Алматы облысында 120 мектепте коронавирус анықталып, 2,5 мың оқушы карантинге жіберілді. Бұл туралы облыс билігіне сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
"Егер бір бала ауырса, онда тұтас сынып екі апталық карантинге жіберіледі деген алгоритм бекітілген. Екі аптадан соң олар қайта мектепке оралып, қалыпты жағдайда оқи береді" деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов дүйсенбі күнгі брифинг кезінде.
Жаңа оқу жылы басталғалы бері облыста 422 оқушы, 47 мұғалім коронавирусқа шалдыққан.
Өткен аптада Алматы қаласында жаңа оқу жылы басталғалы бері 89 оқушының Covid-ке шалдыққаны хабарланған еді. 8 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша, республика бойынша 426 оқушыдан вирус анықталған.
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда оқушылардың басым бөлігі офлайн оқуға оралған.
Бұған дейін билік қазан айында 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге батыс компаниялары әзірлеген коронавирусқа қарсы Pfizer екпесі салына бастайтынын айтқан. Денсаулық сақтау министрлігі "вакцинаны ешкімге мәжбүрлемейміз, екпе ата-аналардың рұқсатымен егіледі" деп мәлімдеген.
Алматы облысында қазір күніне 300 төңірегінде науқас тіркеліп жүр. Індет басталы бері мұнда 47 мыңнан астам адам коронавируспен ауырған.
ПІКІРЛЕР