Қырғызстан астанасында Temirov Live каналын жүргізетін зерттеуші журналист Болат Теміровті милиция күштеп алып кетті. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
22 қаңтар кешке Temirov Live каналы кеңсесіне милиция қызметкерлері мен бетперде таққан адамдар келіп, бірнеше сағат тінту жүргізген. Өзін редакциядан әкетіп бара жатқан кезде Теміров "бұлар өздері әкелген есірткіні маған жаппақшы" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, милиция редакциядағы барлық компьютерді алып кеткен.
Құқық органдары қызметкерлері бір адамнан "Теміров есірткі пайдалануға мәжбүрледі" деген арыз түскенін айтады. Милиционерлер өзін ішкі істер министрлігінің заңсыз ескерткі айналымымен күрес қызметіненбіз деп таныстырған. Олар Теміровті милиция бөліміне жеткізді. Журналистке қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз.
20 қаңтарда Temirov Live YouTube-каналында "37 миллион сомды екі күнде қалай табуға болады? Садыр Жапаров және Ташиевтер схемасы" деген зерттеу жариялаған. Оның авторы Болат Теміров "Қырғызмұнайгаз" мемлекеттік мұнай компаниясының жұмысына Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттік комитеті басшысы Қамшыбек Ташиевтің туыстары араласқан болуы мүмкін деген дерек келтірген. Журналистің сөзінше, Ташиевтің туысқандарымен байланысы болуы мүмкін компания "Қырғызмұнайгаз" өнімін экспортқа шығаруға делдалдық жасап, екі күнде 37 милион сом пайда тапқан.
Кейінірек журналист Болат Теміров: "Бастысы Ташиев туралы зерттеуді жариялап үлгергеніміз жақсы болды, бұл өте маңызды. Бұған дейін қоқан-лоқы да жасалды, деректерді алу үшін кілтсөздерді ұрлауға тырысты. Енді ақпаратты қайдан алғанымызды білу үшін құрал-жабдығымызды алып, ақтармақшы. Менің қолымды қайырып, етпетімнен жатқызды да, үстіме екі адам отырып алды. Шалбарымның артқы қалтасына бір затты салып жіберді, кейін соны "тауып алдық" деді, онда түсініксіз жасыл зат салынған. Әрине, ол менің затым емес" деді.
Түн ортасына қарай арнайы жасақ қызметкерлері Болат Теміровті наркологиялық диспансерге тексеруге апарды. Одан шыққан кезде журналист Азаттық тілшісіне анализ қорытындысы ағзасында марихуана, героин және синтетикалық есірткі жоғын анықтағанын айтты.
41 жастағы Болат Теміров – Қырғызстанға және шетелге жемқорлықты әшкерелейтін зерттеулерімен танымал журналист. Кейінгі бірнеше жылда ол қоғамда резонанс туғызған бірнеше зерттеу жариялаған. 2020 жылғы қаңтарда белгісіз біреулер оны ұрып-соғып, телефонын тартып алған. Теміров ол шабуылды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырған.
2021 жылы Болат Теміров АҚШ мемлекеттік департаментінің жемқорлықпен күрес саласы бойынша жаңадан тағайындаған сыйлығын алған. Жаңа халықаралық сыйлық әлем бойынша жемқорлықпен тынбай күресіп, күрделі қиындықтарға жиі тап болатын және өз елінде жемқорлық қылмысын жасағандардың жазаға тартылуына күш салған 12 журналистке берілген.
ПІКІРЛЕР