Accessibility links

Қаңтардағы наразылықта Мақат халқы аудан әкімін өзі сайлап алуға талпынды


Мақат ауданына кіре берістегі жазу. Атырау облысы, 21 ақпан 2010 жыл.
Мақат ауданына кіре берістегі жазу. Атырау облысы, 21 ақпан 2010 жыл.

Қаңтардың басында Жаңаөзендегі наразылықты қолдаған Атырау облысы Мақат ауданы тұрғындары "қиын шақта әкім қашып кетті" деп санап, ауданда бейберекет жағдай болмас үшін жаңа әкім сайлап алғанын айтады. Осы шараға қатысып, "әкім сайлау" туралы хаттамаға қол қойған аудандық мәслихат депутаттары "жағдай шиеленіспесін деген оймен амалсыз келістік" дейді. Наразылық күндері "халық сайлаған әкімді" қабылдаған облыс әкімі жағдай қалыпқа келген соң бұрынғы әкімді қайта жіберген.

САЯСИ ТАЛАПТАРҒА ҰЛАСҚАН НАРАЗЫЛЫҚ

4 қаңтарда Қазақстанның өзге де өңірлері секілді Мақат ауданы тұрғындары да Жаңаөзенде сұйылтылған газдың бағасын 50 теңгеге түсіруді талап етіп ереуілге шыққан халықты қолдап жиналғанын әлеуметтік желіде тараған видеолардан көруге болады.

Видеоларда 16 мыңнан астам тұрғыны бар Мақат кентінде жүздеген адам теміржолды жауып тастағаны, осы ауданға қарайтын 14 мыңнан астам халқы бар Доссор кентінде де көп адамның жиналғаны байқалады.

Доссор кентіндегі наразылық. 4 қаңтар 2022 жыл.

Атырау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 120 шақырым жердегі Мақат ауданы орталығы Мақат кенті мен Доссор кенті тұрғындары негізінен мұнай-газ кәсіпшілігінде, теміржол саласында жұмыс істейді. Бұл аудан Жаңаөзен қаласы қарайтын Маңғыстау облысымен шектеседі.

Теміржол саласында жұмыс істеп зейнетке шыққан Мақат кентінің тұрғыны Жаңабай Шамиятов пен Доссор кентінде тұратын, жасы 50-ден асқан Теңелсін Құбай Азаттыққа өздері өмір сүріп жатқан елдімекенде қаңтарда басталған оқиға халықтың аудан әкімін сайлауымен аяқталғанын айтып берді.

Жаңабай Шамиятовтың сөзінше, 4 қаңтарда басталған ауыл халқының бейбіт митингісі үшінші күні тараған.

– Жаңаөзен ереуілін қолдаған митингіміз парламент таратылсын, үкімет кетсін деген саяси талаптарға ұласты. Мақатта 3 мыңға жуық адам жиналды. Теміржолды жапты, бірақ көп ұстаған жоқ. Бастапқы күні аудан әкімі наразыларға келгенімен, ертеңіне аудан басшылығы, аудан полициясы көрінбеді, – дейді ол.

Мақаттағы наразылық кезінде тұрғындар теміржолды жапты. 5 қаңтар 2022 жыл.

Доссор тұрғыны Теңелсін Құбай да осыған ұқсас пікір айтты. Оның сөзінше, Доссорда наразы жұрт кент тұсынан Атырауға өтетін үлкен жолды жапқан. Аудан басшылығы екінші күні келмеген соң-ақ жергілікті халық өз қамын өзі ойлауға кірісті дейді ол. Кент дүкендеріне азық-түлік әкелетін көліктерді, жедел жәрдем мәшинесін, егде адамдар мінген көліктерді жолда кідіртпеуді, екі кент ішінде тәртіпсіздік, бұзақылық болмауын халықтың өзі қадағалаған.

– Аудандағы биліктен прокурор ғана қалыпты. Ол аудан әкіміне біздің көзімізше телефон соқты. Әкім "Атырауға кетіп барамын" деді. Келмейтініне көзіміз жеткен соң, ауданымыз басшысыз қалмасын деп қоғам белсендісі Ғазиз Ғабдуллинді халық аудан әкімі етіп сайлады, – дейді Жаңабай Шамиятов.

"ХАЛЫҚ ТАҢДАҒАН ӘКІМ"

Жаңабай Шамиятов пен Теңелсін Құбайдың айтуынша, 5 қаңтарда жергілікті халық Ғазиз Ғабдуллинді "әкім сайлағаннан" кейін оны заңдастыру үшін аудандық мәслихат депутаттарын шақырған.

– Мәслихат депутаттары халықтың талабына қарсы болмады. Аудан әкімі Шәкір Кейкинге сенімсіздік білдіретіні, Ғазиз Ғабдуллиннің кандидатурасын қолдайтыны жөнінде хаттама толтырып, облыс әкіміне ұсыныс берді, – дейді Жаңабай Шамиятов.

Мақаттағы наразылық кезінде жергілікті жұрт "ауданы әкім етіп сайлаған" Ғазиз Ғабдулиннің сөзі

Жергілікті тұрғындар Шамиятов пен Құбайдың сөзіне қарағанда, жаңа аудан әкімін сайлау бюллетень салу, дауыс санау секілді сайлау процесінен өтпеген.

– Төтеншге жағдай кезінде халықтың мақұлдауы да жетіп жатыр, – дейді олар.

Екеуінің сөзінше, аудандық мәслихат депутаттары "халық сайлаған әкімді" Атырау облысы әкіміне таныстыруға апарған.

Мақаттағы "әкім сайлау". 5 қаңтар 2022 жыл.

Мақаттағы "әкім сайлау"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

6 қаңтарда Атырау облысы әкімінің қабылдауына барған "жаңа әкім" Ғазиз Ғабдуллин наразылықта тұрған ауыл адамдарына хабарласып, "Алматы, Шымкент, Тараз жақта оқ атылып жатыр, жағдай ушықпасын" деген соң халық тарап кеткен.

Бірақ дүрбелең аяқталып, елдегі жағдай қалпына келген соң Мақат ауданының бұрынғы әкімі Шәкір Кейкин қайтып келіп, қызметіне кіріскен.

– Облыс әкімі "Мақатқа барамын, халықпен сөйлесемін" деген уәдесінде тұрмады. "Мақат халқы аудан әкімдігін басып алған-мыс" деген ақпарат тарады. Біз аудан әкімдігі ғимаратына, депутаттармен қоса алғанда, жиырма шақты адам кірдік. Халық сыртта тұрды. Ол кезде жұмыс күні болса да әкімдікте күзетшіден өзге ешкім жоқ еді. Еш мүлікті бүлдірмей шығып кеттік. Біз тіпті дүкендерде арақ сатуға да тыйым салдық, – дейді Жаңабай Шамиятов пен Теңелсін Құбай.

Олардың сөзінше, аудан әкімін сайлауды "халықтың өзі қалаған". Өйткені "халық сайламаған әкім жұртпен ақылдаспайды, өз білгенін істейді. Қазір елдің тұрмысы нашар. Доссордан мұнай шыққанына 110 жыл толса да, Ресей патшасы тұсында салынған үйлерде әлі күнге дейін тұрып жатқандар бар" дейді тұрғындар.

– Жағдай Алматы, Шымкент, Тараздағыдай ушығып кете ме деп, ауданға басшы болатын адам іздеп, Ғазиз Ғабдуллинді шақырдық. Ол осы ауданда белсенді адам. Халық арыз-шағымын әкімнен гөрі сол кісіге айтқанды дұрыс көреді. Керек болса, әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығады, – дейді ауыл азаматтары.

"МАҚАТЫМЫЗ ҚҰЛПЫРСЫН!"

Жаңаөзендегі ереуілді қолдап митингіге шыққан Мақат ауданы тұрғындарының наразылығы мен "әкім сайлағанын" әлеуметтік желіде жарияланған бірнеше видеодан көруге болады. Сондай видеоның бірінде:

– Ғазиз мырза әкім болды, құтты болсын! Мақатқа адал еңбек етемін деп уәде беріп жатыр. Соған сенеміз, біз қолдауымыз керек. Шәкір кетті, болды! Өзі жоқ болса да ресми түрде қағазбен бәрі шешілді. Депутаттар да, прокуратураның өзі де қол қойды. Құтты болсын, Мақат халқы! Мақатымыз құлпырсын! – дейді мінберде микрофон ұстап тұрған адам.

Тағы бір видеода "жаңа әкім" Ғазиз Ғабдуллин "еліміздің тыныштығы үшін жұмыс істейміз, халықпен біргеміз" деп сөйлейді.

Мақат тұрғындарының билікке талабы

Мақат тұрғындарының билікке талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

Мақат ауданы әкімін "сайлау процесі" жайлы интернетте жарияланған өзге видеолар да бар. Соның бірінде жиырмадан астам адам аудан әкімдігі ішінде белгісіз қызметкерге қағазға қол қоюын, қол қояр алдында 4 тармақтан тұратын мәтінді дауыстап оқуын талап еткен. Мәтінде:

  • "Атырау облысы Мақат ауданында 2022 жылғы қаңтардың үші мен төртінде мыңдаған халық жаппай көшеге шығып, Мақат ауданы әкімі Шәкір Кейкин мырзаның жұмысына қанағаттанбайтынын айтты;
  • Шәкір Кейкин мырза 2022 жылғы қаңтардың бесінде жұмыс уақытында алаңға шақырған жұртқа құлақ аспастан, халықты, ауданды шиеленіскен күйде тастап, Атырау қаласына кетіп қалған. Осы іс-әрекеті үшін орнынан кетуі талап етіледі;
  • халық бірауыздан Ғазиз Ғабдуллин мырзаны әкімі қылып сайлайды;
  • осы хаттама Мақат ауданы прокуроры Бақытжан Қалиев мырза, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық мәслихат хатшысы Исмағұлов Қуаныштың көзінше жасалды" деп жазылған.

Видеода мәтінді оқып, белгісіз қызметкер қол қойған сәтте жанындағы үстелдің шетінде прокурор тұрғаны көрінеді.

"ХАЛЫҚ ҚАЛАҒАН СОҢ ӘКІМ БОЛУҒА КЕЛІСТІМ"

Біз Мақат ауданындағы "халық сайлаған әкім", жергілікті "Семей - Невада" қозғалысы сарапшылар комиссиясының мүшесі, "Шопан ата" қауымдастығы Атырау облыстық филиалы директоры Ғазиз Ғабдуллинмен сөйлестік. Ол Мақат тұрғындары баяндаған және әлеуметтік желіде жарияланған видеолардағы оқиғаларды растап, Мақат ауданы прокурорының, мәслихат депутаттарының қатысуымен жасалған құжаттардың түпнұсқалары өзінде екенін айтты.

– Аудан басшылығы қиын кезде халықпен бірге бола алмай, жұрт сенімінен айырылды. Наразылық кезінде Доссор кентінде халықпен бірге жүргенімде Мақатқа шақырып, аудан әкімі етіп сайлады. Аудандық мәслихаттың 11 депутатының 8-і, аудан прокуроры Бақытжан Қалиев хаттамаға қол қойды. Аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмағұлов 6 қаңтарда мені де қосып, 10 адамды Атырау облысы әкіміне ертіп барды. Облыс әкіміне "халық қалап, аудандық мәслихат депутаттары қолдаған соң әкім болуға келістім, әрі қарай бекітуіңізді сұраймын" дедім, – дейді Ғабдуллин.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Нұр-Сұлтан, 14 желтоқсан 2021 жыл.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Нұр-Сұлтан, 14 желтоқсан 2021 жыл.

Ғазиз Ғабдуллин Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұханбетов 6 қаңтарда Мақат ауданынан келген 10 адамды өзінің қызмет орнында емес, басқа бір белгісіз жерде қабылдағанын айтады. Оның сөзінше, Досмұханбетов Мақат ауданынан барған делегацияны "Ғабдулинді аудан әкімі ретінде бекіту мәселесін қарастыруға" уәде беріп қайтарған.

Бірақ елдегі жағдай 7 қаңтардан бастап қалпына келе бастаған соң, "халық Мақат ауданы әкімдігіне сес көрсетті, билікті төңкеріп тастауы мүмкін еді" деген қаңқу сөз тарай бастаған.

– Халық ешкімге сес көрсеткен жоқ, бәрі бейбіт түрде өтті. Аудандық мәслихат хатшысы 30 км жердегі Доссордан өз еркімен келді. Қалған депутаттарды шақырып, хаттамаға қол қойғызды. Өзі ертіп бармаса Атырау облысы әкімінің Қаңтар оқиғасы кезінде қай ғимаратта отырғанын біз қайдан білеміз? – дейді Ғазиз Ғабдуллин.

"ЖАҒДАЙ УШЫҚПАСЫН ДЕП ҚОЛ ҚОЯ САЛДЫҚ"

Бұл оқиға жөнінде Атырау облыстық әкімдігінен пікір алуға талпынғанымызбен, ол мекемеден бізбен сөйлесуге ешкім құлық танытпады. Ал Мақат ауданы әкімдігі өкілдері "қазіргі әкім Шәкір Кейкиннің осы қызметті атқарып келе жатқанына бірнеше жыл болды" деген жауаппен шектелді.

Қаңтар көтерілісі кезінде Мақат ауданы "әкімін сайлаудың" ортасында жүрген аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмағұлов та Азаттық тілшісімен сөйлескісі келмей, "ол оқиға жайлы жергілікті прокуратураға айтып бердім, солардан сұраңыз" деді.

Мақат ауданы прокуратурасының қабылдау бөлмесіндегі қызметкер сұрағымызды естіген соң телефон тұтқасын тастай салды. Бірақ тұрғындар сөзіне қарағанда, Мақатта қаңтар оқиғасының куәсі болған аудан прокуроры Бақытжан Қалиев басқа ауданға қызмет ауыстырған. Аудандық прокуратура сайтында қазір прокурор ретінде басқа адамның аты-жөні көрсетілген.

Аудандық мәслихат депутаты Серік Әбдиев Мақатта наразылық "қатты болғанын, халық теміржолды жауып тастағанын" растады.

– Халықтың әкім сайлап алғанын, депутаттардың қол қойғанын естідім, бірақ өзім қатысқан жоқпын, – деді ол Азаттыққа.

Мақат аудандық мәслихатының тағы бір депутаты Мереке Басанов мән-жайды кеңірек айтып берді. Оның сөзінше, бұл оқиғаға байланысты аудандық мәслихат депутаттары құқық қорғау органдарына түсініктеме берген.

– Халық ашулы болды. Жағдай ушықпасын деп, талабын орындап, хаттамаға қол қойғанымыз рас. Заңсыз екенін білдік. Ашулы халыққа оны қалай түсіндіресің? Атыс-шабыс, төңкеріс боп кете ме деп сескендік, – дейді ол.

Депутат Басанов "қиын сәтте аудан әкімі Шәкір Кейкин қашып кетті" деген сөзге күмән келтіреді.

– Бізге "әкім облысқа құпия құжаттарды әкетті" деді. Қандай құжат екенін білмедім, – деді ол.

Мақат аудандық мәслихатының тағы бір депутат Әділбек Идиятов сол күні халық арасында болғанын, жұртты сабырға шақырып, бұзақылық болмауын қадағалағанын айтады.

– Аудандық әкімдік ғимаратына кіріп, хаттамаға қол қойғандардың бірі – менмін, видеода да көрініп тұрмын. Ол кезде мұнымыз заңды ма, жоқ па, оны ойлаған да жоқпын. Өйткені жағдай солай болды, – деді ол.

Мақат аудандық мәслихатының біз сөйлескен үш депутаты да "аудан әкіміне сенімсіздік білдіріп алып тастау, жаңа әкім тағайындау жөнінде" хаттамаға қол қойғаны заңға сай ма, жоқ па, оны білмегенін айтады.

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекетттік басқару және өзін-өзі басқару" туралы 2001 жылы қабылданған заңның 24-бабында мәслихат көпшілік дауыспен әкімге сенімсіздік білдіруге, жоғарыдағы атқарушы органнан әкімді қызметінен босатуға құқылы екені жазылған. Бірақ бұл заң бойынша, мәслихат әкімге сенімсіздік білдірген жағдайда облыс әкімі он жұмыс күні ішінде ол әкімнің өкілетін тоқтату туралы мәселені қарауға не оған өз міндеттерін әрі қай жүзеге асыра беруді тапсыруға тиіс.

МЕРКІ ӘКІМІ: ӨЗ ЕРКІММЕН ОТСТАВКАҒА КЕТТІМ

Қаңтардың басында қымбатшылық, жұмыссыздық пен кедейліктен шаршағанын айтып, үкіметтен елдің жағдайын жақсартуды талап еткен Жаңаөзен тұрғындарына Қазақстанның ірі қалаларында ғана емес, шалғайдағы аудандар мен ауылдарда да көпшілік үн қосып, қолдау білдірген. Наразы жұрт биліктен елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуды, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған авторитар жүйені өзгертіп, жемқорлықты жоюды, саяси реформаларды іске асыруды талап еткен.

Аймақтардағы наразылық акцияларында халық жергілікті жердегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды көтеріп, саяси сипаты бар талаптар да айтқан.

Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының бірнеше ауданында наразы халық теміржолды жауып, алаңға жиналған, өздері тұратын ауданның әкіміне түрлі талап қойған.

Руслан Нұрсипатов – Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімі. Ресми сайттағы фото.
Руслан Нұрсипатов – Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімі. Ресми сайттағы фото.

Қаңтар көтерілісі кезінде Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімі Руслан Нұрсипатовтың кабинетіне де бір топ адамның кіргені, әкімнің "сіздердің сұраныстарыңыз солай болса, мен өз еркіммен отставкаға бердім" деп жанындағы адаммен қол алысқаны әлеуметтік желіде тараған видеодан көрінеді. Қол алысқан адам жанында облыс әкімінің орынбасары тұрғанын, енді аудан әкімінің отставкаға кеткені жайлы далада тұрған халыққа хабарлайтынын айтады.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлы мұндай оқиға болғанын растап, "облыс әкімі Руслан Нұрсипатовтың отставкасын қабылдамады. Қысылтаяң уақытта әкім ауыстыру оңай емес, орнына адам табу керек деген мәселе бар" деді Азаттық тілшісіне.

Қазақстанда аудан, қала және облыс әкімдерін халық төте дауыс беру жолымен сайлау жүйесін енгізу туралы ұсыныс айтылып жүргеніне ондаған жыл болды. 1995 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қабылданған конституция бойынша, облыс, ел астанасы мен республикалық маңызы бар қалалар әкімін қызметке президент тағайындап, босатады. Ал облысқа қарасты аудан мен қаланың, ел астанасы және республикалық маңыздағы қала құрамындағы аудан әкімдерін жоғары тұрған әкім тағайындап, босатады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG