Accessibility links

Экс-министр Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі қаңтарға дейін ұзартылды


Елжан Біртанов.
Елжан Біртанов.

Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін тағы екі айға – 2022 жылдың 14 қаңтарына дейін ұзартты. Vlast сайтының жазуынша, 12 қарашада мұндай шешімді судья Ақмарал Исаева шығарған.

Қылмыстық-процестік кодекстің 146, 151, 152-баптарына сүйенген сот тергеу тобы мен Қаржылық мониторинг агенттігі өкілінің "іс материалдарымен танысқанша" Біртановты үйқамақта қалдыру туралы өтінішін орындады.

Сот қаулысына үш күн ішінде шағым түсіріліп, қаралуы мүмкін.

"Біртанов ісі" бойынша тергеу амалдары 7 шілдеде аяқталған, істе 133 том бар.

Тергеу органдарының болжамынша, экс-министр Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын жарамсыз болса да қабылдап, "іске қосқан". Осылайша мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келген деп санайды.

Біртанов тағылған айыптармен келіспейді.

Қыркүйектің соңында Елжан Біртановтың ағасы Ержан Біртанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, "заңсыздықты тоқтатуға" шақырған. Ол президентке жолдаған үндеуінде бауырына тағылған айып жалған тұжырымдарға негізделгенін айтып, қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Қорғау тарабының айтуынша, "ақпараттық технология саласында жетекші орынға ие ірі компания әзірлеген платформа" жұмыс істеп тұр және оны енгізу процесі әлі толық аяқталмаған.

Ізінше Қаржылық мониторинг агенттігі Біртанов ісіне "түсініктеме" беріп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбауы тиіс деп ескерткен. Агенттік даулы платформаның ешқашан жұмыс істемегенін және оны медициналық мекемелер пайдаланбайтынын айтып, оған дәлел де барын айтқан.

50 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Оның орынбасары болған Олжас Әбішев былтыр тамыздың басында қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG