Тамыздан бері Ресей әскері мен "Вагнер" жалдамалы тобы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегідей Бахмутқа құрлық әскерін жұмсап, Украина қорғанысын бұзу үшін үздіксіз шабуыл жасап жатыр.
Кейінгі айларда Украина елдің солтүстігіндегі Харьков облысы мен Днепрдің батыс жағалауындағы Херсон аймағында қарымта шабуылды үдетіп, бұл маңдағы шайқас назардан тыс қалған.
Бірақ желтоқсанда шабуыл күшейіп, Ресей әскері Бахмутты үш жағынан қоршауға алды. Қоршаудағы Украина әскеріне қаладан шығатын бір-ақ жол қалған. Алдағы бірнеше күнде Бахмут толықтай Ресейдің қолына өтуі мүмкін.
Сонымен бұл шайқастың мәні бар ма?
Әскери сарапшылар мен соғысты бақылаушылар үшін Бахмуттың стратегиялық маңызынан гөрі символдық мәні басым. Луганск облысының әкімшілік шекарасынан батысқа қарай 20 шақырым жерде, Бахмутка өзенінің жағасында орналасқан 70 мың халқы бар қала шарабымен және тұз шахтасымен танымал болған.
Бахмут қаласы айнала қырат-төбемен қоршалған ашық жазықта, негізгі жолдардың тоғысында орналасқан.
Ойлы-қырлы болғандықтан, қала минометпен атқылауға ыңғайлы. Қаланың жол торабында орналасуы әскер мен техниканы еркін тасымалдауға мүмкіндік береді.
Ресей әскері жеті-сегіз аптадан бері Бахмутты алу үшін шабуылды үдетіп жатыр, қала бірнеше күн ішінде құлауы мүмкін.
"Қаланы қорғап қалуға қауқарымыз жететін сияқты. Өте ауыр. Жаудың үздіксіз шабуылына тойтарыс беру қиын. Қалаға кіріп-шығу қиындады. Бірақ азық-түлік, оқ-дәрі жеткізу, жаралы жауынгерлерді алып кету тоқтаған жоқ" дейді Украинадағы 5-шабуылдаушы бригаданың жауынгері Юрий Сыротюк.
Украинаның жоғары басшылары, бірінші кезекте, президент Владимир Зеленский Бахмутты қорғау жалғасатынын айтты.
"Украинаның бас қолбасшысы, генерал Валерий Залужний мен басқа да командирлер Бахмутты қорғау операциясын жалғастыруды қолдап отыр" делінген 6 наурызда шыққан Зеленский әкімшілігінің мәлімдемесінде.
Сол күні түнде жариялаған видеосында Зеленский былай деді:
"Әскери басшылық кері шегінбеу туралы шешімді бірауыздан қолдады. Басқа позиция болмады. Бас қолбасшыға Бахмуттағы жауынгерлерге қосымша күш жіберуді тапсырдым".
Батыс шенеуніктері барынша сақ болуға тырысып бақты.
"Украиндер Бахмуттың батысына қарай шегінетін болса, мұны операциялық немесе стратегиялық сәтсіздік деп қабылдамаймын. Жанын салып Бахмутты қорғап жатқан жауынгерлердің еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Бірақ Бахмуттың стратегиялық емес, символдық мәні бар. Сондықтан орыстар қаланы басып алған күннің өзінде бұл соғыс барысы өзгерді дегенді білдірмейді" деді 6 наурызда АҚШ-тың қорғаныс министрі Ллойд Остин.
"Бұл Украинаның қаланы қорғау қабілетін тежеуі мүмкін, бірақ олардың күресін тоқтатпайды. Ресей бұл мақсатқа көп шығындалып, қанша адамын құрбан етті. Сондықтан жақында украиндер қаладан кетуге мәжбүр болуы мүмкін" деп жазды Австралия әскерінің бұрынғы генерал-майоры, Ресей әскери доктринасы бойынша сарапшы Мик Райан.
УКРАИНА МЕН РЕСЕЙДІҢ ШЫҒЫНЫ БІРДЕЙ
Бахмутты қорғауға бір себеп болса, сарапшылар оны былай түсіндіреді: бұл Харьков облысына шабуыл алдындағы тактикаға ұқсайды, украиндер Ресей әскерін шығынға ұшыратып, көктем мен жаздағы шабуылдар алдында әлсіреткісі келеді.
Әскери сарапшылардың сөзінше, Ресейге Бахмутты солтүстіктен, шығыс пен батыстан қоршауға алу қымбатқа түскен: кейінгі айларда майданда қаза тапқан бір украинге жеті-сегіз орыс жауынгерінен келген. НАТО-ның аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған өкілетті қызметкерлері де CNN-ге берген сұхбатында осы деректі растаған.
"Жалпы алғанда, қарсыластың тактикасы өзгерген жоқ. Украина әскеріне қарсы шабуылға "тірі ет толқыны" ағылып жатыр" деді 1-арнаулы бригада өкілі Тарас Березовец "Настоящее времяға" берген сұхбатында.
Сарапшылар қазір Украина мен Ресейдің шығыны бірдей деп бағалап отыр.
"Бахмуттың стратегиялық мәні – қарсыласты барынша әлсіретіп, әл-дәрмені қалғанша шайқасу. Өйткені 2023 жылғы соғыс барысына осы шайқас шығыны едәуір әсер етеді. Қазір қай тарап алда келе жатқанын айту қиын" дейді үкімет қаржыландыратын ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Николай Белесков.
Соғысты зерттеу институты да осы пікірге қосылады.
Америкалық сараптама орталығының зерттеуінде: "Ресей әскері шабуылын бірнеше ай бойы жалғастыруға тырысады. Бұл Украинаға бастаманы өз қолына алуға мүмкіндік береді" делінген.
Украинаның Бахмут үшін күресіне Ресейдің осы өңірге жіберген әскер құрамы да әсер етіп отыр.
Жақында Бахмутқа барып келген америкалық сарапшы, әскери-теңіз талдау орталығының қызметкері Майкл Кофман Twitter-дегі парақшасында "Украина Бахмутты жанкештілікпен қорғау арқылы Ресейдің оқ-дәрі қоры мен жауынгерлер санын азайтты. Бірақ бұл стратегия кері нәтиже беруі мүмкін. Өйткені Украина шабуылға ресурс үнемдеп отыр. Бұл маңызды операцияда жеңіске жетуге кедергі келтіреді" деп жазды.
"СОҒЫС СТРАТЕГИЯСЫ НАШАР"
Ресей әскері Бахмутты алса, мақтануға себеп табылар еді. Өйткені осыған дейінгі Украинаның жеңісі Ресей әскеріндегі жүйелі мәселелердің бетін ашқан.
Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу 7 наурызда "Бахмутты алсақ, Донецк облысына жол ашылады" деп мәлімдеді.
Бахмут шайқасында көбіне мобилизация кезінде әскерге алынған, дайындық деңгейі төмен жауынгерлер мен "Вагнер" компаниясының үгіттеуімен жазасын жеңілдету үшін соғысқа баруға келіскен тұтқындар қырылып қалды.
Батыс шенеуніктерінің мәліметінше, "Вагнер" тобына 50 мың тұтқын қосылған. Олардың түгелге жуығы Бахмут шайқасына жіберілген.
"Бұл – Бахмутты алудың соңғы мүмкіндігі. Олар шағын аумақта болса да жеңіске жетуге тырысады" дейді Украина шығыс әскерінің баспасөз хатшысы, полковник Сергей Череватый.
"Вагнер" тобының басшысы Евгений Пригожин Бахмутты жаулап алғанын кемі екі рет айтқан. Ол Украина күштерінің көзін жоюға уәде берген.
"Вагнер" жекеменшік әскери тобының жетекшісі Евгений Пригожин Ресейдің сыртқы істер министрлігімен жұрт алдында тақасып отырғаны белгілі. Соғыс кезінде саяси танымалдығы артқан ол Бахмутты қорғаныс министрлігіне қарсы шоқпар ретінде пайдаланғысы келетіндей.
Украина мен Батыс шенеуніктері Бахмутқа шабуылдап жатқан "Вагнер" әскерінің құрамы өзгеріп, топ қатары кәсіби дайындықтан өткен, тәжірибелі жауынгерлермен толыға бастағанын айтады.
Кейінгі апталарда Пригожин "Вагнер" тобына арналған оқ-дәрі қоры азайып бара жатқанын айтып шағынған. Бұрынырақта Пригожиннің жақтастары Шойгу мен Ресей қарулы күштері бас штабының басшысы, генерал Валерий Герасимовқа қарсы шыққан.
"Орыстар Бахмутты алса, қираған қалаға ие болады. Қаланың стратегиялық маңызы төмен. Онда оккупациялық күштерге көмек болатын инфрақұрылым қалған жоқ. Ресейдің Бахмутты жаулап алуға сонша күш жұмсағаны олардың соғыс стратегиясы нашар екенін көрсетеді" деп жазды сарапшы Мик Райан.
ПІКІРЛЕР