Accessibility links

Зеленский: Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары "бір-бірін түйрей бастады"


Украинаның Лиман қаласы әкімшілігінің алдында тұрған украин күштері.
Украинаның Лиман қаласы әкімшілігінің алдында тұрған украин күштері.

Украина президенті Владимир Зеленский Донецк облысында украин әскерінің Лиман қаласын орыс әскерінен азат етуіне байланысты түсініктеме берді. Украин күштері қаланы бақылауға алғанын Ресей президенті Владимир Путин Украинаның төрт облысын аннексиялап алғаны жөнінде (арасында Донецк де бар) мәлімдегеннен кейін бір күннен соң жариялаған.

"Ресей Донбаста фарс ұйымдастырды. Референдум деп көрсеткісі келген фарс... Ал ол жерде украин туы ілініп тұр... Украина туы Донецк облысындағы Лиманда желбіреп тұр. Онда әлі әскери қимылдар жалғасып жатыр. Бірақ псевдореферендумның ізі де жоқ" деді 1 қазан күнгі видеомәлімдемесінде Владимир Зеленский. Ол жексенбі күні Лиман "толық тазартылды" деп мәлімдеді.

Ресей қорғаныс министрлігі сенбі күні кешке Ресей әскерінің Лиманнан кеткенін растаған. Енді майдан қаланың шығыс жағында – Донецк мен Луганск облыстарының әкімшілік шекарасы маңында жалғасып жатыр. Ресейлік әскери тілшілердің хабарлауынша, украин әскері Луганск облысында Кременная қаласына қарай шабуылдауға тырысып жатыр.

АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин украин күштерінің Лиманды алғанын украин әскерінің едәуір жеңісі деп бағалады.

Зеленский өз сөзінде сонымен бірге Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларының "бір-бірін түйрей бастағанын" айтты. Ол Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың орыс әскерінің Лиманнан айырылуына орталық әскери округтың жетекшісі Александр Лапинді кінәлағанын меңзесе керек. Қадыровтың мәлімдемесі ресейлік телеграм-арналарда қызу пікірталас туғызды. Бірқатар комментаторлар оның ішінде, Игорь Стрелков (Гиркин) "арнайы операцияға" Ресей бас штаб жетекшісі Валерий Герасимов немесе Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгуды кінәлады.

"Украинаға мәнсіз соғысты бастаған бір адам мәселесін шешпейінше әрқайсыңызды осылайша жеке-жеке соғып, бар кінәні мойындарыңызға іле береді" деді Ресей элитасының өкілдеріне қайырылған Зеленский.

Бұған дейін ол Киев Владимир Путинмен келіссөз жүргізбейтінін, Ресей билігіне басқа президент келгенде ғана келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG