Accessibility links

"Мұнай ұрлады"деп айыпталған "Ағайынды төртеу" тобының жетекшісі түрмеден босатылды


Қазақстандағы түрмелердің бірі.
Қазақстандағы түрмелердің бірі.

Ақтөбеде «мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топқа жетекшілік етті» деген айыппен 2018 жылғы қазанда 16 жылға сотталған Еркін Ізбасар бостандыққа шықты. «Ағайынды төртеу» («Четыре брата») қылмыстық тобының негізін қалаған әрі маңызды шешімдерді дара қабылдаған, қылмыс әлеміне танымал адам ретінде сипатталатын Еркін Ізбасар Ақтөбеге 9 қараша күні жеткізілген.

- Еркін ақталған жоқ. Денсаулығының нашарлап кетуіне байланысты босатылды. Қазір үйде. Гүптей боп ісініп кеткен. Өскемендегі түрмеден Алматыға алып келдік. Алматыда төрт рет ота жасалды. Мүгедек адамды жала жауып түрмеге тыққасын не болушы еді? Балам өлуге келген. Үйден емдеп жатырмыз. Ісігін қайтарған соң ауруханаға жатқызамыз ба деп ойлап отырмыз, - дейді шешесі Мейірхан Ізбасар.

Осыдан үш жыл бұрын бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар (жол апатынан соң арбаға таңылған) мен тағы 25 адам «ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, мұнай ұрлады» деп айыпталған. Сот материалдарына қарағанда, олар «Сағыз Петролеум» компаниясына қарасты «Қағанай» кенішінен 2015 жылғы маусым-қыркүйек аралығында 530 тонна мұнай ұрлаған. Одан бөлек, бұл топ Байғанин ауданындағы «Ащыкөл», Мұғалжар ауданындағы «Синельниковское» кеніші мен Байғанин ауданындағы «Қаратөбе» кенішінен әр жылдары аса көп мөлшерде мұнай ұрлаған деп айыпталды. Сотта ұрланған мұнай құны 11 милионнан 39 миллион теңге аралығында деп әрқилы мәлімет айтылды.

Тергеу 2018 жылы «қылмыстық топ жетекшісі» Еркін Ізбасарға Қылмыстық кодекстің 13 түрлі бабы бойынша айып тақты. Оның ішінде «адам ұрлау», «ақша бопсалау», «қару сақтау» тәрізді ауыр айыптар бар. Еркін Ізбасар мен «оның серіктері» деп сипатталатын бір топ адам ұсталған кезде ҰҚК «мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталды» деп хабарлады. Бұрын да бірнеше рет сотталған Еркін Ізбасар өзіне тағылған айыптың бірде- біреуімен келіспеді.

2018 жылғы тамыз айында Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Еркін Ізбасарды 12 жылға соттады. Прокуратураның жазаны қатайту туралы шағымынан соң қазан айында апелляциялық алқа Ізбасардың жазасын 16 жыл етіп өзгертті.

Өскемен қалалық №2 сотының хабарлауынша, Еркін Ізбасар денсаулығының нашарлауына байланысты 2021 жылғы 21 қазан күні Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/20 мекемесінен босап шыққан. Арнайы медициналық комиссия мен түзету мекемесі басшысының, басқа да тараптардың пікірін ескерген Өскемен соты Еркін Ізбасарды денсаулығы жақсарғанға дейін бостандыққа жіберген.Осы себепті жазасын өтеуші Еркін Ізбасар үнемі құзырлы органдар бақылауында болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG