22 маусымда Алматыдағы Қытай консулдығы алдына бір топ адам Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп, тағы келді. Олардың Қытай консулдығына келіп жүргендеріне 500 күн болғанын айтады.
Қолдарына Шыңжаңда қалған туған-туыстары мен Қытай компартиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін және Қазақстан туын ұстар келгендер "Қытай билігі, туыстарымызды босат", "Саяси лагерь жабылсын", "Жазықсыз қамаудағыларға бостандық" деп ұрандатты.
Әкесі Қытай түрмесінде қайтыс болғанын, анасы мен екі інісінің хабарсыз кеткенін айтқан Ақиқат Халиолла Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Ол "әкем әділет талап еткені үшін түрмеде өлтірілді" деп санайды.
Наразылық акциясына келгендердің тағы бірі Гауһар Құрманәлиева "Қазақстан Қытаймен шекарасында жазықсыз ұсталып, көп жылға сотталған Қазақстан азаматы Асқар Азатбекке неге араша түспейді" дейді.
Наразыларды консулдық маңында күтіп алған Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Рита Ерман жергілікті билікпен келіспей акция өткізгендер әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертіп, тезірек тарауға кеңес берді. Наразылыққа бұрын да шығып жүрген бұл топқа бған дейін бірнеше рет әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жаза белгіленген. Қытай консулдығы оларға жауап берген емес.
Қытай консулдығы алдында көптен бері наразылық акциясын өткізіп келе жатқан топтың талаптары жөнінде Азаттық радиосы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған еді. Министрлік:
"Олардың Қытай дипломатиялық өкілдігінің алдындағы заңсыз әрекеттері аталған мекеменің қалыпты жұмыс істеуіне бірқатар кедергілер келтіруде. Бұл өз кезегінде екіжақты қарым-қатынастарға белгілі бір деңгейде теріс ықпалын тигізетін жағымсыз жайт екенін атап өтеміз. Олар көтерген мәселе бойынша Қазақстан сыртқы істер министрлігі тиісті жұмыстарды атқарып жатыр" деп жауап берді.
Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалғаны жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.
БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаң өлкесінде 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді күшпен жаттатқызған, қытай тілін үйреткен. Кейін зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халықтың санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер сақшылар зорлағанын, ал еркектер қамауда азапталғанын айтқан.
Қытай лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" дейді, ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды. Пекин Шыңжаңға Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін кіргізуден бас тартты. Қытай мемлекеттік медиасы Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады. Пекин мұны жоққа шығарып келеді.
ПІКІРЛЕР