Accessibility links

Эмомали Рахмон ауған тәжіктерінің Ауғанстанды басқаруға араласқанын қалайды


БҰҰ Бас ассамблеясына онлайн қатысқан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.
БҰҰ Бас ассамблеясына онлайн қатысқан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон БҰҰ Бас ассамблеясының 76-сессиясында Ауғанстан үкіметінің құрамына осы елді мекендеген ұлт өкілдері, соның ішінде ауған тәжіктері де кіруі керек деп мәлімдеді. Тәжік президенті көрші елдегі жағдайды аймақ қауіпсіздігіне тигізетін қауіп деп атады.

"Тәжікстан Ауғанстанның ішкі ісіне араласқысы келмейді, бірақ тәжік билігі көрші елдегі саяси және қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін инклюзив үкімет құрылуы керек деп есептейді. Мұндай үкіметке Ауғанстандағы барлық саяси топтар, сонымен бірге аз ұлт өкілдері де кіруі тиіс" деп мәлімдеді Эмомали Рахмон.

"БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі терроршылар тізіміне енгізген "Талибан" қозғалысының билікке келуі аймақтағы онсыз да күрделі геосаяси үдерістерді одан сайын қиындатып жіберді" деді тәжік президенті.

Биыл жазда "Талибан" қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) содырлары Ауғанстандағы қалаларды басып ала бастады. 15 тамызда тәліптер Кабулға ұрыссыз кірді. Президент Ашраф Ғани елден қашуға мәжбүр болды. Тәліптер Ауғанстан ислам әмірлігін жариялайтынын, ол шариғат заңдарына бағынатынын мәлімдеді. Бірнеше аптадан соң тәліптер өз үкіметін құрды, бірақ оны халықаралық қауымдастық мойындаған жоқ.

Эмомали Рахмон Ауғанстандағы өзге ұлт өкілдерінің құқықтары аяққа тапталып жатқаны туралы "үндемей отырған" халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарын сынады.

Тәжікстан - Ауғанстанның тәліптермен келіссөз жүргізгісі келмейтін жалғыз көршісі. Душанбе тәліптерді Ауғанстандағы этникалық топтардың құқықтарын аяққа таптады деп есептейді. "Талибан" басшылығы бұны жоққа шығарып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG