЛАДЫ?"

Весовая ауылының тұрғыны Тимур Бақтияров пен ағасы жылы төсектің орнына жұқа шатырдың ішінде жер төсеніп, суы мен жылуы жоқ, терезесі мен қабырғаларына мұз қатқан пәтерде тұрып жатыр. Олар суыққа тоңбас үшін қалың киімін шешпей ұйықтайды. Тимур сөзіне дәлел келтіріп, пәтердегі жағдайды видеоға түсіріп жіберді. 6 наурызда электр сымын үзіп, пәтерді жарықтан ажыратып тастаған. Бақтияровтар – басқа жақтан пәтер берілгенше, Весовая ауылындағы өмір сүруге жарамсыз үйінде қалған санаулы тұрғынның бірі. Ағайынды жігіттер отбасы мүшелерін басқа жаққа көшірген.

– Көшуге келістік. Бәрі қирап қалатынын білдім. Соңына дейін ауылда қалған көп адамды, олардың қандай қиын жағдайда өмір сүргенін көрдім. Мұндай жағдайда қалғым келмеді. Бірақ солай болды. Бізді әлі көшірген жоқ. Әкімдік айтқан кезде киімімізді тез жинап, күтіп отырдық. Ұзақ күтіп, шыдап, үндемедім. Бірақ енді үнсіз отырғым келмейді. Қашанғы шыдауға болады?! – дейді Весовая ауылының тұрғыны Тимур Бақтияров.

Весовая ауылының тұрғыны Тимуру Бақтияров суық пәтердің ішіндегі осы шатырда ұйықтайды.
Весовая ауылының тұрғыны Тимуру Бақтияров суық пәтердің ішіндегі осы шатырда ұйықтайды.

Бес баламен суы мен жылуы жоқ үйде өмір сүру қиын болғандықтан, Тимур өз ақшасына пәтер жалдап, отбасын басқа жаққа көшірген.

– Қазір пәтерде ағам екеуіміз кезектесіп қонамыз. Әкімдікке хабарласып, ұрыстым. Адамдарға, балаларға осылай істеуге бола ма? "Ақпарат құралдарына хабарлап, қандай жағдайда өмір сүріп жатқанымызды көрсетемін" дедім. Не істерімді білмеймін. Бұл – қорлау, абыройым мен беделімді таптау. Билік не күтіп отыр?! – дейді ауыл тұрғыны.

Билік өкілдері Тимур Бақтияровқа Сәтбаев қаласынан пәтер берілетінін айтқан. Бірақ әлі күнге уәдесін орындамаған. Әкімдік жері мемлекет қажетіне алынған аудан тұрғындарын көшіруге бюджеттен қанша ақша бөлінгенін жасырып, мұны "құпия ақпарат" деп көрсетіп отыр.

"КЕТІҢДЕР, БҰЛ – МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІ"

Қазір халқы басқа жаққа көшіріліп жатқан ең ірі ауыл – Жезқазғандағы жағдай да мәз емес. Ауылда ондаған отбасы қалған. Мемлекеттің оларды көшіру туралы ұсынысына көнбеген тұрғындар үйінен ұзап шығуға қорқады. Өйткені осыған дейін қожайыны жоқ пәтерлердің есігін ашып, тонап, өртеп немесе сүріп тастаған кездер болған. Ауыл халқы бір аптадан бері электр жарығынсыз отыр. Одан бұрын Tele2 интернетінің сымын кесіп тастап, адамдар байланыссыз қалған. Бұл жағдай тұрғындар наразылық білдіріп, ақпарат құралдары мен әртүрлі мемлекеттік органдарға, тіпті Ақордаға шағымданып, лайықты өтемақы талап еткеннен кейін болған.

Жезқазған ауылының тұрғыны Сергей Тоноянц азық-түлікті 10 литрлік ыдысқа салып, далада сақтайды. Ол ыдысты тоңазытқыштың орнына пайдаланады.
Жезқазған ауылының тұрғыны Сергей Тоноянц азық-түлікті 10 литрлік ыдысқа салып, далада сақтайды. Ол ыдысты тоңазытқыштың орнына пайдаланады.

Жезқазған ауылының тұрғыны Сергей Тоноянц азық-түлікті 10 литрлік ыдысқа салып, далада сақтайды. Осы ыдысты тоңазытқыштың орнына пайдаланады. Электр жарығы болмаған соң, керосинмен жанатын шырағданмен отыр. 10 наурыздан бастап су да өшкен. Оған дейін Сергей өзінен үйді босатуды талап етіп отырған әкімдікке барудан бас тартқан. Ауыл тұрғыны осыдан кейін болған оқиғалар "кездейсоқ емес" деп санайды.

Азаттық тілшісінің қолында Тоноянцтың Жезқазған ауылы әкімі мен әкімдік қызметкерлері келгенде түсірген видеосы бар. Онда билік өкілдері Сергейге "бұл – сенің меншігің емес" деп, үйді босатуды талап етеді. Сергей ашуланып, үйдің жанындағы өзге де құрылыс нысандарына лайықты өтемақы төлемейінше, ешқайда кетпейтінін айтады. Ары қарай шенеуніктер басқа отбасымен сөйлесіп, әңгімені видеоға түсірмеуді сұрап, камераны қолымен жабады. Бұған дейін сот орындаушылары үйді босатуды сұрап, Сергейге пошта арқылы хабарлама жіберген. Хатта Сергей өз еркімен үйден кетпесе, күштеп көшіру шарасы қолданылатыны, борышкердің үйде болмауы сот актісін орындауға кедергі бола алмайтыны жазылған.

Тоноянц қираған ауылдан көшуге қарсы емес, тек әкімдік қызметкерлері гаражын есепке алмағанын айтып, қазіргі баспанасы сияқты жақсы үй сатып алуға жететін өтемақы сұрайды. Ол лайықты өтемақы алу үшін әкімдікпен соттасып та көрген, бірақ нәтиже шығара алмаған. Сергей сот шешіміне қарсы шағым берген, ал судья оның апелляция шағымын қанағаттандырмаған. Жоғарғы сот та арызын қарамай қойған. Сергейдің әйелі сот процесі мен жүйкені тоздыратын әуре-сарсаңға шыдай алмай, қайтыс болған.

Сергей Тоноянц.
Сергей Тоноянц.

– Жергілікті билік "Үйіңіз әкімдіктің меншігінде, бұл жерде заңсыз тұрып жатырсыз" деп, жарықты өшіріп тастады. Бірақ меншік құқығын дәлелдейтін құжаттар бойынша үй бізге тиесілі. Ауыл әкімі "Кетіңдер, бұл – мемлекеттің меншігі" дейді. "Үйім мен оның айналасына салған құрылыс нысандары үшін лайықты ақша төлемейінше ешқайда кетпеймін" дедім. Тордағы құс сайрамайды. WhatsApp желісіндегі топта әкімдік, полиция және прокуратура өкілдері бар. Біз онда өз мәселелерімізді жазып, наразылық білдіреміз, ал олар жауап бермейді. Топтағы хабарламаларды ешкім оқымасын деп, бізді байланыссыз қалдырып, желіні кесіп тастады. Мүмкіндігі барлар басқа байланыс операторына ауысты, бірақ ол нашар істейді. Енді басқа амалға көшіп, электр жарығын, артынша суды өшірді. Қысқасы, біздің рухымызды түсіруге тырысып, моральдық қысым көрсетіп жатыр, – дейді Сергей Тоноянц.

Сергейдің айтуынша, бұрын үйін тастап, көшуге келіскен тұрғындардың өтемақысын "Қазақмыс" компаниясы төлеген. Ол кезде бәрі "жақсы ақша" алып, басқа жаққа қоныс аударған. Кейін билік өкілдері өтемақыны мемлекеттік бағдарламаға қосып, бюджеттен төлеуге көшкенде қиындық басталған.

– Менің келісімімсіз әкімдік ұлымның шотына үйдің өтемақысы ретінде 8,6 млн теңге көлемінде ақша аударған. Бұл ақша қазіргі үйім сияқты жақсы баспана алуға жетпейді. Оның үстіне, гараж, бау-бақша сияқты шаруашылыққа арнап салған құрылыс нысандары есепке алынбаған. Соның бәрін есептетіп, лайықты өтемақы алмай көшіп кетсем, олар үйімді сүріп тастайды. Кейін ештеңені дәлелдей алмай қаламын, – дейді Сергей.

Мемлекет ұсынған өтемақы көлеміне келіспеген отбасы екі айлық сәбиімен жарықсыз қалған суық үйде тұрып жатыр.
Мемлекет ұсынған өтемақы көлеміне келіспеген отбасы екі айлық сәбиімен жарықсыз қалған суық үйде тұрып жатыр.

Тоноянцтің үйінің жанында екі айлық баласы бар отбасы тұрады. Олар да өтемақы көлеміне келіспей, "жеткілікті ақша берілмейінше үйден кетпейміз" деп отыр. Кішкентай сәбиі бар отбасы да жарықсыз қалған.

Аталған ауылдардағы жағдай шиеленісіп тұр. Жүйкесі жұқарған адамдар үй-жайын жанын салып қорғауға дайын екенін айтады.

ӘКІМДІК: ХАЛЫҚТЫ КӨШІРУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Азаттық тілшісі тұрғындарды көшірумен айналысып жатқан Сәтбаев қаласы әкімдігіне ресми хат жіберіп, қазіргі жағдай жайлы айтып беруін сұрады.

Әкімдік дерегінше, қазір Жезқазған ауылы мен оған жақын орналасқан елдімекендерде 40 отбасы қалған. 10 отбасымен келіссөздер аяқталуға жақын, ал қалған азаматтарды көшіру жұмысы жалғасып жатыр. Әкімдік "Қанша жер учаскесі коммуналдық меншікке өтті? Қанша тұрғынға қарсы жерін мемлекет иелігіне күштеп өткізіп, азаматтарды басқа жаққа көшіру туралы арыз берілді?" деген сұраққа жауап берген жоқ.

Әкімдік ауыл тұрғыны Тоноянцты көшіру жайлы сот шешіміне сәйкес, Сергей мен оның отбасы мүшелері үйді босатуы керегін, бірақ олар бұл талапты орындамай отырғанын хабарлады.

"Қазір сот шешімінің негізінде С.Тоноянц есімді азаматтың меншік құқығы тоқтатылып, мүлік Сәтбаев қаласының коммуналдық иелігіне өтті" деді Азаттықтың хатына жауап берген Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Жүнісбеков.

Жезқазған ауылындағы жер астында және оған жақын маңда жүргізілген бұрғылау мен жарылыс жұмыстарынан жерде осындай жарық пайда болған. 2020 жыл.
Жезқазған ауылындағы жер астында және оған жақын маңда жүргізілген бұрғылау мен жарылыс жұмыстарынан жерде осындай жарық пайда болған. 2020 жыл.

Әкімдік көшу процесі тым ұзаққа созылып кеткенін айтып, шағынған Весовая ауылының тұрғыны Тимур Бақтияровтың мәселесіне байланысты "Қазір сот процесі жүріп жатыр, оған аталған азамат жауап беруші ретінде қатысады. Барлық құқықтық қатынастар сот процесі аясында шешіледі" деп мәлімдеді.

Тимурдың ағасының пәтері жайлы ақпарат берген әкімдік "Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оған баспана беріледі, ал Бақтияровтардың мүлкі коммуналдық иелікке өтеді" деп хабарлады.

Бірақ "Весовая ауылында қалған тұрғындарды сусыз, жарық пен жылусыз қалдыруға не себеп болды?" деген сұраққа әкімдік тура жауап бермей, "электр жарығы мен жылу жоғы жайлы өтініш түскен жоқ" деді. Әкімдік Жезқазған ауылы тұрғындарының бір бөлігін жарықсыз қалдыру туралы сұрақты да жауапсыз қалдырды.

Жезқазған ауылындағы сүрілген үйлер.
Жезқазған ауылындағы сүрілген үйлер.

Азаттық тілшісі "Қазақмыс" корпорациясына тағы да хат жіберіп, "Неге компания жергілікті тұрғындарға өтемақы төлеуден бас тартты? (Халықты көшіру процесі жаңа басталған кезде бүкіл шығынды компания өз мойнына алған, бірақ кейін билік өкілдері халықтың мүлкін "мемлекет қажетіне" алып, көші-қон процесін мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асыра бастаған)" деп сұрады. Мақала жарияланғанға дейін компаниядан жауап келген жоқ.

ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛУ

Наурыздың басында халқы көшіп жатқан ауыл тұрғындарына әртүрлі органдардан жауап келген. Бұл құжаттардың бәрі Азаттық тілшісіне берілген. Мемлекеттік органдардың жауабы жиі қайталанатындықтан, олардың бірнешеуіне ғана тоқталайық. Мысалы, тұрғындардың ұжымдық шағымына жауап берген прокуратура "өтемақы көлеміне, мүлікті, коммерциялық нысандарды бағалауға және нарықтағы бағаға келіспеу сотта қаралады" деп жазған. Басқаша айтқанда, прокуратура тұрғындарға әкімдікпен соттасуға кеңес береді. Осыған ұқсас тәжірибесі бар тұрғындар бұдан еш пайда жоғын, сотта үйінің мемлекет ұсынған бағадан да қымбат тұратынын тек санаулы адам ғана дәлелдеп шыққанын айтады.

Наурыздың басында тұрғындар Қарағанды облысы әкімдігінен жауап алған. Билік өкілдері "жер учаскелері мен ондағы құрылыс нысандарын мемлекет меншігіне өткізу Сәтбаев қаласында жаңа үйлердің салынуына және мүлік иелерімен келісімге келу процесіне қарай біртіндеп жүзеге асады" деп жауап берген.

Жезқазған ауылындағы сүрілген үйдің орны.
Жезқазған ауылындағы сүрілген үйдің орны.

Облыс әкімдігінің дерегінше, үйі сүрілгенге дейін мүлік иесіне басқа баспана беріледі немесе үйдің нарықтағы бағасына тең көлемде өтемақы төленеді. Үй иесімен келісімге келе алмаған жағдайда жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мемлекет меншігіне күштеп өткізу процесі сот арқылы жүзеге асады.

Қарағанды облысы әкімдігінің жауабында "Кешенді жоспарда жер учаскелері мен ондағы шағын және орта бизнес нысандарын мемлекет меншігіне өткізу қарастырылмаған. Қарағанды облысының әкімдігі кешенді жоспардың 11-бөліміне толықтыру енгізуді ұсынған. Үкіметтің 2019 жылғы 13 маусымдағы қаулысы бойынша, кешенді жоспарға пайдалы қазба өндіру мақсатында Жезқазған ауылы мен оған жақын орналасқан елдімекендердегі жер учаскелерін мемлекет қажетіне алу туралы өзгерістер енгізілді. Өтемақы төлеу шарттары құпия ақпарат саналады" делінген.

Прокуратура тұрғындардың Жезқазған ауылындағы жер астында және оған жақын маңда жүріп жатқан бұрғылау және жарылыс жұмыстарын адамдар толық көшіп болғанға дейін тоқтату туралы өтінішіне жауап берген. Прокуратура жауабына сәйкес, индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті департаменті жүргізген тексеру барысында Жезқазған ауылының маңында және жер астында заңсыз жұмыс жүргізілгені анықталған. Бұрғылау-жарылыс жұмыстарын заңсыз жүргізу туралы іс Қарағанды облысының арнаулы ауданаралық экономикалық сотына берілген. Сот бұрғылау-жарылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салған. Бірақ тұрғындардың айтуынша, ғимараттардағы діріл азаймаған. Сәтбаев қаласының прокуроры тұрғындарға ақпанның ортасында Сәтбаев қаласының әкімі мен өндірістік қауіпсіздік департаментіне Жезқазған ауылында жер астында және оған жақын орналасқан елдімекендерде заңсыз бұрғылау-жарылыс жұмыстары жүріп жатқанын анықтау үшін мониторинг жүргізіп, өңделген жерді зерттеуді тапсырып, хат жазғанын айтқан. Қала және облыс әкімдігінің дерегінше, бұрғылау және жарылыс жұмыстарын бақылау олардың құзыретіне кірмейді. Осылайша тұрғындар тұйыққа тіреліп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG