Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы USAGM жетекшісімен Мәскеудің Азаттыққа қысымын талқылады


АЕ/АР-дың Прага қаласындағы бас кеңсесі.
АЕ/АР-дың Прага қаласындағы бас кеңсесі.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "шетел агенті" заңы арқылы Азат Еуропа/Азаттық радиосының жұмысына кедергі келтіруге тырысып отырған Ресей билігінің әрекетіне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс хабарлады.

6 сәуірде Блинкен АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігінің (USAGM) жетекшісі міндетін уақытша атқарушы Келу Чаомен кездесті. Олар әлемде демократиялық принциптерді сақтап қалу және алға жылжытудағы тәуелсіз медианың рөлін атап өтті.

"Кейінгі айларда Мәскеу орыс тіліндегі барлық материалдарға "шетел агенті" белгісін енгізуді міндеттеген. Бұл талапты орындамағандарға айыппұл салынады немесе қылмыстық іспен қудаланады. Ондағы мақсат – тәуелсіз тілшілердің үнін өшіру" делінген АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде.

Роскомнадзор кейінгі айларда "шетел агенті" туралы заңдағы 400 шақты ережені бұзғаны үшін Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орыс қызметіне шамамен бір миллион доллар көлемінде айыппұл салған. Медиакорпорацияның президенті Джейми Флай Кремльдің қысымы мен қудалауына қарамастан АЕ/АР барған сайын өсіп бара жатқан аудиториясын қалдырмайды деп мәлімдеген.

Ресейде АЕ/АР танымалдығы артып барады: 2021 жылы АЕ/АР-дың Орыс қызметінің сайты айына 16 миллионнан астам оқылады.

  • Азаттық радиосы, оның аймақтық жобалары, "Настоящее время" телеарнасы және АЕ/АР-ның бірнеше бөлімшесі 2017 жылдың соңында "БАҚ – шетелдік агент" тізіміне кірген. Министрліктің тізіміне енген бұл редакциялар қаржысы туралы есеп беріп, жарияланымдарын тиісті түрде белгілеп отыруы керек. АЕ/АР Ресейдің БАҚ – "шетелдік агент" туралы 2017 жылғы заңнамасын орындайды, бірақ оны "Ресей басшыларының журналистерді қудалауға бағытталған қауіпті қадамы әрі Ресей азаматтарына Кремль мақұлдаған ақпаратты ғана жеткізуге тырысу әрекеті" деп бағалайды.
  • АЕ/АР басшылығы ешбір тараптың саяси не цензуралық мақсатпен редакция саясатына араласуына жол бермейтін медиаұйым екендерін үнемі ескертіп келеді.
  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы баспасөз бостандығына үкімет шектеу қойған 23 елге 27 тілде хабар таратады. Радио журналистиканың жоғары объективтілік стандарттарын ұстанып, цензурасыз ақпарат беруді мақсат тұтады. Ұйымның бас кеңсесі Чехия астанасы - Прагада орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG