Accessibility links

"Қыс жақын, газ әлі жоқ". Сарыағаш ауданында ондаған адам газ қосуды талап етті


Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылында газдың қосылмағанына шағымданып тұрған тұрғындар. 9 қараша 2021 жыл. Суретті оқырмандардың бірі жіберді.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылында газдың қосылмағанына шағымданып тұрған тұрғындар. 9 қараша 2021 жыл. Суретті оқырмандардың бірі жіберді.

9 қарашада Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылында ондаған адам "әкімдік тамыз айында келеді" деген газдың әлі күнге қоспай жатқанына наразы болып, көшеге шықты. Олар әкімдіктен тез арада газды қосуды талап етті.

Тегісшіл ауылының орталық көшесіне жиналған жетпіс шақты адамның алдына аудан әкімдігі мен "ҚазТрансГазАймақ" компаниясының өкілдері келді. Жиналғандар "жанайқайымызды кім тыңдайды?", "газ құбыры тартылды, газды неге қоспайды?" деп айқайлады.

- Газдың жыры көп. Айқай-шуы облысқа, республикаға да жетті. Бірақ әлі күнге созылып келеді. Қыс та жақын. Газ келеді деп жұрт көмір де алмай отыр, - дейді наразылардың бірі.

Ауыл тұрғыны Бақтығали Бейсеновтің сөзінше, газ құбыры 2013 жылы тартылған. Арадан 8 жыл өтсе де түрлі себеппен газ қосылмаған.

Тұрғындардың айтуынша, 2021 жылдың тамыз айында аудан әкімдігі Тегісшіл ауылымен бірге Бағыс ауылына да газ келгені жөнінде ақпарат таратқан. Дегенмен Тегісшіл ауылымен бірге Бағыс ауылына да газ қосылмаған.

Бағыс ауылының тұрғыны Абидулла Құсайыновтың Азаттыққа айтуынша, "әкімдік ауылдағы екі үйге газ қосып, үкіметке есеп берген". Басқа үйлерге түрлі сылтаумен газ қоспай тұр. 120 үй газды қосуға құжаттарын тапсырған. 135 үй құжат дайындап жатыр.

- Тұрғындар көмір аламыз деген ақшасын газды қосу үшін құжаттарын дайындауға жаратты. Алда қыс. Жұрт не істерін білмей абыржып отыр, - дейді ол.

Сарыағаш ауданы әкімдігі құбыры тартылып, берілді деген газдың әлі күнге неге қосылмағаны жөнінде ақпарат дайындалып жатқанын айтты. Жаңалық шыққанға дейін ресми ақпарат түспеді.

Ал "ҚазТрансГазАймақ" компаниясының Түркістан облысы Сарыағаш және Келес аудандары бойынша 22 мыңнан астам тұрғыны бар 19 ауылда газ құбыры тартылғанымен, қосылмағанын айтады. Компания өкілдері құжат мәселесі әлі шешілмегенін, Тегісшіл мен Бағыста да үй-үйге газ қосу үшін құжаттар дайындалып жатқанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG