Президент жарлығымен қызметінен кетірілген бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты жаңа басшылыққа АШМ міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев тағайындаған. Бұл жөнінде бейсенбі күнгі брифинг кезінде белгілі болды. Жуырда Сапархан Омаров "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалған еді.
«Сапархан Омаров менің бұйрығыммен "Азық-түлік келісім шарт корпорациясының" басшысы болып тағайындалды. Сапархан Кесікбайұлының тәжірибесі мол, екі жыл ауыл шаруашылығы министрі болды. Аграрлы комитетті басқарған. Депутат болды, министрдің орынбасары болды. Оның осы тәжірибесі қазіргі жаңа қызметінде де бізге керек болады деп ойлаймын. Менің ойымша, адамдар екі түрге бөлінеді. Біріншісі, сыннан кейін жан–жағындағылардың бәрін кінәлайды, екіншісі ол сыннан нәтиже шығарады. Алда жақсы жұмыс істеуге тырысады. Меніңше, Сапархан Кесікбайұлы адамдардың екінші түріне жатады» деді Ербол Қарашөккев 12 тамыз күнгі баспасөз жиыны кезінде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдеде үкімет отырысында биылғы қуаңшылық кезінде бірқатар аймақта малдың азық жетпей қырылғанына байланысты ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынап, "министр қызметінен кетуі тиіс" деп мәлімдеген. Үкімет отырысында қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарында азық жетпей, мал шығыны болғаны айтылды.
Сол күні бір сағаттан кейін Ақорда сайты Омаровтың қызметтен босатылғаны жөнінде жарлық мәтінін жариялаған.
53 жастағы Сапархан Омаров 2019 жылы ақпан айында ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған. Ол министрлікті шамамен 1 жарым жыл басқарды.
ПІКІРЛЕР