АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі 12 мамырдан бастап консулдық қызметтерді барынша қысқартады. Тек ерекше жағдайларда виза мәселесін қарастырады. Бұл туралы елшіліктің таратқан хабарамасында жазылған.
Елшіліктің хабарлауынша, бұған Мәскеудің талабы бойынша консулдық штатындағы қызметкерлердің 75 пайызға қысқаруы себеп болған. 23 сәуірде Ресей билігі АҚШ дипломатиялық миссиясына шетел азаматтарын жұмысқа алуға тыйым салынғанын хабарлаған.
"Ресей үкіметінің әрекеті бізді консулдық қызметкерлерін қысқартуға мәжбүрлеп отыр, бұл өкінішті" делінген елшілік хабарламасында.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин "достық ниеті жоқ елдердің" дипломатиялық өкілдіктеріне шетелдіктерді жұмысқа алуға шектеу қоятын жарлыққа қол қойған.
"Достық ниеті жоқ" елдердің тізімін үкімет анықтайды. Бұған дейін заңнамада мұндай термин болмаған. Құжатта АҚШ пен өзге елдердің достық деп атауға келмейтін әрекеттеріне "жауап" ретінде осындай шара қолданылатыны көрсетілген. Аккредитацияланған дипломаттарға жарлықтың қатысы жоқ.
2016 жылдың соңынан бері Ресей мен АҚШ дипломатиялық өкілдіктегі қызметкерлер санын қысқарту жөнінде бір-біріне алма кезек талап қойып келеді. 2017 жылдан бастап ресейліктерге виза беру процесі едеуір шектелген.
ПІКІРЛЕР