Accessibility links

Жаңаөзенде тағы бір компанияда ереуіл басталды, тағы бірінде наразылар қысымға шағымданды


Жалақыны өсіруді талап етіп, ереуілдетіп жатқан "Мұнайтехснаб" жұмысшылары. Жаңөазен, 19 шілде 2021 жыл.
Жалақыны өсіруді талап етіп, ереуілдетіп жатқан "Мұнайтехснаб" жұмысшылары. Жаңөазен, 19 шілде 2021 жыл.

Қазақстанның батысындағы моноқала – Жаңаөзенде қатарынан бірнеше мекемеде жұмысшылар ереуіл өткізіп жатыр. Бұлар: өткен аптадан бері жұмысын тоқтатқан "МұнайСпецСнабкомпани" және 19 шілдеде ереуілге шыққан "Құнан холдинг" пен "БатысГеофизСервис" компаниялары. "ӨзенМұнайГаз" компаниясына түрлі қызмет көрсететін үш мекеменің жұмысшылары жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді.

"МұнайСпецСнабкомпани" мекемесінің 200-ге жуық жұмысшысының ереуілдеп жатқанына 19 шілдеде бес күн болды. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, осы уақыт бойы оларға басшылықтан ешкім келмеген. Есесіне еңбек құқығын талап етіп, ыстықта палатка астында жатқан жұмысшыларға қысым басталған.

– Жан-жақтан қысым көрсетіп жатыр. Органдар жақтан. Жұмысқа шығасың деп қудалап жатыр. Үйтіп қысым көрсетпесін. Бізге көмек керек, – деді аты-жөнін айтқысы келмеген жұмысшылардың бірі Азаттық тілшісіне.

Компания басшылығы ереуілге шыққан жұмысшыларды жұмыстан шығарып, орнына басқа адамдарды алып жатыр деген ақпарат та тарады. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталмады.

– Осы айдың жалақысын берген жоқ. Бала-шағамызға алып беретін азық-түлік те жоқ. Сосын кеше көліктің кілтін тапсырған кезде ондағылар "енді сен кете бер, жұмыстан шықтың" деді. Енді не істейтінімізді білмейміз. Үйге барайық десек, үйдегілер сені жұмыстан шығарып жіберді деп айта бастайды, – дейді Өмірбай есімді жұмысшылардың бірі.

Наразылардың сөзіне қарағанда, олар ереуілшілер арасынан бес адамды мәселені шешу бойынша құрылған комиссия құрамына кіргізуге тырысқанмен талпыныстары нәтижесіз аяқталған. Жаңаөзен әкімдігінен қызметкерлер келгенмен "мәселені қарастырамыз" деумен шектелген.

Жұмысшылардың арызында 11 талап жазылған. Арасында төмендегідей пунктер де бар: жалақыны 100 пайызға өсіру, Еңбек кодексінің 22 бабының 1-тармағына сәйкес, өндірістік мұнай, газ, көмірсутек газы және өзге де денсаулыққа зиян келтіретін аймақта жұмыс істегендіктен өтемақы төлеу, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төлеу, 24 сағаттық жұмыс ауысымын тоқтатып, ең көп дегенде 12 сағаттық жұмыс ауысымын ұйымдастыру, техникаларды жөндеу кезінде жұмысқа шыққан уақытты есепке алу сияқты талаптар бар.

19 шілдеде Азаттық тілшісі компания басшысы Ерлан Сәбиевке хабарласқанмен телефоны сөндірулі тұрды.

Ереуілшілерге жаңаөзендіктер азық-түлік апарып, қолдау білдіріп жатыр. Наразылыққа 130-дан астам жұмысшы қатысып жатыр.

Ал "Өзенмұнайгаз" компаниясына тасымалдау қызметін көрсететін "Құнан холдинг" мекемесінің 200-ден астам жұмысшысы 19 шілдеде ереуілге шықты. Олар компания басшылығынан жалақыны өсіруді талап етеді.

"Құнан холдинг" компаниясының жұмысшылары ереуілдеп тұр. Жаңаөзен, 19 шілде 2021 жыл.
"Құнан холдинг" компаниясының жұмысшылары ереуілдеп тұр. Жаңаөзен, 19 шілде 2021 жыл.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, мұнда мекеме көлігін айдайтын жүргізушілер мен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тапсырыс орындайтын адамдар бар. Алғашқы топ жалақыны 100 пайызға көбейтуді талап етіп отыр. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер сағатына төленетін ақыны 1000 теңгеден 1300-ге дейін ұлғайтуды сұрап отыр.

– Мекеменің көлігін айдайтын жүргізушілер 76-100 мың теңге аралығында айлық алады. Ал біз жалданбалы кәсіпкерлердің ақысы сағатына есептеледі. Бізге сағатына 1000 теңгеден төлейді. Неше жылдан бері осы тариф келе жатыр. Өзгеріс жоқ. Біз осыны 1300-ге дейін өсіруді талап етеміз, – дейді кәсіпкер Бекбол Пегамов.

Ал "Құлан холдинг" басшысы Асхат Меңдібаев 15 шілдеде жеке кәсіпкерлер ақысын 1000 теңгеден 1030 теңгеге, штаттағы қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға көтергенін айтады. Оның айтуынша, мекеме көлігін айдайтындардың ең төменгі жалақысы – 80 мың теңге, ең жоғарысы – 160 мың теңге. Жеке кәсіпкерлердің орташа айлығы 200 мың теңге.

Ақпаратқа қарағанда, штатта – 63 жүргізуші, жеке кәсіпкер ретінде 172 адам жұмыс істейді.

19 шілдеде "Өзенмұнайгаз" ұңғымаларына геофизикалық зерттеу жүргізетін "БатысГеофизСервис" компаниясында да ереуіл басталған. Ол туралы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқуға болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG